Балалар арасында халықаралық турнир өтті
Балалар жылына орай, биыл балалар мен жасөспірімдерге қатысты шаралар өткізу жұмыстары қолға алына бастады.
Осыған байланысты жуырда Алматы қаласында «Вельц мемориалы» халықаралық турнирі өткен болатын.
Негізінен, «Вельц Мемориалы» турнирі 1991 жылдан бастап, Қазақстандағы теннис спортының негізін қалаушы Августин Августинович Вельцтің құрметіне өткізіліп келеді. Августин Вельц туралы айтар болсақ, ол КСРО кезінде теннис арқылы Қазақстанды әлемге танытқан әйгілі спортшы. Ол спортшы ретінде КСРО халқының Бүкілодақтық спартакиадасында Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, кеңестік теннисшілердің арасында ең дарынды ойыншылардың бірі болған. Бүкілодақтың кәсіподақтар орталық кеңесінің 1936 ж және Спартак Ерікті спорт қоғамының 1940 жылдардағы чемпионы, сондай-ақ КСРО-дағы ең мықты он теннисшілерінің алды болды. Августин Вельцті еске алу кешіне орай, жылда жасөспірімдер арасында халықаралық турнирлер өткізіліп тұрады. Ендігі бұл дәстүр балалар жылына орай, кеңейтілген түрде өткізіліп, жарысқа еліміздің әр өңірінен 12 жасқа дейінгі теннисшілер қатысты. Финал жасөспірімдер арасындағы жекелей жарыс, жұптық санаттағы және қыздар арасындағы жекпе-жек түрінде өткізілді.
Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Теннис федерациясының атқарушы директоры Диас Досқараев Балалар жылында бұл жарыстың өтуі өте маңызды екенін айтады. Сондай-ақ ол: «осындай жарыстар арқылы кішкентай балалар бір-бірімен кездесіп, тәжірибе жинайды. Және сол нәтиже арқылы басқа елдерге, халықаралық турнирлерге шығуына үлкен мүмкіндік ала алады. Сол себепті балаларды тек балалар жылында ғана емес, әр жылда қолдауымыз керек. Осы бастан үлкен шыңдарды бағындыруға жол ашуымыз қажет», – дейді.
Жасөспірімдер арасындағы жекелей жарыстың финалында астаналық теннис мектебінің өкілі Аңсар Ниетқалиев пен алматылық Роберт Каминский жарысып, нәтижесінде, Роберт 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Үшінші орынды Георгий Брегвадзе қанжығасына байлады.
Қыздар арасындағы жекпе-жек финалына келсек, үшінші орынға Алматы қаласынан Әмина Нұрмахан мен София Кирова кездесіп, нәтижесінде, Әмина 6:1, 3:6, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, қола жүлдегері болды.
Ал жұптық санаттағы алтын жүлдеге Ділжан Арман мен Хақназар Жеткербай кездесіп, Каминский/Брегвадзе мен Ақтөбенің намысын қорғады. Дәл осындай жұптық сайыста қыздар арасында Әмина Нұрмахан мен Алиса Корлева жұбына қарсы София Кирова, Линара Булешова жұбы тартысқа түсіп, Линара, София жұбы 2:6, 6:1, 10:8 есебімен жеңіске жетті. Дәл осындай сайыста үшінші орынға тартысқа түскен Ева Панченко мен Әдемі Әлсейпұлова ұтып, қола жүлдегерлері атанды. Сайыс соңында жеңімпаздарға құрмет грамоталарымен қоса бағалы сыйлықтар табыс етілді.