Балаларға базарлық
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп қабылдай отырып, балалар шығармашылығына, балалар ақындары мен жазушыларына ерекше қолдау керектігін баса айтқан еді.
Соған орай, былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен балаларға арналған бірнеше кітап та жарық көрді. Оның арасында балалар ақыны Саят Қамшыгердің де кітаптары жарық көрген болатын. Біз де балалар ақынының өлеңдерін газетіміздің кішкентай оқырмандарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Айти маманы
Дамысын деп қазағым,
Бұрам көптің назарын
Компьютерге сан түрлі,
Бағдарлама жазамын.
Мен ақылды баламын,
Таудай үлкен талабым.
Айти деген саланың
Мамандығын аламын.
Мұнайшы
Ұл-қыз жалғап тізбекті,
Мамандығын іздепті.
Қазірден-ақ таңдаймын,
Мұнайшылық қызметті.
Ойды алға бұрайын,
Дап-дайын боп тұрайын.
Күллі әлемге танытам,
Қазағымның мұнайын.
Дәрігер
Жастар менен кәрілер
Ауырғанда дәрі бер.
Жан мен тәнді емдейді,
Мейірімді дәрігер.
Көрсем ғажап күйге енем,
Қайтам жайнап үйге мен.
Денсаулықты күтуді,
Дәрігерден үйренем.
Машина жасаушы
Машиналар ұнаған,
Болар миллион, мың адам.
Бүкіл әлем сүйсінген,
Машиналар шығарам.
Болсын мәңгі азат күн,
Әрбір сәтім – ғажап күн.
Барлық елдер алса екен,
Машинасын қазақтың!
Ғалым
Ғылымда көп дарын бар,
Сөзге құлақ салыңдар.
Жаңалықты ғылымда,
Ашатын жан – ғалымдар.
Ғылым көгін шоламын,
Бір салаға қонамын.
Қорғаған соң докторлық,
Академик боламын!