Балаларға Instagram-да тікелей эфирге шығуға шектеу қойылды

Meta компаниясы 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға арналған жаңа шектеулер енгізіп жатыр. Бұл өзгерістер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған.
Енді Instagram әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығу (Instagram Live) функциясын тек ата-анасының рұқсатымен ғана қолдануға болады. Сонымен қатар, жекелей хабарламаларда интимдік сипаттағы суреттер бұлдырланып көрсетіледі.
Аталған өзгерістер Ұлыбританияда қабылданған интернет қауіпсіздігі туралы заңнан кейін енгізілді. 2025 жылдың наурыз айынан бастап барлық онлайн платформалар заңсыз контенттің таралуын болдырмау бойынша нақты шаралар қабылдауы тиіс. Мұндай контентке зорлық-зомбылық, алаяқтық және терроризм жатады.
Қазіргі таңда Instagram желісінде 54 миллионнан астам кәмелетке толмаған бала тіркелген.
Айта кетейік, өткен жылдың күзінде Қазақстанда сенаторлар TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұсыныс жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларының артуына байланысты көтерілді.