Балаларға тегін қойылым

Алматы қалалық Қазақ мемлекеттік циркі биылғы Балаларды қолдау жылында бүлдіршіндерге үлкен қуаныш сыйлады.
Яғни, цирк ұжымы балаларға Sunny show қойылымын ұсынды.
Цирк ұжымы тек балалар жылында ғана емес, жылда көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы бүлдіршіндерге қайырымдылық жасап келеді. Биыл да Алматы циркі алғашқы көрермендері ретінде көпбалалы отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі бала, балалар үйі мен интернат тәрбиеленушілеріне, аз қамтылған отбасы балаларына қайырымдылық ретінде тегін қойылым көрсетті. Қойылымға аталмыш топтан 1700 бала шақырылды.
Бұл туралы Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов пікірін білдірді. Оның айтуынша: «Біздің негізгі көрерменіміз – балалар. Балалар жылына орай 10 мыңға жуық балаға қайырымдылық ретінде тегін қойылымдар қойдық. Жыл соңына дейін әлі де қайырымдылық шараларын өткіземіз. Сондай-ақ әр қойылым қойған сайын 1700 баладан кем шақырмаймыз. Оның ішінде арнайы оңалту орталықтарының балалары да бар.
Одан бөлек, балалар жылында жас әртіс балаларды қолдап жатырмыз. Ең жас әртісіміз 13 жастағы Даяна Жетпісова. Ол бірнеше халықаралық фестивальдерден жеңіспен оралды. Оған мемлекет тарапынан костюмдер болсын, тағы басқа да көмектер көп болып жатыр», – дейді Мақсат Жайықов.
Ал цирк бағдарламасына тоқталсақ, Sunny show қойылымында халықаралық цирк өнерінің белгілі жұлдыздары өнер көрсетті. Атап айтсақ, ТМД-ның ең үздік клоуны, цирк өнерінің халықаралық фестивальдерінің лауреаты Артём Малков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дүниежүзілік каскадерлар академиясының «Таурус» сыйлығының иегері Жайдарбек Күнғоджиновтың жетекшілігімен «Номад» тобы өнер көрсетсе, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Құрманғали Досбатыровтың жетекшілігімен ең кішкентай Белдіктегі әуе гимнастары Марина Стародубова мен Даяна Жетпісова өнерлерін паш етті. Одан бөлек, «Азия жаңғырығы» ХІІІ халықаралық цирк өнері фестивалінің алтын жүлдегерлерін дайындаған Равиль Сейдгариевтердің жетекшілігімен «Даршылар» нөмірі мен цирк әртісі, дрессировщик Сергей Корогодовтар кішкентай көрермендерді өнерлерімен тәнті етті.
Құлаққағыс ретінде айта кетейік, Sunny show атты жаңа халықаралық қойылымы 8 қазан мен 13 қазан аралығында өтеді.