Балалар арасындағы өнертапқыштарды қолдау маңызды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашағы жарқын болуы үшін келешек ұрпаққа осы бастан жіті көңіл бөлу керек екенін айтқан болатын-ды.
Осы орайда, жастарға, әсіресе кішкентай бүлдіршіндерге барынша жағдай жасау қажеттігін ескерте отырып, биылғы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады.
Шындығында, келешек ұрпақтың көзі ашық, болашаққа деген үміті зор болуы үшін қазір жасалынды деп жар салып жүрген тірліктердің барлығы аз. Бірақ аз деп қана отырмай, келешек ұрпаққа ата-анадан бастап, тұтас мемлекетіміздің жағдай жасауы маңызды. Ең бірінші, мемлекеттің қолдауы қажет, себебі елімізде оң-солын танып үлгермесе де, болмашы заттан ойыншық құрастыра алатын дарынды балалардың саны күн санап көбейіп келеді. Ал осындай дарынды балаларға елімізде қандай қолдау жасалынып жатыр дегенге келсек, Қазақстанның арнайы білім беретін мектептерінде робототехника кабинеттерінің үш мыңға жуығы ашылды. Оның ішінде, балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында барлық кабинеттер арнайы көрнекі құралдар мен компьютерлік қондырғылармен жабдықталған. Сондай-ақ оқушыларға робототехника қосымша пән ретінде енгізілді. Ал мұғалімдері робототехника бойынша арнайы пәнді игерді. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова: «Робототехника – арнайы конструкторлардың көмегімен белгілі бір пішіндегі робот жасау. Осы орайда, әрбір оқушы тек дәрісті тыңдап қана қоймайды, тәжірибе жүзінде конструктарлармен танысып, өз бетінше роботты құрастыра алады. Ал мұғалімдер балаларды механиканың негіздерімен таныстыра отырып, олардың практикалық дағдыларын дамытып, қызығушылықтарын оятады. Сондай-ақ балалар робототехника арқылы физика, математика, ақпараттық технологиялар саласындағы білімін жетілдіре алады», – дейді.
Жалпы, қазір жас өнертапқыштарға арналған үйірмелер аса қажет. Себебі қазіргі балалардың қиялы тым ұшқыр. Осы ұшқыр қиялды балалардың білімін арттыру жолында робототехникаға қатысты әртүрлі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы орайда, елімізде робототехникаға атсалысып, жаңалық ашып жүрген бүлдіршіндеріміз өте көп. Атап өтсек №10 мектеп-интернатының түлегі Хакім Садуақас «Ламабатэл» атты медициналық аппарат ойлап тапқан болатын. Мобильді аппарат магнит терапиясы, лазер терапиясы бойынша биологиялық белсенді нүктелерді табатын электромассаж ретінде 4 түрлі қызмет атқарады. Осындай біздің балалардың жеткен жетістігін мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын Семей қаласында 7-сынып оқушысы Хегай Виктор есімді оқушы зағип жандарға көмектесетін робот ойлап тапқан болатын-ды. Роботтың сенсорлы батырмасы қандай да бір кедергі кезіккенде, иесіне белгілі дыбыс береді. Шағын ғана құрылғыны сырт не болмаса, бас киімге тағуға болады.
Міне, жарқын болашақтың кепілі. Дәл осындай ғылымның түр-түрін ашып жатқан балалар елімізде өте көп. Алайда осындай дарынды балаларды тек балалар жылында ғана қолдап қана қоймай, әрдайым қолдау маңызын жоймауы тиіс. Әйтпегенде, енді ғана жанып келе жатқан, ғылымға құштар жастарымызды жоғалтып алуымыз ғажап емес.