Балалар спектаклі. Жаңа кәстөм киген ескі ертегі
Адамның көз қуанышы бала екені – әуелден белгілі. Дегенмен «ең жақсысын баламызға берейік» деп ұрандатып жүріп, көп ештеңе бере алмай жатқанымыз да өкінішті-ақ. Әсіресе қазіргі қазақ театрындағы балаларға арналған контентті көре қалсаң, еріксіз ойланасың.
Себебі де жоқ емес. Қазіргі балалар спектакльдерінің көркемдік табиғатына үңілсең, ең әуелі репертуар мәселесі алға шыға келеді. Елдегі театрлардың басым көпшілігі жыл сайын 1-2 ғана премьера ұсынады, онысы – «мерекелік» қойылымдар ғана. Бұл жерде сапа туралы айтудың өзі артық. Бірінің сапасы сын көтермейді, енді бірін бала түгілі, көріп отырған ересектің іші пысып кетеді. Бүгін «Жас Алаш» осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға театртанушылар Амангелді Мұқан, Анар Еркебай және Тәңірберген Ембергенов қатысты.
Ж.А: Қазір театр репертуарларына көз салсаң, балаларға арналған спектакльдердің кемшін екенін көресің. Жоқ дей алмаспыз, бірақ санаулы спектакльді әдетте қайталап қоя береді. Себеп не? Кадр тапшылығының салдары ма әлде драматургия жоқ па?
А.М: Қазіргі театр репертуарында балаларға арналған спектакльдер шынында тым аз. Өзіңіз айтқандай, мүлде жоқ дей алмаспыз. Бар. Осыдан біраз уақыт бұрын елдегі театрлардың тұтас саны шықты. Қазір елде 74 театр бар екен. Соның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған театрлар саны саусақпен санарлық қана, төрт-бесеу болар. Оның ішінде Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы театр мен Наталия Сац атындағы театры, Теміртауда балалар мен жасөспірімдерге арналған театрларды атасақ болады. Осы төрт-бес театр ғана, қалған театрлардың бәрі дерлік ересектерге арналған театрлар. Қалған театрлар әдетте балаларға арнап қойылым қоярда тоқтап қалатыны бар әлде жаттанды, әбден жауыр болған шығармаларды қоя салады. Бұл мәселе туралы кезінде біраз айтылған еді, шешімін әлі таппай келе жатыр.
А.Е: Себеп біреу емес. Бірнеше фактордың тоғысуы. Ең әуелі, бізде балалар театры әлі күнге дейін толыққанды дербес бағыт ретінде қабылданбай отыр. Қандай театрға барсаңыз да, балаларға арналған репертуар «қосымша», «маусымдық» дүние сияқты қарастырылады. Ал, шын мәнінде, балалар аудиториясы ересектердікінен екі есе күрделі. Темпі жылдам, образы айқын, педагогикалық және психологиялық дәлдік қажет.
Екінші мәселе, балаларға арналған драматургияның тапшылығы. Қазіргі бала цифрлық дәуірдің баласы, қазіргі тілмен айтқанда – «зет» және «альфа» ұрпағы. Оған тілі заманауи, проблематикасы өз өмірімен үндес, эмоциялық интеллектіні қозғайтын жаңа мәтіндер қажет. Оның назарын ескі сюжеттермен, баяу диалогпен ұстап тұру қиын. Соған қарамастан, көптеген театр репертуарында әлі күнге дейін ХХ ғасыр ортасындағы пьесалар немесе классикалық ертегілер айналып соға береді. Екіншіден, режиссурадағы ізденіс шектеулі. Көп қойылымдар дәстүрлі формада жасалады: әдемі кәстөм, музыка, қарапайым сюжет, соңында міндетті түрде өнеге-өсиет айтылады. Бірақ бүгінгі балалардың визуалды мәдениеті жоғары, мұндайдан тез жалығып кетеді. Сондықтан балалар театры ең батыл эксперименттер жасалатын алаңға айналуы тиіс. Үшіншіден, тақырыптық диапазон тар. Қазіргі балалар әлемі тек ертегі мен жануарлардан тұрмайды. Олардың өмірінде буллинг те бар, цифрлық қауіп те бар, достық, жалғыздық, өз-өзін табу, ғылым, экология секілді нақты мәселелер бар. Театр осындай шынайы дүниелерді қозғай бастағанда ғана бала көрермен оны «өзінің кеңістігі» ретінде қабылдайды. Төртінші және маңызды фактор – қаржыландыру. Балалар спектаклі табысы көп бағыт емес. Билет бағасы төмен болғандықтан, театрлар жаңа материалды тәуекелге етіп қоюға бармай, «қауіпсіз» классиканы қайта-қайта сахналауға бейім. Осыдан балалар спектаклін қою үшін үкімет те қаржыны аз мөлшерде бөледі. Сонымен бірге оң үрдістерді жоққа шығаруға болмайды. Соңғы жылдары жас режиссерлердің жаңа формаларға баруы, интерактив пен пластикалық шешімдерді қолдануы қуантады. Қазақ ертегілерін заманауи тілмен ұсыну талпынысы да бар. Бірақ бұл үрдістер әлі жеке-жеке арал сияқты, біртұтас бағытқа айналып үлгермеді.
Т.Е: Қазіргі заманның баласы – көз алдымызда ерекше қарқынмен өсіп келе жатқан жаңа буын. Олар телефонның көк экранына сыйған әлеммен тілдесіп, графикалық кейіпкерлермен қатар жүріп, секунд сайын жаңарып отыратын ақпарат тасқынында өмір сүріп жатыр. Осындай кезде саф өнер саналатын театрдың балаларға ұсынар контенті бұрынғыдан әлдеқайда күрделі, әлдеқайда жауапты бола түсері сөзсіз. Өкінішке қарай, театр сахнасындағы балалар контенті әлі күнге дейін толық жаңарып болған жоқ. Көп жағдайда кішкентай көрермен таныс ертегілердің жаңа кәстөм киген нұсқасын ғана көреді. Сол баяғы сюжет, сол бір кейіпкер. Ал бүгінгі баланың қабылдауы басқа. Ол сахнадан тек ертегі емес, өз өміріне ұқсас сезім, заманауи әуен, жүрегіне жақын тіл күтеді.
Бүгінгі күні еліміздегі әрбір театрдың репертуарын ашып қарасаң, балаларға арналған қойылымдардың аз екені жанды қынжылтады. Баланың қиялына қанат бітіретін, ойын ұштап, тәрбиелейтін қойылымдардың сапасы мен сәні арагідік қоғамды толғандыратыны да рас. Дегенмен де, іздеген сұраққа жауап табу театрлар үшін қиын соғып жататын жайттар да кездеседі. Көп өнер ошақтары балаларға арналған спектакльдерді «жеңіл жанр» деп қабылдайды. Алайда ең күрделі бағыт саналатын театрдың осы бір түрі баяу дамып жатыр. Баланың назарын ұстап тұру бір ғана әдемі кәстөммен немесе жарқын декорациямен шешілетін шаруа емес. Кішкентай көрермен актерден шынайылықты, режиссерден нәзік талғамды, драматургтен педагогикалық сезімталдықты талап етеді. Осы күрделілікке дайын мамандар аз болғандықтан, театрлар да балалар репертуарына батыл кірісе бермейді деген ойға келеміз.
Ж.А: Қазіргі қазақ театрындағы балалар контенті туралы не айтасыз? Көңіліңіз тола ма?
А.М: Театрдың ертеңгі көрермені – бүгінгі бала. Өкінішке қарай, қазақ театрларының бір кемшін тұсы қазір осы боп тұр. Мұның шешілуі қиын боп көрінгенмен, негізгі түйткіл соңында театр басшылығына кеп тіреледі. Жоғары жақтан құжат, тапсырма түскенде ғана іске кіріседі. Ал өздігінен «дамымай жатыр», «әрекет етейік» деу жоқтың қасы. Сондықтан билік міндеттеп, театрларға нақты тапсырмалар беруі тиіс. «Жылына балаларға арнап бір емес, бірнеше спектакль қойылу керек» деген нақты тапсырма беріліп, іс жолға қойылса, жас драматургтер жұмыс тауып, балаларға арнап пьеса жазар еді. Сонда театрлар да мақсатты түрде балаларға арнап контент жасауды үйренеді. Мұндай міндетті тапсырмаларсыз мәселе шешімін таба алмасы анық. Мұнда жоғары жақтың көзқарасы көп өзгеріске ықпал ете алады. Жоғары жақтың көзқарасына құлақ асатын театрлар сол кезде әрекет ете бастайды. Сонда ғана нәтиже пайда болады. Бізде мықты драматургия да, кадр мен мамандар да бар.
Жыл сайын тәуелсіздік күні қарсаңында балаларға арналған драматургияға бағытталған «Тәуелсіздік толғауы» сайысы өтетін. Осыдан он бес жыл бұрын қатарынан екі-үш мәрте болып, кейін министрлік тарапынан бұл мәселеге мүлде назар аударылмай кетті. Есесіне, Ақтөбе қаласындағы Тахауи Ахтанов атындағы қазақ драма театры үш жыл қатарынан балалар мен жасөспірімдерге арналған драматургия бойынша сайыс ұйымдастырып жүр. Эксперттік құрамында мен бармын, сайыстың беталысына көңіл толады. Сайыс қос бағытта ұйымдастырылады. Бірі – қазақ фольклорындағы мұраларды балаларға арнап инсценировка жасау. Екіншісі – мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спектакльдер жазу. Биыл үшінші жыл ұйымдастырылды, жақсы туындылар, пьесалар түсті. Драматургтер бағытын түсініп келе жатқаны қуантады. Енді бұл бастаманы республикалық деңгейде қолдап, драматургтерді ынталандыратын гонорар ұсыну керек. Мәселен, бірінші орынға 350 мың теңге қаржылай көлемінде сыйақы ұсынады, алайда бұл қаржылай сыйақы – драматургтерге қазір тиын ғана.
А.Е: Толыққанды қанағаттандырады деп айта алмаймын. Контент үзік-үзік. Бірақ өте жақсы мысалдар бар. Мәселен, соңғы жылдары балаларға арналған ең мықты, ең заманауи спектакльдердің біразы шетелден шақырылған режиссерлердің қолынан шықты.
Павлодардағы Ж.Аймауытов театрында Сергей Левицкий қойған «Джудит жасаған қиын таңдау» – соның бір дәлелі. Бұл қойылымда ата-анамен бала арасындағы эмоционалды алшақтық, ересектердің өз уайымына батып, баланың жалғыз қалуы өте нәзік психологиялық тілмен ашылады. Мұндай деңгей бізде сирек кездеседі. Қостанай қуыршақ театрындағы грузин режиссері Нико Сабашвили қойған «Мен» спектаклі баланың кішкентайынан ата-ананың қатаң бақылауында өсуінің салдарынан туатын комплекстерді, ол комплекстердің буллингке айналуын көрсететін батыл психологизмге негізделген жұмыс. Ал Алматы мемлекеттік қуыршақ театрындағы Георгий Лайконың «Ортеке» спектаклі – ұлттық дәстүрлерді заманауи визуалмен, интерактив арқылы көрсетудің озық үлгісі. Баланы құр тыңдатпай, тікелей қатыстыру үлкен артықшылық. Сонымен қатар еліміздің танымал балалар және қуыршақ театрының режиссері Антон Зайцев жетекшілік ететін Total Theatre секілді тәуелсіз платформаларда жас көрерменге арналған жаңа формалар, физикалық театр мен заттық театрдың элементтері табысты қолданылып жүр. Сондықтан, иә, жақсы мысалдар бар. Бірақ олар жүйелі түрде емес, жекелеген бастамалар түрінде ғана.
Т.Е: Қазіргі балалардың талабына, тілдік деңгейіне, өмірлік тәжірибесіне сай жаңа пьесалар жоқтың қасы. Репертуарға мән беріп қарасақ, балалар қойылымдары не кеңестік кезеңнен қалған классика, не шетелдік ертегілердің инсценировкалары. Ал қазіргі баланың сезімі, сұрағы, әлемді көру тәсілі мүлде басқа. Осы өзгерістерді театрлар әлі толық игеріп үлгерген жоқ па деген ой туады. Заман талабына сай пайымдасақ, қазіргі балаларды ертегі қызықтырмайды. Сол үшін де жаңа форма, жаңа тіл, жаңа серпін қажет. Соңғы бесжылдықта Ә.Байбол, А.Аламан, Қ.Ежембек, Қ.Мұрат сынды драматургтер балаларға арнап қалам тербеп келеді. Пьесалары Мемлекеттік Қуыршақ театрынан бастап, академиялық, облыстық театрларда сахналанған болатын. Десе де, бұл көрсеткіш өте аз. Сол үшін де классикалық ертегілерге тәуелділіктен арыла алмай жүрміз. Жаңа драматургияның жетіспеуі балалар контентінің басты проблемасы болып тұр. Цифрлық қауіпсіздік, буллинг, эмоцияны басқару, экология, жалғыздық пен достық, отбасыдағы коммуникация, баланың ішкі әлемі секілді тақырыптар көтерілетін тұста, көп театрлар орман мен жануарлар әлемінен әрі аса қоймады. Назарды балаларға емес, жасөспірімдерге бұрған театрлар көрерменді бала күнінен бастап дайындау барысын естен шығарып алатындай. Шынайылықтан гөрі әлеуметтік желі үшін қойылатын қойылымдар легі де репертуарлық саясаттың құрбаны болып бара жатыр. Театрдың экономикалық жағдайы да балалар спектаклінің аз қойылуына ықпал жасайды. Драматургтердің авторлық қаламақысын төлеуден театрлар қашады. Осындай жағдайлар да заманауи драматургияның дамуына кері әсерін тигізеді.
Ж.А: Сіздің ойыңызша, жылына қанша премьера балаларға арнап қойылуы тиіс? Шетел тәжірибесінде бұл мәселені қалай шешіп отыр?
А.М: Кем дегенде екі, артып жатса төрт спектакль жүйелі қойылуы керек. Бұған мемлекет нақты қаражат бөлгені абзал. Шетелде әр жастағы көрерменнің өз театры бар. Мәселен, қуыршақ театрын 3 жасқа дейінгі балалар, 3 жастан 6 жасқа дейін, мектеп жасынан 12 жасқа дейінгі балаларға арнап бөлек спектакльдер әзірлейді. Әр топтың өзіне контент даярлайтын арнайы жекелеген театрлар мен мамандар бар. Ал біз балалардың бәрін жиып алдық та, бар жауапкершілікті қуыршақ театрына итере салдық. Ересектерге арналған театрлар Наурыз не Жаңа жыл мерекелерінде балаларға арналған «міндеттелген» мерекелік қойылым қояды. 20 желтоқсан сахналанған ертегі 1 ай бойы, қаңтардың 15-іне дейін репертуарда тапжылмай тұрады. Ең қызығы, үлкен қаражатты да осы мерекелік спектакльдерден табады.
А.Е: Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, әр мемлекеттік театр жылына кемі екі ірі форматта (мюзикл, музыкалық ертегі, драмалық қойылым), шағын формада (қуыршақ, пластикалық спектакль, беби-театр, заттық театр) қойылған жаңа балалар премьерасын ұсынуы тиіс. Қазақстандағы 80-ге жуық театрды есептесек, жылына кемінде 200-ден астам премьера шығады. Соның 15-20 пайызы ғана балаларға арналған. Бір қарағанда, бұл сан аз емес сияқты. Оның үстіне бұл көрсеткішке қуыршақ театрларының премьералары да кіріп отыр. Бірақ мәселе тек сандық көрсеткіште емес, сапада. Яғни, біз «қанша қойылым бар?» деген сұраққа жауап табамыз, бірақ «олар кімге арналған?», «қандай мәселе көтереді?», «заманауи баланың тілінде сөйлей ме?» деген ең негізгі сұрақтар ашық күйінде қалып отыр.
Ұлыбританияда National Theatre for Children атты арнайы бағдарлама бар. Жыл сайын балаларға арналған жаңа пьесаларға грант бөлінеді, таңдаулы жұмыстарды театрлар автоматты түрде қабылдайды. Польшада балалар мен жасөспірімдер театрларының жеке желісі бар. Әрбір қуыршақ театры жылына 3-4 премьера шығарады. Мұнда балалар театры мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Оңтүстік Кореяда балалар драматургтері үшін арнайы резиденциялар бар. Авторлар педагогтармен бірге жұмыс істейді. Бізге де осындай жүйелі модельдер қажет.
Т.Е: Шетелдік тәжірибені алып қарайтын болсақ, Германия театрларында балаларға арналған қойылымдарға мемлекет арнайы грант бөледі. Сол арқылы арнайы оқыған актерлер мен режиссер шақырылады, бүлдіршіннің психологиясына бейімделген пьеса жазылады. Ал спектакльдер көрнекілік жағынан идеялық-эмоциялық тереңдікке көңіл бөледі. Сол секілді басқа елдерде де балалар театрына айрықша көңіл бөледі. Фестивальдер ұйымдастырады. Нақтырақ айтқанда, кәсіби мамандар жұмыс жасайды дей аламыз. Дегенмен де біздің елде де үміт жоқ емес. Кейбір театрлар жаңа формаларды батыл іздеп жатыр. Баланың назарын ұстай алатын, оның жас ерекшелігіне табиғи жақындайтын тәсілдерді, атап айтсақ, көлеңке театры, интерактив, иммерсив, мультимедиялық қойылымдар, қуыршақ пен актердің синтезі сынды бағыттар дамып келеді. Балалар ең әділ көрермен. Өтірікті сезіп, жасандылықты қабылдамай, шынайылықты дереу таниды. Сондықтан да балаларға арналған спектакльдер театрдың шын мәніндегі кәсіби деңгейін көрсететін өлшем. Егер театр баланың жүрегіне жол таба алса, ересек көрерменге де айтар сөзі бар деген сөз.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ