Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:25

Балаларға орын бар, бірақ тыныштық жоқ: «Бағанашыл» дауы жалғасты ма?

Бағанашыл
Фото: БАҚ

Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері «Бағанашыл» балалар үйін бір әкімшіліктен екіншісіне беруге қатысты жұмыстарды бастап кетті. 

Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, балалар бұрынғыдай Алматыдағы өз орталықтарында тұра береді және білім алуды осы қалада жалғастырады. Қазір әкімдіктер нысанды бір басқарудан екіншісіне өткізу жұмыстарымен айналысуда.

Беріліп болғаннан кейін мекемені толық қайта жаңарту жоспарланған. Реконструкция келесі жылы басталады. Оған дейін нысан техникалық сараптамадан өтеді, жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, сараптама мен мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіледі.

Қайта құру кезінде тәрбиеленушілер уақытша басқа, қауіпсіздік және санитарлық талаптарға сай келетін жерге көшіріледі. Олар бір-бірінен ажыратылмайды және Алматы мектептеріндегі оқуларын жалғастырады.

«Тәрбиеленушілерге заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында балалар үйінің ғимаратына кешенді қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр.

Техникалық зерттеу, жобалау-сметалық құжаттама дайындау, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, тиісті конкурстық рәсімдерден өткеннен кейін ғана жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде балаларды уақытша орналастыру мәселесі қауіпсіздік талаптары мен қажетті тұрмыс жағдайын ескеріле отырып шешіледі. Балалар бірінен бірі ажырап қалмайды

Балалар үшін қауіпсіздік пен лайықты жағдай жасау – Алматы әкімдігінің және Оқу-ағарту министрлігінің басты басымдығы. Бұл мәселе ерекше бақылауда тұр», - делінген әкімдік хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері, түлектері, демеушілер мен белсенділер мекеменің Қонаев қаласына көшуіне қарсы шығып, наразылықтарын білдірген болатын. 2024 жылдың 3 наурызында Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалатынын, ал Қонаев қаласындағы жаңа ғимарат интернатқа берілетінін мәлімдеген.

21 шілдеде балалардың бірі “ерікті көшіру” кезінде өзін жайсыз сезініп, оқиға қоғамдық резонанс тудырды. Президент Тоқаев араласқаннан кейін көшіру тоқтатылды. Дегенмен, оның алдында 40-тан астам бала Қонаевқа жеткізіліп үлгерген еді.