Балаларымыз «тәжірибе алаңындағы көжек» болды-ау...
Білім саласына жасалған талай реформалар білім сапасын көтерудің орнына, саланы кері кетіргені жасырын емес.
Кеңес өкіметі тұсында салаға енгізілетін өзгерістер ғылыми-зерттеу институттарының нұсқаулары мен ұсыныстарына сүйене отырып жасалса, бүгінде «шетелдің мақтаулы жүйесі көрінеді», деген долбармен енгізілетін болған. Нәтижесінде, балаларымыз тәжірибе алаңындағы көжектің кейпін киюде.
Өткен аптада білім саласының мамандары еліміздегі оқушылардың жазғы демалысын екі айға қысқарту туралы бастама көтерді. Еліміздің оқу жүйесінде оқу жылы қысқа, ал демалыс ұзақ деп тапқан білім беру саласының мамандары «тым ұзақ демалған бала оқығанының төрттен бірін ұмытып қалады», дегенді алға тартуда. Binom School атқарушы директоры Арайлым Мағзұмова осыған байланысты пікірін ортаға салды. «Біздің еліміз оқу жылы – ең қысқа мемлекеттердің бірі. Қазір 34 апта. Ал жазғы демалыс, керісінше, ең ұзақ 130 күн. Салыстырмалы түрде алсақ, Израильде жазғы демалыс 84, Оңтүстік Кореяда 90, Жапонияда 102 күн. Зерттеулер бала ұзақ үзілістен кейін алған білімінің 25 пайызын ұмытып қалатынын көрсетті. Сондықтан елдегі оқу жылын 38 аптаға дейін ұзартуды ұсынамыз. Яғни сабақты 15 тамыздан 5 маусымға дейін созу керек. Немесе дәстүрлі түрде қыркүйекте бастап, 20 маусымда аяқтауға да болады», – дейді атқарушы директор.
Шыны керек, осы оқу жүйесімен-ақ елімізде талай бала білім алып, талай маман қалыптасқаны рас. Соңғы жылдары оқу жүйесінің де күрделеніп кеткені жиі айтылуда. Оның үстіне, оқушылардың жазғы демалысын да қысқартсақ не болмақ?!
Бұл өзгеріске ата-аналар қауымы да қарсылық танытуда. Бес баланың анасы Анар Қалиеваның айтуынша, балалар келер оқу жылына басын демалтып, күш жинауы қажет. Соңғы жылдары күрделенген оқу жүйесіндегі үй тапсырмасын орындауға көмектесейік десек, балалар тұрмақ, өзіміздің басымыз жетпей жатады. Қазір берілген 45 минутта оқу бағдарламасын түсінбей, қосымша сабақтарға жегіліп жүрген балалар да көп. Ал оларды одан әрі қинауды түсіне алмайды екем. Бала жазғы демалысында айналасын тануы керек. Сол кезде ғана ол дамиды. Атап өтер жайт, шетелдік білім жүйесінен алдық деп жатады. Ал сол шетеліңде кейбір күндері балаларға еркіндік беріліп, сабаққа ұйықтар алдындағы еркін киіммен келуі, сабақты табиғат аясында өткізіп, еркіндік берілуі секілді жағдайлар да қалыптасқанын неге ескермейміз. Яғни балаларды босаңсыта отырып, миына еркіндік беріп барып, білім енгізуге тырысады. Мұражайларға, экскурсияларға жиі барады. Танымын кеңейту үшін түрлі еркін тақырыптағы тапсырмалар беріледі.
«Бір туысымның баласы АҚШ-та оқиды. Сөмке орнына мектепке не ұстап келер едің деген тапсырма беріліп, ең еркін ойлы баланы марапаттау ұйымдастырылғанының куәсі болдым. Сонда мектепке оқулықтарын табаққа, азық-түлік салатын себетке, тіпті құстың ұясына салып, арқасына асып келген оқушыларды көріп таңғалдым. Мұның барлығы, баланың қиялына ұшқырлық беру үшін жасалып жатқан нәрселер. Ал бізде бұл жағынан біршама қатаңдық бар. Оқушыларымыздың АҚШ-тағыдай, «ерігуіне» уақыттары жоқ. Шетелдік тәжірибе дегенде, осындай жағын да есепке алса. Бала мектепті тек қинайтын жер деп қана еске алмауы керек» – дейді көпбалалы ана.
Ардагер ұстаздар қауымы да осы пікірде. ҚР білім беру ісінің үздігі Ғалия Қайдауылқызы да талай жылын бала тәрбиесіне арнаған ұстаз ретінде оқу жылын ұзартуға үзілді-кесілді қарсы.
Ұлағатты ұстаздың айтуынша, кез келген өзгерісті енгізер алдында баланың жағдайын есепке алу керек. Біздің оқушылардың таным-түсінігі 9 ай оқып, үш ай жазда демалғанға үйренген. Сондықтан жаңашылдықты оңай қабылдай қоюы екіталай. Екіншіден, бұған біздегі ауа-райы да қолайлы емес. Қазір біздің балаларымыз әлсіз. Кішкене бірдеңе болса ауырады. Сол себепті демалыс олардың өміріне қажет деп ойлаймын.
Бір жылдары 15 маусымға дейін созып жіберді осы оқу жылын. Ыстықта қара терге түсіп, балаға білім де қонған жоқ ол уақытта. Соның дұрыс емес екенін біліп, келесі жылы өздері алып тастады. Бала ағзасына бұл өзгеріс оңтайлы деп айта алмаймын. Жалпы, соңғы жылдары ерінбегеннің барлығы жаңа пән енгізу, оқу жүйесіне өзгеріс енгізуді талқылап кетті. Жаңа пән енді неге керек? Одан да білім беру сапасын арттыратын қадамдарға барайық. «Балалар жазғы демалысында оқығанын ұмытады дегенге де сенбеймін. Себебі жаңа оқу жылы өткенді қайталаудан басталады. Оқулықтардың басындағы сабақтар да соған ыңғайланған. Сондықтан онсыз да түрлі тәжірибелердің алаңына айналған мектепті қалыптасқан стандарттан ауытудың қажеті жоқ. Балалар түгілі, үлкендердің өзі ыстықта жұмыс істеуден қашып, демалысқа асығатынын неге ескермейміз?!» – дейді білім беру ісінің үздігі.
Расында да оқушыларымыздың денсаулығы нашарлағанын айтқан денсаулық сақтау саласының мамандары да жиі дабыл қағып жатады. Ең болмаса, балалар жылында олардың денсаулығына көңіл бөліп, денсаулығын жақсартуға неге назар аудармаймыз? Балалардың қолындағы барын алып қоюдан гөрі, қоғам тарапынан қамқорлық көрсетіп, Балалар жылында жарылқау жағын да ойлап қойған жөн-ау.
Екіге бөліне сала, жұмысты балалардың жазғы демалысын қысқартудан бастаған министрлік саладағы бұрыннан күрделенген мәселелерге назар аударса шіркін. Жалпы, ғылыми негізсіз кез келген дүниені білім саласына тықпалаудан абай болатын кез жетті...