Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:50, 01 Сәуір 2022

Балалар жылында балалардан ұят болды-ау

None
None

Елімізде әрбір алтыншы бала кедейлікте өмір сүреді екен. Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғалымдары осындай қорытындыға келіп отыр.

Және бір атап өтер жайт, кедейлер санатына жататын отбасылардың тоқсан пайызы көпбалалы отбасылар екен. Еліміздегі көпбалалы аналарға жағдай жасай алмай отырғанымыздың бір дәлелі осы болса керек. Көпбалалы аналарымыз неге жиі митингіге шығатынының да сырын осыдан іздесек болатындай. Бала болашағымыз екенін біле тұра болашағымызға осылай қиянат жасап отырмыз.

Осы орайда айта кетер жайт елімізде бір балаға берілетін жәрдемақы 11 жарым мыңнан сәл асады екен. Ал азық-түлік бағасы күн сайын өсіп жатыр. Қайта төрт баладан бастап көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындалған. Ал үш балаға дейінгі үйдің баласын үкімет есепке де алмай отыр. Үш бала бала емес, төрт баладан асса ғана бала санап еліміздегі балалардың өзін алалап отырған елімізде балалар толық үкіметтің қамқорлығын сезініп отыр деп айта аламыз ба?!

          Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын.

Алайда жылдың үш айы өтіп кетсе де елімізде балаларға арналып ауыз толтырып айтарлықтай шаралар жүзеге асып жатқан жоқ. Сонда балаларды балалар жылында жарылқамағанда қашан жарылқаймыз?! Көксеп отырғанымыз «жалаң ұран мен мерекелік шаралар» емес! Нақты «балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытындағы шаралар» қайда?! Жыл басталмай жатып балалар қаңғыған оқтың құрбаны болды. Осы ма қорғағанымыз?

Басталғанына бір жыл болмай жатып, қаржы жетіспеушілігіне байланысты Алматы облысында балаларды бұқаралық спорт және шығармашылық үйірмелермен қамту жобасы тоқтап қалды. Дерек бойынша, былтыр облыста тек мәдениет үйірмелеріне 1млрд 540 млн теңге қаражат бөлініп, 48 516 бала қамтылған екен. Ал биыл бұл шараға 2 млрд 400 млн теңге бөлініпті. Алайда қаржы көбейсе де, жетпей қалып жоба тоқтап тұр. Биылғы 1 ақпанға дейін 231 жеке кәсіпкер шығармашылық үйірмелердің 58 бағыты бойынша 1892 үйірме ашып, 54 210 баланы оқытып келген екен. Яғни, бір жарым ай аралығында 1 млрд теңгеден астам қаржы игерілген. Кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев жобаның ақшасы жемқорлық салдарынан талан-таражға түскенін мәлімдеп, сондықтан биыл басталмай жатып жобаның тоқтағанын мәлімдеді. Осылайша отыз жылда бірінші рет балалардың игілігі үшін ашылған жоба жемқорлардың кесірінен тоқтатылды. Қарап отырсақ жәрдемақының өзі балаларды алалап төленіп отырған елімізде бұл барлық балаға бағытталған жалғыз жоба екен. Оның өзін басталмай жатып тоқтаттық. Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақ осы жобаны мақтан етіп, «Бұл шешім спорт секциялары мен аула клубтарының дамуына тың серпін берді. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жарияладым. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен қоғам күш біріктіруі қажет. Қолға алынған осы іс-әрекеттер балаларымыздың денсаулығын нығайтуға, оларды рухани, адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуге септігін тигізеріне сенімдімін, – деген болатын. Ал бүгінгі күні аталмыш жоба да жоқ, балаларды қолдауға арналған басқа қандай да бір нақты шаралар да жоқ.

Соңғы кездері елімізде науқас балалардың санының да артқаны байқалады. Әлеуметтік желіні ашсаң да, көшеде еріктілер де түрлі шаралармен дертті баланың емі үшін қаржы жинауда. Өйткені тумай жатып ауру арқалаған балалардың көбісінің еміне мемлекет тарапынан тегін медициналық көмектер қарастырылмаған. Амал жоқ ата аналар шетел асып баласын емдету үшін халықтан көмек сұрауға мәжбүр.

          Осы орайда атап өте кетсек, AERC ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев. «Өкінішке қарай, Қазақстанда көпбалалы отбасылардың шамамен 13 пайызында бір ғана ата-ана бар. Яғни, көпбалалы отбасылардың жалпы санының 13 пайызы толық емес. Тек бір ата-анамен өмір сүреді. Не әке, не ана. Негізінен, әрине, бұл аналар», – дейді.

Сондай ақ көпбалалы отбасылар басқалармен салыстырғанда орташа деңгейден алты жарым килограмм етті аз тұтынса, көкөністі – 22 пайызға аз жейді екен. Ашқұрсақ балалар мен оның аналарының обалы кімге? Балалар жылында балаларды жарылқай алмасақ, мемлекеттігіміз қайсы? 

Тегтер: