Балаларды неге сынаққа саламыз?
Біздің балалар мектепке білім алу үшін емес, сынақ алаңына баратын секілді. Күрмеуі қиын, түсінуі азап, күрделі бағдарламалардан көргендері аздай, енді сақылдаған сары аязда бейкүнә балғындардың шымырлығы сыналып жатыр.
Қарағанды облысында өткен аптадан бері тон илеп, шекпен тігер аяз орнады. Сол баяғы, айлығы шайлығына жетпей отырған бұқараның баласы бүрсең қағып жүр. Өңменінен өтетін қара суықтан сапасы сын көтермейтін Қытай күртешесінен демде өте шығады. Ал қазіргі мектеп оқушыларының 90 пайызға жуығы осы Қытай киімін пана тұтуда.
– Қазіргі Қытай киімінде жылу болушы ма еді? Балам пуховигім суық, аялдамада тұрғанда қатты тоңып қаламын деп келеді. Аяқ киімі де, сол елдікі. Сапалысын әперуге ақшам жоқ. Әкесінің көлігі болса, суыққа шалдырмай мектепке апарып, алып келетін еді. Оның үстіне, аяз да қақырап тұр. Кеш қарая автобустар сирек жүреді. Бәрінен бұрын, балаларға қиын болып тұр. Сабаққа жібермейін десең, бағдарламадан қалып қояды. Ең болмаса, аяз басылғанша онлайнға көшірмей ме? Қаршадай балаларға жаны ашымайтын жауаптылардан қандай қайырым күтуге болады? – деп ашынды қарағандылық Айман есімді ана.
–Қызым №102 мектеп-гимназияның 7-сыныбында оқиды. Өткен аптада сыныптары қатты суып кетіп, сыртқы киіммен отырып сабақ оқыды. Мектептен келген соң, тамағы ауырып, ыстығы көтерілді. Мектеп әкімшілігіне ескертейік десем: «Үндеме, ертең маған өшігеді, тыныш жүр!» деп зәрезап болды. Амалсыз, мүсәпірдің кейпіне орандым. Тілімді тістегенмен, қызымның денсаулығы үшін қатты уайым шегіп жүрмін, – деп қынжылды Сара атты келіншек (кейіпкеріміз есімін жасыруды сұрады).
Шағымданушы ата-ананың өтінішіне орай, бізге облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Айнұр Әбдиева мәселені шешу үшін мектепке облыстық білім басқармасының мамандары жіберілгенін жеткізді.
Осы орайда, көкейде мынадай заңды сауал туындайды: азынаған бөлмеде 6-7 сағат оқу оқитын балалар проблемаларын айтуға неге именеді? Оларды осындай күйге түсуге кім итермелеп отыр? Ұрпағымызды бұқпа мінезге мәжбүрлесек, төңірегіміздегі көз алартушылардан күні ертең отанымызды кім қорғамақ?
Қош, делік. Домбыққан демекші, бейсенбі күні Абай қаласында сабақтан қайтқан оқушының бетін үсік шалды. Қыз бала аялдамада қоғамдық көлікті ұзақ күткен. Ал сол күні қалада 21 градус суықты болған. Абай аудандық білім бөлімдегілер бастауыш сыныптың сабағы ауа райы 25 градусқа төмендегенде тоқтатылатынын мәлімдеді.
Өңірде қыстың алғашқы айы келісімен аймақтық және республикалық маңыздағы көлік жолдары екі мәрте жабылып, қайта ашылды. Синоптиктер алдағы жетіде күн райы аяздың беті қайтпайтынын ескертуде. Бүгін таңғы сағат 9-да облыс орталығында сынап бағанасы 29 градусты көрсетті. Мектептер бұрынғыша режимде жұмыс істеді. Облыстық білім басқармасындағылар бастауыш сыныптарға ауа райы 25, жоғары сыныптағылар үшін аяз 30 градусқа төмендеп, желдің екпіні қоса үдеген сәтте ғана балалар сабаққа бармайтынын хабарлады.
Солай-ақ, болсын! Сонда, үсіген шәкірт пен қалтыраған жеткіншектердің обалын кімге артып, кімнен сұраймыз? Мектеп пен ата-ана және бала ортасына дәнекер болуға тиіс жер-жердегі ата-аналар комитеті неге осы мәселені көтермейді? Бұдан былай, баланың қауіпсіздігі мен денсаулығын сынап, бағанасына салып екшесек, ертеңгі күні дәріханадан дәрі таппай егілмесімізге кім кепіл? Мұны өз аймағының климаттық ерекшелігіне қанық білім басқармасындағылар мен әкімдер тоқайласып, неге дербес шешім қабылдамайды, яки қауқарсыз ба? Әлде, балалардың көксау болуын күтіп отыр ма?