Балаларға арналған үйірмелер көбейіп келеді
Балалардың шығармашылығын дамыту қоғам үшін әркез маңызды. Сол себепті балаларды қазіргі заманға сай, жан-жақты тәрбиелеу бірінші –ата-ананың, екінші –мемлекеттің міндеті.
Осы орайда, биылғы жыл «Балалар жылы» деп жарияланған болатын-ды. Алайда қазір балалар жылына орай, қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осыған толық тоқталсақ.
Қазіргі балаларды көбіне, ұялы телефон мен ютуб арналары тәрбиелеп жатыр десек, өтірік емес. Себебі айналамызға қарасақ, бесіктен белі шықпай жатып, ұялы телефонға үңілген балаларды жиі байқаймыз. Бұл қоғам үшін де, баланың болашағы үшін де үлкен дертке айналған мәселе. Ал оның шешімін қалай табамыз десек, ең бірінші, баланың көңілін физикалық тұрғыда, не шығармашылық тұрғыда аулай білсек, бала да жақсы жағына өзгереді деген сөз. Әрі келешек қоғам үшін де пайдалы ұрпақ көбейері сөзсіз. Осы тұрғыда, мемлекет басшысы 2020 жылы жолдауында спорт және балалардың шығармашылық жетілдіру үшін үйірмелерді қайта ашу туралы тапсырма берген болатын-ды. Президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстан бойынша өңір-өңірлерде тегін үйірмелер ашылып, жасөспірімдер өздерінің ұнатқан үйірмелеріне ағыла бастады. Бұл барлығымыз үшін қуанышты хабар.
Ал еліміздегі балалар шығармашылығына орай, ашылып жатқан мектептерге келсек, биыл «Балалар әдебиеті»жылы аясында арнайы шаралар ұйымдастырылып, жеке мектептердің ашылып жатқандығын айта кеткеніміз жөн. Осы тұрғыда, балалар мен жасөспірімдер арасында оқу сауаттылығын арттыру, қазіргі заманғы қоғамда өзара іс-қимыл жасай білуді қалыптастыру, заманауи білімді тереңдету мақсатында елімізде бірнеше тегін үйірмелер мен мектептер ашыла бастады. Атап айтсақ, «Жас қаламгер» мектебі, «Достық», «Шабыт» сынды шығармашылық орталықтары жұмыстарын бастап кетті. Әсіресе NIET орталығы қазіргі заманға сәйкес, балалардың ой-өрісін дамытумен қатар, физикалық тұрғыда арнайы спорт түрлерімен жасөспірімдерді дайындап келеді. Бұл жөнінде Niet орталығы шахмат үйірмесінің жаттықтырушысы Гүлнұр Тұрарқызы үйірмеге балаларды тегін қабылдайтынын айтады.
«Үйірме ең бірінші 2021 жылдан бері жұмыс жасайды. Басында тек футболдан ғана ашылған болатын. Одан кейін би, сурет, мәнерлеп оқу үйірмелері қосылды. Ал шахмат үйірмесі былтырғы жылдың қараша айынан бері жұмыс істеп келеді. Үйірме мемлекеттің қолдауымен ашылғандықтан, тегін қызмет көрсетеді. Әрі орталықтың жұмыс жасау қарқыны да жақсы», – дейді Гүлнұр Тұрарқызы.
Балалар шығармашылығын дамыту қай кезеңде де маңызды. Сол себепті балалардың шығармашылығын дамыту тек биылғы «Балалар әдебиетін қолдау» жылындағы науқан болып қана қалмай, әрдайым жалғасын таба берсе дейміз.

