Балаларды баудай қиған ашаршылық

ХХ ғасырдың басы тамыры тереңге жайылған ұлт тарихының ақтаңдақ беттерінде саяси өзгерістер мен нәубет жылдары арқылы жазылып қалғаны анық.
Ел тағдырына қатысты мәселенің қай бөлігі болмасын кез келген заманда өзектілігін жоймайды. Ұлттық мүддеге қатысты мәселелердің барлығы осыдан туындайтыны анық. Бұл сөзімізге Патшалық Ресейдің отарлау саясаты салдарынан тұтанған ұлттың азаттығы жолындағы күрестер айқын дәлел бола алады.
Себебі дәл сол уақытта жат билік қазақ қоғамында көнеден қалыптасқан дәстүрлі мәдени құндылықтарды жоққа шығарып, қоғамның ішкі құрылымын қасақана әрі әділетсіз түрде өзгертуге күш салды. Отарлық заманда орын алған саясаттағы әділетсіздік елдің тұрмысын, ата-баба тәжірибесінің пайдасын құнсыздандыру мен кемсітуден де көрінді десек, оның арғы жағында үлкен саясаттың болғанын зерделеу қажет. Бүгінде отыз жылдан астам тәуелсіз елдің тұрғынына айналсақ та, нәубет жылдардың тарихына жете бойлай алмай жүргеніміз қынжылтады... Талай тақырып қозғалмай, ұлт басына орнаған ұлы апаттың шындығы әлі ашылмай келеді. Сондай тақырыптардың бірі де, бірегейі – ашаршылық жылдардың ақиқаты. Өзіміз білетіндей, XX ғасырдың басында ашаршылық қазақты үш рет айналып соқты. Халық басына түскен алғашқы ашаршылықтың уақыты шамамен 1917-1919 жылдардың аралығында болды. Кеңес Одағы құрылуының алды-артындағы соғыс пен малының талан-таражға түсуі – көшпелі халықтың аштыққа ұшырауына себеп болған.

Екіншісі – 1921-1922 жылдары, Кеңес Одағында болған құрғақшылықтан мал қырылып, қазақтар жиі қоныстанған облыстар тағы ашаршылыққа ұрынған кезі еді.
Бұл турасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «1922 жылғы «Қазақ календарына» жазған «Тәні саудың – жаны сау» атты мақаласынан: «Ауру адамның, аш адамның есі, ақылы орнында болмайды. «Мастық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» деген қазақта мақал бар. Өткен қыс аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті. Мұның бәрі аштық әсерінен адамның есі шығып, ақылы қалмайтындығын көрсетеді. Аштық ақылын алмаса, адам аң дәрежесіне жетіп, хайуандықтан да асып, бірін-бірі жер ме еді?», – деген үзіндісін келтіре аламыз.
Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша, 1921-1922 жылдардағы аштық кезiнде өлгендердің саны 1 млн 700 мың адам еді. Үшіншісі – 1932-1933 жылдардағы Кеңес өкіметінің қазақ ұлтын жойып жіберу мақсатында ұйымдастырған ашаршылығы. Одақ басшысы Сталин бастаған орталық билік Голощёкинді Қазақстанға басшылыққа жіберіп «кіші қазан» төңкерісін ұйымдастырды. Салықшылар халықтың қолындағы бар мал мен астықты тартып алды. 1929 жаздағы санақта тіркелген 40 млн-нан астам малдан 1933 жылы жазда 4 млн бас қалған. Жеуге тамақ қалмай, ауыр апатқа ұшырап, миллиондаған адам өлді және босып кетті. Үкімет босқан халыққа көмек берудің орнына қырылуына жол берді, тіпті емдеуге тыйым салды. ХХ ғасыр басында үш рет ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қазақ халқы 70-80% жоғалтқаны анық.
Десек те, Қазақстандағы ашаршылық жайлы ақпараттарды жалпылама атап өтіп жүргенімізбен, дәл осы жылдардағы балалардың тағдыры туралы ақпарат жоқтың қасы. Бала қандай ауыр кезде де бала болып қала беретіні анық. Дәл осы аштық жылдары балалар тағдырына қалай әсер еткені, жетімдер үйі мен үкіметтің қамқорлығына алынған балалардың болашағы ары қарай қалай өрбігені туралы жиі сөз қозғала бермейді. 20-30 жылдардағы жүздеген мың бала ашаршылықтың құрбанына айналды. Балалардың мүрдесі далада көмусіз қалып, ит-құсқа жем болуы – сол кездің ең ауыр қасіретіне айналды. Осының салдарынан қаншама отбасының отыны тұтанбай қалды. Бір өкініштісі, өмірге келіп, оның қызығын көрмей, аштықтан қырылған балалар жайында үкімет ұзақ жылдар ауызға алмады, керісінше, жасырып қалуға тырысқаны бар.

Дәл осы тақырыпта біз бүгін тарих ғылымының докторы Светлана Смағұловамен сұхбат құрған едік.
«Ашаршылық халықтың басына түскен үлкен қасірет. Осы зұлматтан бүтін отбасылары қырылып қалды немесе өзге өңірлерге, Кеңестер Одағының республикаларына, шекараға жақын аймақтағылар шет мемлекеттерге босып кетті. Аштықтың ащы дәмін татпаған отбасы кемде-кем десек те болады. Аштық жас, кәрі деген жоқ. Балалардың өлімі алдыңғы орында тұрды. Бұл жайында архив құжаттары мен естеліктерден білуге болады. Ашыққан кейбір ата-аналар балаларынан бас тартты, сатып жіберді, тірідей өзенге лақтырды. Бұл шарасыздықтан туған жәйт. Тіпті бала етімен қоректенгендердің болғандығын архив деректері де растайды.
Босып, қаңғып кеткен балалар ауыл-ауылдарды аралап, тіске басар талғажау іздеді. Қаншамасы жолда жантәсілім етті. Олардың саны белгісіз. Аштық жайлаған алғашқы жылы үкімет бірден жәрдем беруге шарасыз болды. Мәселен, 1921-1922 жылдары болған аштыққа шетелдік ұйымдар қол созып, азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек жіберіп, жәрдемдесті. Кеңестер Одағындағы бұл жылдардағы аштықты дүниежүзінің көп елдері білді. Ал 1931-1933 жылдардағы аштық барысын сыртқа шығаруға үкімет тыйым салды. Аштық жайында бірде-бір мәліметті сол жылдары шыққан баспасөз беттерінен таппайсыз. Жазуға, айтуға мүлдем болмады. Тек құпия түрде ғана ашыққандар, өлгендер, жұқпалы аурудан қырылғандар туралы әр облыстардағы ОГПУ өкілдерінің мәлімдемелері, қорытындыларында ғана айтылды. Бұл мәліметтер ұзақ уақыттар ғалымдарға қолжетімсіз болды. Бізде 30 жылдардағы аштыққа байланысты интернет желісінде беріліп, баспасөз беттерінде жиі басылып жүрген фотолар 1921-1922 жылдары түсірілген. 30-шы жылдары фотоға түсіруге де тыйым салынған», – дейді тарихшы.
Балалардың жаппай қырылуы демографиямызға үлкен әсерін тигізді. Ашаршылық жылдарына дейінгі және кейінгі халық саны жөнінде қайшылықты деректер жиі ұшырасады. Бұл турасында
Светлана Әдепқызы: «ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы «6 млн халықпыз» деген еді. Сол алты миллион халықтың өсуіне елде болған ашаршылықтар ғана емес, түрлі жағдайлар да тікелей кері әсер етті. 1921-1922 жылдарда болған нәубет тұсында аштықтан қырылғаны, босып кеткенін есептесек, саны миллион жарымға жетеді. Түрлі ғылыми зерттеулерге сүйенсек, Қазақстан 1931-1933 жылдардағы аштықтан екі миллионнан астам адамынан айырылған. Бұл сан нақты емес, себебі қазіргі кезде жүргізіліп жатқан зерттеулер бойынша аштықтан өлгендердің санының артуы мүмкін. 1926 жылғы санаққа сүйенсек, Қазақстанда 6 198 467 адам тіркелген екен. Оның ішінде 3 627 612-і қазақтар болған. Есептей беріңіз, Ахмет Байтұрсынұлы айтқан 6 миллионнан 1916-1918, 1921-1922 жылдардағы аштықтан қазақтардың есебі 2 570855-ке кеміген. Әрине, бұл нақты сан емес. Сол 1926 жылдағы санақ есебінен кейін халықтың саны өсу керек еді. Бірақ үкіметтің жүргізген түрлі саяси науқандарының тұсында, әсіресе тәркілеу кезінде, ұжымдастыру барысындағы асыра сілтеуден қашып, шетел асқандардың санын алып тастасақ, сол алты миллионнан сәл асқан. Демограф ғалымдардың есебінше, 30-жылдардағы аштық тұсында Қазақстанда 6,2 миллион ғана халық болған.

Академик Манаш Қозыбаевтың зерттеуінше, 1930 жылы Қазақстандағы халық саны 317,4 мың адам болса, аштық қатты жайлаған 1932 жылы олардың саны 769,1 мың адамға кеміген. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық қасіреті біріншіден, Қазақстанның демографиялық өсуіне үлкен зиянын тигізді. Аштықтан қырылғандардың саны есепсіз болды. Осы күнге дейін нақты аштықтан, жұқпалы аурулардан қырылғандардың санын нақтылай алмай отырмыз. Себебі ғалымдар зерттеу барысында түрлі пікірлер айтады. Сондықтан бұл мәселені жіті зерттеу аса маңызды.
Екіншіден, облыс халқының Батыс Сібірге, Батыс Қытайға қарай, Қазақстанның басқа ішкі облыстарына қарай босуынан халықтың саны кеміді. Өйткені аштық азабынан өзге елдерге кеткендердің басымы қайтып оралмай, сол барған жерлерінде тұрақтап қалды. Аштық жылдары қазақ жерінен босып барып Өзбекстан, Қарақалпақстан, Сібірден және Москва, Воронеж, Куйбышев, Саратов сияқты қалаларға орныққан қазақтардың 1934 жылдары кері туған жерлеріне қайтып оралу аз да болса халықтың санын толықтырды. Кеңестер Одағы 1937 жылы халық санағын жүргізген. Алайда бұл санақ сол кездегі қуғын-сүргін басталуына байланысты аяқсыз қалды. 1939 жылы халық санағы қайта жүргізіліп, Қазақстан халқының жалпы саны 6 530 528 адам болғандығы анықталды. Қарап отырсақ, үкіметтің жүргізген саяси науқандары, үш бірдей аштық пен қуғын-сүргін сияқты зұлматтар демографиялық өсімге кедергі болғанын байқамау мүмкін емес.
Ал ашыққандардың арасындағы балалар жайында нақты мәлімет айту қиын. Бұл арнайы зерттеуді қажет етеді. Себебі сол кездерде аштықтан қырылып қалған, босып кеткен ауылдарды жасырып қалу фактілері жиі кездесіп отырған. Іс жүзінде жоқ ауылдар, тек қағаз жүзінде ғана болған. Көп жағдайда облыс, аудандарға жіберілген мәліметтерде қазақ отбасыларында өлген балалар жөнінде нақты мәлімет келтіруден қорыққан. Сондықтан азайтып көрсетуге тырысқан. Қазіргі табылып жатқан жаңа деректер алдағы уақыттарда әр облыстарда қанша баланың аштық құрбаны болғандығын ашып беретіндігі сөзсіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Президент архивінде «Аштық kz» деген арнайы сайт ашылып, аштық құрбандарының тізімі жасалына бастаған болатын. Бұл жерде 1931-1933 жылдар аралығындағы қайтыс болғандардың аты-жөні енгізілген. Осы жұмысты қайтадан жандандырып, кең масштабта жүргізген абзал», – деп пікір білдірді.

Ашаршылық кезіндегі балалар тағдыры жөнінде сөз қозғаған кезде ескере кететін тағы бір жайт – реэвакуацияға ұшыраған балалардың саны мен тағдыры. Елдің қалалық аймақтарына босқындармен қатар қараусыз балалардың көптеп ағыла бастауы және сол балалардың балалар үйіне орналастырылып, үкіметтің қарамағына алынғанын бүгінгі күні архивтік деректер дәлелдеп отыр. Ашыққан, босқан балалардың тұрмысын жақсартуда Қазақ ағарту халкомы арқылы губерниялық халық ағарту бөлімі балалар үйі мен бақшаларын жаппай, керісінше, балаларды уақытша жайғастыра тұратын орындар, жалға балалар үйін ашып, үй-күйі жоқ балаларды қабылдау, оларды тіркеу арқылы тамақтандыруды қолға алды. Бұл оқиғалар жөнінде тарихшы:
«1921-1922 жылдары Аштыққа төтенше көмек комиссиясының (Компомгол) құрамына балалар комиссиясының бір өкілі енгізіліп, ол губерниялардағы ашығып, қаңғып кеткен балаларды балалар үйіне орналастыру, әлсіреп жүре алмай қалғандарға дәрігерлік көмек көрсету, балалар үйіне жеткілікті мөлшерде азық-түлік бөлгізуді қадағалап отырды. 1921 жылы Қазақстан губернияларында 328 балалар үйі болып, онда 17 092 бала, 95 балабақшасында 4459 бала тәрбиеленді. 1922 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сүйенсек, республикадағы балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны бірнеше есе өскен. Республика бойынша 502 балалар үйі болып, онда 26 193 бала, 62 балабақшасында 2978 бала, 16 балаларды уақытша жайғастыра тұратын орындарда 4171 бала тәрбиеленді. Ата-аналарынан айырылып жетім қалған, асыраушысы жоқ балалардың көбеюі қосымша балалар үйлерін, жетімханаларды ашуды талап етті. Міне, осындай жетім балалар үйі барлық губернияларда болған. Алайда босқан, қаңғыған балалардың бәрін орналастыру мүмкін болмаған. Уездерде, болыстықтарда ашылған балалар үйінде, балаларды тамақтандыратын пункттерде азық-түлік жетіспеді. Кейбір балалар үйі ашылмай жатып, қайта жабылды. Ашылғандардың өздері азық-түліктің жоқтығынан жоспарланған мөлшерде балаларды қабылдай алмады. Оның үстіне сол мекеменің қызметкерлеріне тұрақты жалақы төленбегендіктен, өз жұмыстарына салғырттықпен қарай бастады. Тура осындай жағдай 1931-1933 жылдары да қайталанды. Панасыз қалған балаларды қамқорлыққа алуда үкімет әр облыста балалар үйін ұйымдастыра бастады. Қарағанды облысында – 18 балалар үйі ұйымдастырылып, оған 1617 бала орналастырылды. Батыс Қазақстанда 837 бала ашылған 10 балалар үйіне орналастырылды. Алматы облысында 2200 баланы қамтыған 12 балалар үйі ұйымдастырылып, оған 60 мың рубль бөлінген. Оңтүстік Қазақстан облысында 50 балаға арналған бір қабылдау үйі ашылды. 122 теңгенің азық-түлігі берілді. Ақтөбе облысында 330 балаға арналған 2 балалар үйі ашылды. Шығыс Қазақстан облысында 4850 баланы қамтыған 37 балалар ұйымдастырылған екен. 1933 жылдан бастап ашыққандарға көмек көрсету барысы шамалап жақсара түсті. Кезбе, ашыққан балалар балалар үйі мен балалар коммунасына орналастырылып, оларға бар жағдай жасалына бастады. Балаларға берілетін тамақтың мөлшері көбейді. Оларға ет, кеспе, жарма, кәмпит және т.б. азық беріле бастады. Дегенмен балалар коммунасында балалардың тамағын ұрлау фактісі де тіркелді. Сонымен қатар асханадағы антисанитарлық жағдай да анықталған. 30-жылдары аштық басталған кезде балалар үйінің жағдайы ауыр болған. Балалар үйі дұрыс жабдықталмағандықтан, әрі тойып тамақ ішпегендіктен, тамақтың құнарсыз болуы мен киімнің жоқтығынан жұқпалы ауру жиілеп, өлім көбейген. Қыстың күні өлген балаларды жерлеуге де мүмкіндік болмай, сарайларға жинап қойған. Мұндай фактілерді архив құжаттарынан көре аласыз», – деп, жантүршігерлік ақпаратпен бөлісті.
«2014 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты республика облыстарын аралап, осы ашаршылық, қуғын-сүргін, елде жүргізілген саяси науқандарды көрген көнекөз қариялардан арнайы сұхбат алып, жазба түрінде естеліктерін жинаған еді. Сол куәгерлерінің басымы аштық жылдары балалар үйінде тәрбиеленіп, тірі қалғандар екен. Барлығының да айтатыны – жұқпалы аурудан балалар үйіндегі әлсіз, жүре алмай қалған балалар қырылып, арнайы өлік жинаушылар келгенше тау болып үйіліп қалған. Аштықтың куәгері болған менің әкем де Семей облысы Көкпекті ауданының Большевик балалар үйінде тәрбиеленіп, осындай сұмдық жағдайды көзімен көргендігін, өзінің тірі қалуына туыс болып келетін ағайындарының алып кетуі себепші болғандығын айтып отыратын. Бір үзім нанның қадірін сол кезде қатты түсіндік дейтін. Аштық қасіреті ұзақ жылдар солардың санасында қалып қойды. Бірақ кеңес өкіметі тұсында ауыз толтырып, біреулерге айтуға үрейленді, қорықты», – дейді Светлана Әдепқызы.

Дәл осы оқиғаға ұқсас сұхбатымыздың тағы бір кейіпкері Семей облысының Шүғылбай ауылында дүниеге келген Рәзия Смайылова. Рәзия апа да тарихшының әкесі секілді аштықтың жантүршігерлік оқиғаларына куәгер болған адамдардың бірі. 1928 жылы дүниеге келген Рәзия Смайылқызы аштық жылдары бар болғаны 4-5 жасар балдырған болған. Кейуана: «Бала болған соң бұл мәселеге қанық емеспін. Әйтеуір, екі апайымның аштықтан өлгені әлі есімде. Тіпті сүйегі қайда қалғанын да білмедік. Бізді, мені, ағамды, әпкемді детдомға апарып тастады. Онда тіпті қиын екен. Арық-тұрақ, өзі аш балаларды бит жеп өлтіргенін көзім көрді. Панасыздар үйінде де шикі быламық жеп, күндіз-түні өліп жатқан балаларда есеп болмады. Өлгендерін детдом жанындағы ойпаңдау жерге үш күрек бел қазып, бір шұңқырға көме салатын. Ересектеу балалар мен сол жердің тұрғындары детдомның 4-5 күшігін ұрлап, сойып жеген кездері де болған. Тіпті кейде базарлап жүрген адамның итінің, есегінің қарнына пышақ тығып, құлағанда, 20-25 адамдай топ кәдімгі қара қарғалар құсап жабылып, тиген жерін кесіп алып жататын. Ашаршылық сол кездегі талай баланың ең тәтті кезеңін ұрлады, балалығынан айырды. Мен жетімдер үйінде жүріп, өз әпкем мен ағамнан көз жазып қалдым. Содан бері табаны күректей тоқсан жыл өтсе де, ашаршылықтың азабын ұмыта алар емеспін», – деп еске алады.
Ашаршылық жылдары – қазақ даласындағы ең қасіретті де сұрапыл кезеңдердің бірі. Дәл осы жылдары көптеген болашағынан зор үміт күттірген жастарымыз тағдырдың аяусыз шеңгеліне түсіп, аштықтың зардабынан көз жұмды. Ең сорақысы – талай жазықсыз сәби аштықтың тауқыметін тартып, талай бала мен жасөспірім қырғынға ұшырады. Аман қалғанының өзі әке мен шешеден көз жазып, жетімдер үйіне тапсырылды. Аты өшкір ашаршылық балаллардың балалық шағының ұмытылмас күндерін осылайша ойран-топыр етті.
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ