Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:22, 24 Қараша 2018

Балалар қазба жұмыстарына қатысады

    Алдағы жылдан бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері бірнеше ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Соның бірі – балаларға арналған «Археолог» лагерінің ашылуы. Жоба аясында балалар Сығанақ және Жанкент қалаларының қазба жұмыстарына қатысады.     «Біздің даламызда кезінде қаншама оқиғалар болды. Адамзаттың атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, «Алтын адам», түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы секілді ұғымдар – біздің санамызға сіңген дүниелер. Сондай-ақ Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны екенін бүкіл әлем біледі. Ендігі кезекте тарихи сананы жаңғырта отырып, архив мәселесіне назар аударып, ұлы дала мұраларын ұлықтауға көңіл бөлетін боламыз»,  – дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Асхат Сайлау. Оның айтуынша, түркі халықтарының дамуында Сыр өңірінің маңызы айрықша. Дария бойында түркі және қазақ ұғымында өз орны бар Қорқыт ата кешені, Жанкент, Шірік Рабат, Сығанақ көне қалалары орналасқан. Сондай-ақ халқымыз өміріндегі көптеген тұғырлы тұлғалар да осы өңірде дүниеге келіп, әлемге әйгілі болды. «Біз бірнеше жоба ұсындық. Егер олар қаржыландырылса, келер жылдан бастап жүзеге асырамыз. Сонымен қатар балаларға арналған арнайы археологиялық лагерь ашуды ұсынып отырмыз. Оқушылардан құралған топ 20 күн ішінде ортағасырлық көне Сығанақ және Жанкент қалаларының қазба жұмыстарына қатыстырылады. Сондай-ақ лагерьде ғалымдармен кездесулер, қасиетті нысандарға экспедициялар мен экскурсиялар ұйымдастырылады», – дейді Асхат Сайлау.      Бір айта кетерлігі, «Қазақстанның қасиетті нысандары» жобасы аясында облыстық мұражай «Қызылорда облысының киелі жерлеріне саяхат» жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде 400 бала ортағасырлық көне қалалар мен сәулет ескерткіштеріне саяхат жасап, қасиетті жерлерді аралады.
Тегтер: