“Балаларымызды неге видеоға түсіреді?”: қорғаушы ата-ана наразылық көрсетті

Талдықорған қаласында орналасқан Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр.
Бұл жолғы тыңдалым айыпталушы тараптың наразылығымен басталды.
Олардың айтуынша, кейбір журналистер мен мобилографтар куәлер мен айыпталушылардың қарсылығына қарамастан, оларды бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған. Бұған байланысты қорғаушылар соттан БАҚ өкілдерін залдан шығарып, қатаң шара қолдануды сұрады. Бұл әрекеттердің айыпталушылардың психологиялық жай-күйіне кері әсер етіп жатқаны да айтылды.
Судья тараптардың уәжін тыңдап, сот процесіне қатысып отырған журналистер мен түсірілім тобына ескерту жасады. Ол сот отырысында түсірілім жүргізу заңмен реттелетінін еске салып, сот этикасы мен қатысушылардың құқықтарын сақтау қажеттігін атап өтті. Туындаған жағдайға байланысты сот үдерісі уақытша кідіріп, тараптар арасында қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Одан кейін Талғар қаласының тұрғыны Сәкен Әкежанов куәлік берді. Ол сот залында өзін фото және видеоға түсіруге қарсы екенін айтып, түсірілімнің тоқтатылуын талап етті.
Сотта берген жауабында Әкежанов қайғылы оқиға орын алған күні мылтыққа ұқсас қатты дыбыс естігенін және бір адамды бірнеше адамның жабылып соққыға жыққанын көргенін мәлімдеді. Алайда олардың кім екенін танымайтынын және бет-әлпеттерін ажырата алмағанын айтты.
Айыпталушы тараптың қорғаушылары тергеу кезінде куәгердің айтқан сөздеріне сілтеме жасап, оқиға орнында жәбірленушінің қолындағы затты белгісіз топ тартып алып, кейін сол затпен өзіне қарсы қолданғанын еске салды. Адвокаттар бұл заттың мылтық болуы мүмкін екенін нақтылау үшін сұрақ қойды. Алайда куәгер: "Білмеймін, нақты байқамадым", – деп жауап беріп, қарудың түрін немесе пішінін аңғармағанын жеткізді.
Қазір сот отырысы жалғасып жатыр.