«Балалар жылының» шапағатын балалардан бұрын жемқорлар көретін секілді...
Биылғы жылды «Балалар жылы» атағанымызбен жылдың екінші айы өтсе де бала игілігі үшін ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.
Ал елімізде әрбір оныншы бала тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленіп жатыр. Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева «Қазіргі таңда 1 миллион 145 мың отбасы өте қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. 12 мың бала есепте тұрған отбасыларда тәрбиеленуде. Әлеуметтік проблемалардың шешілмеуі салдарынан балалардың құқықтары жиі бұзылып, зорлық-зомбылыққа тап болады, жетімдер үйіне түседі. Тек өткен жылдың өзінде күніне орташа есеппен балаларға қатысты 6 қылмыс жасалған», – дейді. Ендеше балаларды бақытты балалық шақ, тойып ішер аспен қамтамасыз ете алмағанымыз аздай, балалар жылын да көзбояушылықпен, құр есеппен шығарып салмасақ болғаны...
Бұлай түңілуіміздің де себебі жоқ емес. Мәселен мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған балаларды бұқаралық спорт және шығармашылық үйірмелермен қамту ісі басталмай жатып тоқтауда. Дәл қазір Алматы облысында қаржы жетіспеушілігіне байланысты жоба тоқтап тұр. Дерек бойынша былтыр облыста тек мәдениет үйірмелеріне 1 млрд 540 млн теңге қаражат бөлініп, 48 516 бала қамтылған екен. Ал биыл бұл шараға 2 млрд 400 млн теңге бөлініпті. Алайда биылғы 1 ақпанға дейін 231 жеке кәсіпкер шығармашылық үйірмелердің 58 бағыты бойынша 1892 үйірме ашып, 54 210 баланы оқытқан. Яғни, бір жарым ай аралығында 1 млрд теңгеден астам қаржы игеріліп, қаржының түбі көрініп те үлгерген. Балалар үйірмелерге қатысуды бастамай жатып қаржымыз таусылып жатыр. Осылайша жақсы басталған жоба орта жолдан тоқтап тұр. Балаларды алдағанымыз бір бұл емес...
Барлық бала тегін ұша алмайды...
1 қаңтардан бастап Қазақстанда балалардың ұшақта ұшуына орай енгізілген жаңа ережелер жұртшылықты бір қуантқан болатын. Алайда жақында биыл тек 20 000 бала тегін демалыс рейсін пайдалана алатыны белгілі болды. Kids go free жобасының шарттарына сайбарлық балаға тегін ұшақта ұшу билеті берілмейді. Тек 2 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға туристік агенттік арқылы туристік пакет сатып алған жағдайда ғана тегін болмақ. Туристік пакетке жатар орын, тамақтану, экскурсиясы кіру керек. Ал туристік агенттікке соманы мемлекет өтейді. «Бұл жоба ең бірінші кезекте туризмді дамыту мақсатынды қолға алынды. Сондықтан тек туристік пакет алған жағдайда ғана балалар тегін ұша алады. Басқа жағдайда мүмкіндік жоқ», – деді KAZAKH TOURISM ҰК басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов. Демек туристік пакет ойына кіріп те шықпайтын, алайда денсаулық жағдайына орай, жедел ұшуы керек, шын мұқтаж балаларға бұл жеңілдік қарастырылмаған. Жалпы бұл жобаға 358 000 миллион теңге бөлінген. Есеп бойынша бұл тек 20 мың қазақстандық балалардың шығынын өтей алады. Ал біздің елде балалар саны 2 миллионға жуық. Осылайша талай ата-ана қомпылдап қалғанымен, жеме-жемге келгенде мұқтаждардың қолы жете бермес дүние екені белгілі болып отыр.
Мектептегі тегін тамақ та бар балаға бұйырмаған
Елімізде балалардың мектепте тегін тамақпен қамтамасыз етіліп жатқаны айтылады. Бірақ шын мәнінде мектептерде көпбалалы отбасындағы балаларының өзі тегін тамақтана алмай жүр. Ата анасының жалақысының белгілі бір мөлшерден болмашы асып кетуінің өзі, баласын тамақтан айырып отыр. Осы орайда төрт баланың анасы Амангүл Хамидолла: Баламның апайы: «Арнұр, сен көпбалалы отбасынансың. Ата-анаң құжат өткізсін, тегін тамақ беріледі» – депті. Оны естіп келген Арекең құлақты жеді. Құжат өткізіңізші деп. Мемлекет беріп тұрса, өткізсем өткізейін деп, апайы берген сала-құлаш құжатты жинап өткіздік. Артынша «сіздерге берілмейтін болды. Жалақыларыңыз көп» – деп апайы қоңырау шалды. Шынымды айтайын, дым қиналған жоқпыз. Күлдік те қойдық. Балам өтінішін жерге тастамайын деген ниетпен өткізгенбіз. Құжаттардың өтпей, тегін тамақ ішу бақыты бұйырмағанына Арнұр қатты ренжіді. «Түууу, ыстық тамақ ішер едім ғой мен де» деп. Негізі өтпейтінін алдын ала білген де едік. Өйткені оның алдында сол құжатты балабақшаға тапсырғанда да, жеңілдікке ілікпедік. «Екі балаға балабақша төлемақысын төлеуге 100% мүмкіндігіңіз бар» деген болатын. Сонда «көпбалалы» деген статустың еш жерде жеңілдігі болмаса, не қажеті бар? Сыныбында оқитын көпбалалы отбасының балаларымен бірге тегін тамақ ішуге Арнұр ғана бармайды. Балаларды алалап тұрған үкіметке не дерсің?!» дейді.
Осылайша балаларымыз да, көпбалалы отбасылары да мемлекеттің балаға деген қамқорлығын сезіне алмауда. Ең болмаса «Балалар жылында» балаларды алаламай, мемлекет шын қамқорлық көрсете алмағаны ма?!