Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:25

Балалардың цифрлық қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?

хакер
Фото: ашық дереккөз

Бүгінгі күні балалардың қауіпсіздігі мен құқығы жайлы сөз қозғағанда, олардың цифрлық ортадағы қауіпсіздік жағдайы да ескерілуі тиіс маңызды факторға айналды.

Себебі әлеуметтік желілер, сайттар мен түрлі платформалар күн өткен сайын өмірімізге дендеп еніп, ажырамастай болып бара жатыр. Ал бұл баланың психикалық денсаулығына, құқықтарына, дамуы мен болашағына тікелей әсер ететін жайт. Мұндай кезеңде балалардың қауіпсіздігін қалай сақтауға болады? – деген сұрақ бүкіл әлем елдерін алаңдататын маңызды мәселеге айналып, түрлі шаралар қабылданып, тәжірибелер іске асып жатыр. 

Көптеген мемлекеттер балаларды онлайн ортада қорғау үшін қатаң шараларға баруда. Мәселен, Австралия 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты шектеулерді күшейту бастамасын көтерді. Бұл қадам кибербуллингтің, цифрлық тәуелділіктің және психологиялық қысымның алдын алуға бағытталып отыр. Еуропа елдерінде де жасқа байланысты верификация, ата-аналар үшін бақылау тетіктері мен алгоритмдік ашықтық талаптары енгізіліп жатыр. Яғни, әлем цифрлық кеңістікті толық еркіндік аймағы ретінде емес, жауапкершілік пен бақылауды қажет ететін орта ретінде қарастыра бастады.

Қазақстан үшін бұл мәселенің өзектілігі ерекше. Ресми деректерге сәйкес, елімізде шамамен 6,9 миллион бала бар. Бұл халықтың 34 пайызы. Соңғы он жылда балалар саны 1,5 миллионға артқан. Демек, әрбір үшінші қазақстандық – бала. Мұндай демографиялық жағдайда цифрлық қауіпсіздік тек әлеуметтік емес, стратегиялық маңызы бар мәселе деген сөз. Осыған байланысты биыл 27 қаңтардан бастап 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді. Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген бұл тұжырымдамада балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алу құқығы, денсаулық сақтау, отбасы мен әлеуметтік қорғау салаларын сияқты төрт басым бағыт қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, бұған дейін әр салада жеке-жеке жүзеге асырылып келген бағдарламаларды ортақ жүйеге біріктірген алғашқы стратегиялық құжат деген сөз.

Айта кетерлігі, тұжырымдамада цифрлық қауіпсіздікке де ерекше мән берілген. Осы тұста балалардың қауіпсіздігін бақылау, қатер анықталған жағдайда жауапты қызметтерге хабар беріп, қажетті шараларды қабылдау үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу көзделіп отыр. Бұл балаларды кибербуллинг, онлайн алаяқтық, психологиялық қысым және тәуелділік сияқты келеңсіз жағдайдан қорғауға көмектеседі.

Интернет кеңістігінде цифрлық гигиенаны сақтау, түрлі зиянды контенттер мен кибер қауіптерден бойын аулақ салуы үшін баланың цифрлық тұрғыда сауатты болуы маңызды. Бұл істе баланы қадағалайтын ата-аналар мен педагогтердің де біліктілігін арттыру қарастырылып отыр.

Дегенмен сарапшылардың пікірінше, мәселені тек техникалық сүзгілер немесе шектеу құралдары арқылы шешу жеткіліксіз. Тиімді қорғаныс жүйесі заңдық жауапкершілік нормаларын, онлайн платформалардың міндеттемелерін және ата-аналық бақылау тетіктерін қатар қамтуы тиіс. Яғни, құқықтық, технологиялық және тәрбиелік компоненттер өзара үйлесімді жұмыс істеген жағдайда ғана нәтиже болады. Қазір заңнамалық тұрғыда балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау мәселесі кенделеу қалып отырғаны жасырын емес. Осыған байланысты заңнамаға цифрлық қауіптердің алдын алатын жүйелі шаралар қажет екендігі де ескерілді.

Халықаралық ұйымдардың зерттеулеріне сәйкес әлемде әр үшінші жасөспірім кемінде бір рет кибербуллингге немесе қысымға ұшыраған. Оның салдары ретінде күйзеліс, мазасыздық, өзіне деген сенімнің төмендеуі және академиялық үлгерімнің нашарлауы байқалған. Бұдан бөлек, баланың жеке деректердің қауіпсіздігі, фейк ақпарат пен алгоритмның ықпалы, жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін контентке ұшырасу қаупі тұрғысынан сыни ойлау дағдылары толық қалыптаспаған жасөсріпімдер үшін цифрлық ортада психологиялық тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін. Бұл факторлар цифрлық қауіпсіздікті тек техникалық емес, әлеуметтік-психологиялық мәселе ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді.

Цифрлық кеңістік – болашақтың маңызды инфрақұрылымы екені даусыз. Бүгінгі балалар осы ортада білім алып, қарым-қатынас жасап, дүниетанымын қалыптастырады. Ал цифрлық кеңістікте қауіпсіз орта қалыптастыру – ұзақ мерзімді міндет. Қорғалған әрі цифрлық сауаты жоғары бала болашақта ақпараттық қоғамның жауапты мүшесіне айналады. Ал бұл өз кезегінде елдің тұрақты дамуы мен әлеуметтік қауіпсіздігіне ықпал етеді. Сондықтан қауіпсіздік саналы әрі жауапты цифрлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

Қосқанат Бауыржан