Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:57, 28 Сәуір 2023

«Балаларымыздан тірідей айырылып жатырмыз!»

None
None

Соңғы кездері елімізде жасөспірімдерге қатысты жантүршігерлік оқиғалар көбейіп кетті.

Естіген жанның жағасын ұстатар оқиғаларды ұрпағымыз қай уақытта бойына жұқтырып алды екен деп ойлап үлгерместен, бірінен-бірі өткен сұмдық жағдайларға куә болып жатырмыз. Әйтсе де еліміздегі бала тәрбиесі мен құқығына қатысты жұмыс істейтін қаптаған орган әлі үнсіз.

Тек өткен аптада еліміздің бас мұғалімі үн қатты. Онда да болып жатқан сұмдық жайттардың алдын алатын нақты істерден гөрі, «министрлік қол қусырып отырған жоқ» дегендей, құр сөздермен ғана қоғамды алдарқатыпты. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «Құрметті ұстаздар мен ата-аналар! Кейінгі уақытта жасөспірімдер арасында жәбірлеу жағдайлары жиілеп отыр. Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында болған оқиғалар ешкімді бей-жай қалдырмағаны белгілі. Алматы облысындағы екі баланың өліміне себеп болған қайғылы оқиға жаныма қатты батып отыр» дегенімен, нақты ешқандай әрекет, қолға алынған шара айтылмапты. Сол баяғы нәтижесіз жиналыстары мен шын мәнінде балаларға пайдасы жоқ есеп үшін айтылатын «шұғыл кеңес өткіздім», «тапсырмалар бердім», «әкімдікпен байланыстамыз», «комиссия жұмыс істеп жатыр», «кешенді жоспар бар» деген секілді осыған дейінгі жұмысын тілге тиек еткен. Сол жұмыстар нәтижелі болса қазіргі қайғылы жағдайлар да орын алмас еді. Ендеше, барынан жоғы жақсы, құр жоғарыға есеп үшін өткізілетін, ұрпағымызға мысқалдай пайдасы жоқ шараларды тізудің пайдасы бар ма?!

Ал енді мемлекет тарапынан атқарылып жатқан «көзбояушы» шаралардың «нәтижесін» тізбелеп көрсек:

Қатыгез, қаралы оқиғалар:

14 сәуір күні Түркістан облысы Төрткүл ауылында тоғызыншы сынып оқушысының денесі табылды. Пышақталып, кейін ауыл шетіндегі каналдан табылған қыздың өліміне жоғары сынып оқушыларының қатысы болуы мүмкін екені айтылуда.

30 наурыз күні Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қасымбек ауылында 2-сыныптың оқушысы зорланды. 5 және 8-сыныптың оқушылары оны жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген.

Осы айдың басында Өскеменде жасөспірім қыздардың өз қатарласын аяусыз соққыға жығып, мазақ еткен видеосы тарады. Аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Артынша жасөспірімді соққыға жықты деп күдікке ілінген қыздардың бірінің анасы қалалық білім бөлімінен жұмыстан кеткені белгілі болды.

10 сәуір күні Семейде жасөспірім қызды қатарластары ұрып, дене жарақатын салған. Қазір осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

4 сәуір күні Қызылорда қаласында мектеп оқушылары арасында туындаған жанжалдан соң, бір жасөспірім пышақ жарақатын алған.

Наурыз айының басында Алматы қаласында футбол ойынынан соң мектеп оқушылары жаппай төбелескен. Қазір бұл іс те құқық қорғау орындарының тергеуінде.

29 наурызда  Түркістан облысында 6-сынып оқушысы 5-сынып оқушысын зорлаған. «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Осы аптаны шулатқан Алматы облысы Саты ауылындағы мектептегі әлімжеттік те екі жасөспірімнің өмірін жалмады.  

13 ақпанда Петропавлда тоғызыншы сынып оқушысының мектепке келіп, жоғары сынып оқушыларына балтамен шабуыл жасағанын тағы қосыңыз.

Осыған дейінгі орын алған оқиғаларға қарап отырсақ көп жағдайда осындай шулы оқиғалардан соң мектеп директоры, немесе білім бөлімінің мамандары қызмет ауыстырып, істі жылы жауып тастауға тырысады екен. Жалпы елімізде басы дауға қалған қызметкерлердің аяқасты жұмыстан шығуы немесе денсаулығына байланысты еңбек демалысына кетіп қалуы қалыпты жағдайға айналған. Басын ала қашып, аяқасты денсаулығына орай  демалысына кетіп қалу немесе мектеп директорларының жұмыстан бас тарта салуы мұндай мәселелердің алдын алуға ықпал ете ала ма? Тіпті бұл жауапкершіліктен сытылу емес пе?!

Заңгер Думан Көпбаев: «Бұл мәселе заңда қарастырылмаған. Өз бетімен жұмыстан шығу немесе сырқаттануына байланысты демалысқа шығып кету бұл жауапкершіліктен қашу болып саналмайды. Себебі бұл заңды түрде дәлелдене алмайды. Бұл жөнінде нақты еңбек кодексінде қарастырылмаған. Сондықтан көбінесе қызметкерлер өз бетімен жұмыстан шығады. Бұл жұмыскердің құқығы, ол жұмыстан қай кезде шыққысы келеді, өзі біледі. Денсаулық жағдайына байланысты демалыс ала алады. Енді нақты қарасақ, бұл жазадан қашу болып саналады. Алайда заңды түрде ол Еңбек құқығында да, Еңбек Кодексінде де ешқандай реттелмеген. Сол үшін де проблемалық сұрақтар туындаған кезде көпшілік солай қолданатыны рас», – дейді.

Заңымыздың өзі солқылдақтық танытып, мектеп басшыларын жауапкершіліктен босатуға, істі жылы жабуға мұрындық болып отырғандай. Мектеп директорлары басын ала қашып, министрлік «құр сөзбен сорпа қайнатып» отырғанда ұрпағымыз ойына келгенін істеп, тірідей айырылып жатырмыз. Ал жасөспірімдер қылмысының алдын алу бағытындағы шаралар, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, тегін үйірмелер санын арттыру секілді шаралар жоқтың қасы болып отыр.

Балаларымыз өз еліне өзі өгей...

Бесіктен белі шықпай жатып, талай қатыгездікті меңгеріп, небір сұмдыққа қанып алған балаларға қарап жалпы шетел асқан ақша мен жемқорлардың жемсауында кеткен қаржыға таласамыз, қымбатшылықпен алысамыз деп жүріп ұрпақ тәрбиесін естен шығарып алған жоқпыз ба деген күдік ұялайды. Бірінен-бірі асып түсетін небір сұмдық оқиғалар ол ойымызды нақтылай да түсетін секілді. Әйтпесе былтырғы балалар жылында не бітірдік, «Артспорт» жобасына ақша қимай неге орта жолдан тоқтаттық?! Солардың зардабын енді тартып жатқандаймыз.

Осындайда еске түседі, еліміздегі өзге елден келген хоккейшілер мен футболшылар халықтың түсіне де кірмейтін жалақы алып жүр. Ал балаларымыз кішкентайынан жаттығатын жер таппайды. Ата-ана баласын үйірмелерге берейін десе бағасы ол нысандардың есігінен де сығалай алмайтын дәрежеде қымбат. Мәселен, «Барыс» командасының канадалық қорғаушысы Алекс Гранттың 268, 76 миллион теңге жалақы алады. Командадағы орталық шабуылшы Майкл Шапюдің жылдық табысы 155,28 млн теңге шамасында. Қақпашы Юлиус Гудачек пен шабуылшы Энтони Луистің табысы 149,31 млн тг көлемінде. Джесси Грэм 137,37 млн теңге алса, Джереми Бракко 131,39 млн теңгеге ойнап жүр екен. Қазақ баласының түсіне де кірмейтін ақшалар. Футболшыларымыздың да жалақысы осы тектес. Мемлекеттің есебінен шетелдік легионерлерді асырап жатырмыз. Ал балаларымыз бос уақытында баратын үйірме таппай, қылмысқа ұрынып  жатыр.

Редакциямызға хабарласқан Семейдің Қарағайлы шағынауданының тұрғындары «ел аузында «Абай Арена» деп аталатын спорт кешені 2019 жылы ашылған болатын. Нысан құрылысына Шығыс Қазақстан облыстық бюджетінен 27 миллиард теңге бөлінген. Яғни осы жергілікті халықтың салығынан салынған нысан. Алайда бүгінгі күні ол жерге балаларымыз кіре алмай отыр. Сағаты 5-6 мың теңге. Қарапайым халықта мұндай ақша қайдан болсын?! Қоймай жазып, соған балаларымызды кіретін етіп беріңіздерші. Арзандатсыншы, балаларымыздың обалына қалмайық. Балаларымыз жаман жолға түсіп, зиянды әдеттерге әуестеніп, одан қалды ғаламтордың ықпалымен бұзылып жатыр. Балаларымыздан тірідей айырылып жатырмыз», деп қоңырау шалды...

Мемлекеттің бүйрегі легионерлерге бұрып тұр...

Шыны керек осы легионерлердің жанын салып ойнап, Қазақстанның атын шығарғанын немесе ел чемпионатының күшеюіне ықпал еткенін естіген де, көрген де жоқпыз. Бірақ сонда да отыз жыл бойына шетелдік ойыншыларға миллиардтарды шашып жатырмыз. Тіпті еліміздің кейбір мектептерінде спорт зал жоқ. Мектеп спорты федерациясының өкілі Әлия Түсіпбекованың айтуынша, елімізде 2 мыңға жуық мектептің оқушылары үшін спорт залдары арман көрінеді. Ал ондай мектептерден спортшы шықпасы анық. Өз балаларымызды мектептің спорт залымен қамти алмай отырып, жұрттың баласына ай сайын миллиондар төлегеніміз не сән?! Тіпті еліміздегі спорт үйірмелеріне оқушылардың бару көрсеткіші де төмен екен. Нақтырақ айтсақ, әлемнің орташа көрсеткішімен салыстырғанда 4 есе аз қамтып отырмыз. Осы жылдар ішінде кәсіпқой клубтарға бөлінген қаржы ақталды ма деген сұраққа жауап беретін де ешкім жоқ. Сонда да оларды жарылқауды тоқтатар емеспіз. «Барыс» хоккей клубы, «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» велошабандоздар клубы секілді тек мемлекеттің ақшасын соруды ғана білетін, ал нәтижесі нөл клубтардың бізге қажеті қанша өзі?! Клуб құрылғалы мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп жатса да қазақ балаларынан бірде-бір велошабандоз немесе хоккейші, футболшы да­йындап шықпады. Ендеше, оларды неге миллиондарға малындырып отырмыз! Содан соң қолы бос бала жаман әдеттерге ұрынбағанда не істейді.

Айтпақшы, блогер Сәбит Рысбаев та әлеуметтік желідегі парақшасында балаларды футболға тарту үшін алаңдардың ақысы тым қымбат екеніне наразылық білдіріп, «Марин Томасовтарға 60 мың доллар айлық бергендей ақша да сұрап тұрған жоқпыз. Жай футбол алаңын сағатына 45 мың теңгеден 20 мыңға түсіріп берші деп бірнеше шенеунікке хабарластық. Бірақ нәтижесіз» деді. Расында да жасөспірімдер қылмысы өршіп бара жатқан аймақ басшылары өз аймағындағы спорт нысандарын қолжетімді етуге құлықсыз болып отыр. Ата-ана баласының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қалтам жұқа десе, мектеп директорлары мұндай кезде аяқасты жұмыстан шығып кете салады. Ал билікке ұрпағының тәрбиесінен легионерлердің қас-қабағы қымбат болып отыр. Бұл бетімізбен кете берсек, ұрпағымыз азып тозып, үйірмеге қимаған ақшамыз түрме салуға кетіп, енді біреулері қыршыннан қиыла беретін секілді.

Тегтер: