Балалардың «Футбол тойы» жылда өтетін болды
Күні кеше елордада «Балалар жылына» орай 2007-2008 жылғы жасөспірімдер командалары арасында футболдан «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогы» республикалық турнирі басталды.
Турнирдің ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына бағынысты мекемелердің бірқатар басшылары қатысты. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының басшысы Бағдат Болатұлы сөз алып, турнирді салтанатты түрде ашты.«Мемлекет басшысы өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттілігін айта келе, осы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Президентіміз бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды бұқаралық спортқа тарту, баулу үшін бастады. Бүгін міне, жасөспірімдер арасында өтіп жатқан іс-шара соның бір бөлігі десем де болады. Біздің болашағымыз – жастар, алдымызда тұрған өздеріңіз. Өмірлік тәжірибеме сүйене отырып айтарым, байрақты додаларда оза шауып, асықтарың алшысынан түссе де тасымаған жөн. Қандай сайыс болмасын бағы мен бабы келіскен шын жүйрік үздік атанатыны анық. Сондықтан елдің кемел келешегі жігерлі де, қайратты өздеріңдей жастардың қолында дегім келеді. Бүгінгі ойында бабымен қатар бағы да шапқан мықтылар жеңу үшін турнирді ашық деп жариялаймын», – деді Бағдат Данияров.Қала әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, аталмыш додаға жергілікті жасөспірім командаларынан бөлек Көкшетау, Қостанай және Павлодар сынды қалалардан келген 6 команда өзара мықтыны анықтайды.
«Жасөспірімдер арасындағы Нұр-Сұлтан қаласының әкім кубогын балар жылына арнап ұйымдастырып отырмыз. Біздің мақсат – жастарымызды спортқа баулып, еліміздің атынан үлкен ареналарда өнер көрсетсе, біз үшін үлкен мәртебе. Турнир тек салауатты өмір салтын насихаттау ғана емес, командалар арасында достық қарым-қатынасты орнату. Ендігі жоспар осы турнирді келер жылы одан да жоғары деңгейде өткізу», – дейді қалалық футбол мектебінің басшысы Дінмұхамед Құрамаев.
Үш күнге созылатын республикалық турнирде 120-ға жуық жасөспірім әкім кубогы үшін бақ сынайды.