Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 24 Мамыр 2024

«Балалық шаққа саяхат» кітабының өмірде болған кейіпкерлері

Бердібек Соқпақбаев

Алысқа бармай-ақ қояйық. Өзіміздің қазақ әдебиетін алып қарайық. Сондағы көркем шығармалардың ішіндегі: «Жер-су мен адам аттары өзгертілмей алынып, оқиғалары да өмірдегі жәйттерден өрілген қандай дүниелер бар деген сауалға жауап іздеп көрейік.

Міне, сол кезде көз алдымызға төмендегі туындының келері анық. Ол – жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты хикаяты. Еске түсірсек, сол кездегі, яғни социалистік реализм тұсындағы «әдебиет теориясының» талабы бойынша көркем дүниелердегі образ да, объект те, бәрі-бәрі шартты түрде алынып, ой мен қиялдан жасалуы тиіс еді. Бірақ 60-жылдардың басында өмірге әкелген жоғарыдағы туындысы арқылы Бекең бұл схематизмді бұзды. Сөйтіп жазушы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» дилогиясынан кейінгі «мен» деп бірінші жақтан баяндайтын кейіпкер бейнесі арқылы қазақ көркем әдебиетіндегі жаңа үдеріске жол ашты.

Сөзіміздің басында біз «Балалық шаққа саяхат» хикаяты қаламгер суреттеген өңірдегі жер-су мен адам аттары өзгертілмей алынған шығарма екендігін айтып өттік.

Иә, солай. Өзіміз сол жердің тумасы болғандықтан, ондағы ауыл аймақ келбеті, орман-тоғай көрінісі етене жақсы таныс. Тау-тасы көзімізге күні бүгінге дейін ыстық. Қанша заман өтті, кітаптағы атаулар әлі бар. Өзгерген жоқ. Ал шығармадағы кездесетін кісі есімдері ше? Олар да жадымызда. Бала кездегі елес: 60-жылдарғы ауыл ақсақалдарының әңгімелері. Сол асылдарымыздың бас қосатын жері іргедегі Байынқол өзені көпірінің маңы еді. Өйткені өрістен қайтқан малды тосып алуға ең қолайлы жер осы-тын. Бірде сондағы әңгіме-дүкен құрып отырған қарияларға Жақан атты ағамыздың бұрылып келіп сәлем бергені бар. Ол кісі кеткен соң отырған қарттардың бірі: «Мына жігіт кім?» ­– деген болуы керек. «Ой, бұл Сағатбайдың баласы ғой, – деді екінші ақсақал. ­– Бердібектің кітабындағы мұғалім ше?! Міне, сол ғазиз жанның ұлы. «Орнында бар оңалар», – деген. Әкесі жарықтық жақсы кісі еді. Баласы да кішіпейіл, әдепті болып өсіпті», – деп ризашылықтарын білдіріп жатты. Немесе тағы бір өмір суретін алайық. Ол кездері Нарынқолға әрісі Алматы, берісі сол төңіректегі ауыл-аймақтан келетін автобустардың бәрі, «Раймаг» дүкенінің алдына келіп тоқтайтын. Сол жерден қағаз, қарындаш сатып алуға барған мектеп оқушылары біздер географиядан сабақ беретін Асқар Әбішев ағай бастаған екі-үш адамның дабыр-дұбыр еткен дауыстарын естіп қалдық. Сөз етіп тұрғандары Сүмбеден келіп тоқтаған автобус пен одан түсіп жатқан адамдар болып шықты. Олар жолаушылардың арасындағы аласа бойлы ақсақалды көргенде: «Әне, қара! Анау үлкен бөрікті кісі Сембай ата. Жазушы Бердібек Соқпақбаев ағамыздың туған нағашысы. Аудандағы ертеңгі болатын еңбек ардагерлері жиынына шақырылған-ау шамасы. Жүр, сәлем берейік», – десіп жатты.

Иә, 60-жылдардағы бала кезімізде біздің ауылдағы жазушы кітабына кейіпкер болған жоғарыдағыдай адамдар көп еді. Қазір олар, олар ғана емес, қаламгердің өзі, замандастары мен ізбасарлары, тіпті сөз етіп отырған шығармашылық иесін сол уақытта бір рет болса да көріп қалған кісілердің көбі жоқ. Өйткені бұл ата-ағаларымызды өмірдің асау ағысы тіршілік жағалауынан жұлып алып кеткелі қашан. Бүгін оларды тек сағынышпен ғана еске аламыз. Еске ала отырып, сол бір келмес күндер келбетінің кейбір көріністерін түрлі дерек пен дәйек арқылы көз алдыға келтіреміз. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, ол мынадай мәлімет-мағлұматтар.

Б Соқпақбаев

«Балалық шаққа саясат» хикаятындағы басты кейіпкердің бірі – Ыдырыс. Жазушының туған әкесі ол шығармада өте момын, көп сөзге жоқ, тұйық мінезді адам ретінде суреттеледі. Туындының әр тарауындағы баяндауларға қарағанда бұл кісі өте жайбасар және өзінің бір басына жетерлік жалқаулығы да жоқ емес. Бастықтардың берген тапсырмаларының бәріне айтатыны: «Жарайды», – деген жалғыз жауап. Десе де оны уақытында орындай қоймайды. «Әне-міне...» – деп уәдені ұзын арқау, кең тұсауға салып жүреді де қояды. Бірақ ауылдастарына адал. Ештеңеге зәбірі жоқ ақкөңіл адам. Бұл айтқандарымызды кітап беттеріндегі төмендегі сөйлемдер толық дәлелдейді ғой деп ойлаймыз.

«...Ыдыкеңнің жасы бұл кезде отызды орталап қалған, – деп басталады шығармадағы «Менің әкем» атты тарау. – Соған қарамастан, жүріс-тұрысы қарт адамдар тәрізді. Ырғалып-жырғалып, ол қозғалып болғанша өмір керуені біраз жерге барып үлгереді. Жақсылық, жамандықтың бәрін де әкем тәңірден күтеді. Дұрыстау өмір сүруге талпыну, ертеңгі күннің қамын ойлап мазасыздану ол үшін жат нәрсе. Шешем Әспет – тілді де отты адам еді. Тек ауру иектеп алған да қор қылған. Әкемнің ынжықтығын бетіне басып, қайрап айтып отыратын. Бірақ ол кісі ағаш пышақ тәрізді, қанша қайраса да өтпейді.

...Әкемнің бойы ортадан төмен, иықты. Өзі құсап селдіретіп қияқ мұрт қояды. Уайымсыз адам, күйіп-піскенді білмейді, жайбарақат. Мезгілсіз тозып, шаршамайды. Аш болса да, тоқ болса да екі беті қып-қызыл. Тамақ таңдамайды, өңешінен өткеннің бәрін ішіп-жейді. Ауырмайды... Бригадирді бес келтірмей әкем жұмысқа шығып көрген емес. Таңертеңнен бері байланған қызыл өгіздің әлі тұрғанын көріп, бригадир терезе тұсына шауып келеді де айғай салады. «Оу, Ыдырыс! Әлі отырмысың? Ойбай-ау, күн түс болып кетті ғой... Болсаңшы!» «Қазір, міне, шыққалы жатырмын», – дейді әкем. Сөйтеді де құр шайды сораптап тағы біраз отырады.

... Үйде ертоқым болмағандықтан әкем қызыл өгізге ыңыршақ ерттейді. Тартпа орнында құр жіп. Үзеңгінің біреуі ағаш, біреуі темір. Әрі қалың киініп, илігуден қалған, әрі шайнамасыз құр шайды қарнын сыздатып тоя ішкен Ыдыкең көлігіне бірден қарғып міне алмайды. Күшеніп, үзеңгіге аяғын әрең жеткізіп, артылып міне бергенде, ыңыршағы ауып кетеді. Немесе байлаудан әбден жалыққан қызыл өгіз тыпыршып жүріп кетіп, міне алмай әуре болады. «Өй, әкеңнің...» – деп әкем оны келістіре бір боқтайды да үйден мені шақырады. «Ар жақтағы үзеңгіні басып ұстап тұр», – дейді. Мен жоқ болсам, тамға, дуалға тартып мінеді. Күн бұл кезде сәске болып қалған. Өзге жұрт егіс басына бағана кеткен. Жолшыбай кездескен белсенділерден түгел сөз естіген әкем жұмысқа енді ғана бет алып бара жатады».

Осы арада оқырмандарға ескерте кететін бір жәйт бар. Автордың «Балалық шаққа саяхат» туындысындағы алғашқы тарауларға өзек етіп алған тақырыбы кеңестік биліктің 1928-1932 жылдардағы елді мойынсерік, қосшы одақтарына күштеп кіргізген ұжымдастыру науқанындағы жағдай. Жоғарыдағы үзіндіде сөз етілген Ыдырыс, міне, сондай артелдік бірлестікке мүше ретінде тартылып, тірлік ете бастаған қара шаруаның бірі. Оған өкіметтің жаңа тәртібі түсініксіз. Көп нәрсе ұнамайды. Мәселен, ауыл белсенділерінің: «Анда бар, мұнда кел», – деп әкіреңдеуі, бригадирдің тықақтап жұмыстан жұмысқа қууы... Тағы басқалар. Сондықтан да ол бүгін бітпеген ісін ертеңге қалдырып, еркін тұрып, еркін жүре беретін бұрынғы жайбасар кезін аңсайды. Сағынады. Бұған біз кедейлік бір, заман екі қысқан уақыттағы әрі-сәрі күй кешкен кеңқолтық, аңғал қыр қазағының бет-бейнесін көреміз. Осыны, яғни 30-жылдардың жыртық-жамауға толы көңілсіз суреттерін кішкентай кезінде өз көзімен көрген болашақ қалам иесі оны шығармада әкесінің еш өтірігі жоқ, өмірі арқылы айнытпай бере білген.

Өтірігі жоқ дейтініміз ...Мұның да өз себебі бар. Ол кітап кейіпкері Ыдырыс ақсақалды біздің бала кезімізде көргеніміз. Бұл 1962 жылдың жазы еді. Әкем колхоз жұмысынан көп босай бермейді. Демалатын бір ғана күні бар. Ол – жексенбі. Соны пайдаланған отағасы өзі құралпас екі-үш жолдасымен бірігіп, қыс айларына керек мал азығын дайындау үшін таудан шөп шабады. Сай беткейіндегі қолдың саласындай боп орылған жал-жал көк шалғын дегди бергенде, оны жиыстырып, шөмеле тұрғызу әлгі қоғамдасқан үйлердің балалары біздердің мойнымызда.

Шіліңгір шілденің күйіп тұрған күні еді. Мойнымызға алған сол жоғарыдағы міндетімізді орындау үшін 11-12 жастардағы біздер Қалпақсай аңғарына бет алғанбыз. Оған барарда бір қиналатын жеріміз бар. Ол – тау етегіндегі зират. Содан сескеніп, қорқа-қорқа өтетінбіз. Бұл жолы олай болмады. Әлгі маңайда бір қарт адам жүр екен. Мініп келген үлкен қара ала биесін тұсап қойып, отқа жіберіпті. Өзі жол жиегіндегі шөптерді қол орақпен орып болып, аттың екі қапталына салғанда, одан ауып түспейтіндей бума тең жасап жатыр екен. (Ол кездегі ауыл адамдарының көретін күні осы еді. Шабындық жер жоқ. Жайылымдықтың бәрі жыртылған. Сөйтіп елді мекендер іргесіне дейін егін алқабына айналған уақыт-тын. Сол себепті азын-аулақ малға ие отбасылардың күш-қуаты барлары таудағы, ал оған шамасы келмегендер егістікті суғаратын арық, тоған жағалаулары мен жол жиегіндегі шөптерді орып, соны үйлеріне тасып алуға тырысатын).

 

Жә, содан... Зират маңындағы мына кісінің жүргенін ес тұтып, бұл жерден енді қорықпай өтетінімізге сенімді болған біздер қартқа келіп, жамырай сәлем бере бастадық. Ол мезіретімізге қария басын изеді де қойды. Сөйтті де қайда бара жатқанымызды сұрады. Оны естіген соң сәл ойланып тұрып, орған шөптердің арасынан бірдеңені іздестіре бастады да іле бізді өзіне шақырды. Ақсақалдың жанына барып қарап тұрмыз. Ол кісінің қолында діңі де, жапырақтары да тікенге толы екі-үш үлкен қурай. Жерден қазып алынған түптерінен сәбіз секілді ақ тамыр көрінеді. «Бұл қазтабан деген өсімдік, балалар», – деді қария. – Қыс келіп, көктем шыққанда тамырына түйін тастайды. Шамалап алғанда ол сәуір айы. Содан мамыр, маусым бітіп, шілдеге келгенде жер астындағы әлгі түйіні бар тамыр әбден үлкейіп піседі. Бала күнімізде әкелеріміз мұны қазып алып, жеуге болатынын айтып, қалай аршып-кесуді үйрететін. Содан қалған әдет қой... Мана шөп орып жүргенімде, жол жиегінде өсіп тұрған үш қазтабанның көзіме түскені. Шаруамды бітіріп, сусын ішуге отырғанда, көптен бері көрмеген жарықтықтың дәмін татсам ба деп қазып алып қойғанмын. Келгендерің жақсы болды. Бұл сендерге бұйырған екен. Жеп көріңдер, балалар». Осы сөздерді айтқан ақсақал әлгі өсімдік түбіндегі жуан ақ тамырды кесіп алып аршыды да бізге оны дөңгелек-дөңгелек етіп турап бере бастады. Аузымызға салып байқаймыз... Дәмі шикі картоп, жо-о-о, жоқ... Су татыған қиярға ұқсайды екен. Бірақ оған қарамай, қарияның көңілі үшін: «Неде болса, тәуекел...» – деп кіршілдете жеп алдық. Сөйттік те тауға қарай бет алдық. Сол кезде: «Сендер бұл кісінің кім екенін білесіңдер ме?» – деді арамыздағы Біләл атты бала. «Жоқ». «Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың әкесі Ыдырыс ата». «Ой, қой... Мүмкін емес!..»

Иә, ол уақытта бұл сөзді дәл осылай деп айтып, жоққа шығаратындай жөніміз бар еді. Оның себебі: біз мектепке барған, оқып жүрген 50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың басында Бекең, Бердібек ағаның аты ауылда аспандап тұрды. Бұлай болатыны алдымен «Менің атым Қожа» кітабының жарыққа шыққаны. Ол елдегі ақша ауыстыруға қызу дайындық жүріп жатқан кез-тін. Содан соң «Аяжан» повесінің «Балдырған» журналында жыл он екі ай бойы жарияланғаны. Бұл кеңес жерін жасырын суретке түсіруге тапсырма алып, Ирандағы АҚШ базасынан ұшып шыққан шпион ұшақтың Свердловск маңында атып түсіріліп, дүниежүзі дүрлігіп жатқан уақыт-тын. Осыдан кейін «Жекпе-жек» туындысын жұрттың жапырлап оқып, бүкіл ауыл балаларының бәрінің біразға дейін боксшы боп кеткендігі. Ол аспанға адам ұшып, Кеңес Одағының керемет жетістікке қол жеткізген жұлдызды жылы болатын. Мұның артынан іле-шала оқырмандардың «Біз де бала болғанбыз» жинағымен қауышуы... Айта кетейік, ол кезде біздің қолымызда «Балалық шаққа саяхат» шығармасы жоқ еді. Оқымағанбыз. Бірақ соның өзінде жоғарыдағы аты аталған ғажап туындыларымен ел-жұрттың зор құрметіне бөленген жазушының әкесі... Тау етегінде шөп шауып, қоңторы күй кешіп жүр дегенге кім сенеді?.. Аңқау да аңғал, пәк сезімге толы балалық көңіл-ай... Ол уақыттағы біздің ойымызша ауыл, аудан, аймақ қана емес, бүкіл республикаға белгілі қалам иесінің әкесі, әкесі ғана емес, әулеті Алматы деген арман қалада тұрса керек еді. Иә, сонда еш уайым-қайғысыз шат-шадыман өмір сүруі тиіс болатын. Сол эйфориямен... Иә, сондай өте жоғары асқақ оймен, біз балалар, қасымызда келе жатқан Біләлдің: «Мен білемін. Бұл кісі жазушы «Бердібек Соқпақбаевтың әкесі Ыдырыс ата», – деген сөзіне сенбегеніміз рас еді.

...Адам жады, зердесі дегеніңіз мықты ғой. Олай дейтінім, осы мақаланы жазып отырғанымда, кенет бұдан 52 жыл бұрынғы жоғарыдағы оқиғаның есіме түскені!.. «Сол адам, иә, тау етегіндегі біз кездескен ақсақал Ыдырыс қария ма еді, жоқ па еді? – деймін ішімнен күбірлей сөйлеп. – Білетіндер әлі де бар емес пе?! Сұрастырып көрейінші». Осы оймен жазушының өзім білетін жақын туысы Несіпхан Аманбаеваға телефон соқтым. Бұл қарындасымыз қаламгердің әкесі Ыдырыстың туған інісі Смағұлдың қызы. «Иә, сіздердің бала кездеріңізде көргендеріңіз сол кісі, – деді Несіпхан алғашқы аман-саулық сұрасқаннан кейін. – Ыдырыс атамыз 1905 жылы туған. Өзіңіз сөз етіп отырған кітаптағы ол кісінің суреттелетін кезі 30-жылдардағы өмірі ғой». «Ыдыкең одан кейін қайда, кім болып жұмыс істеген?» «Соғыстың алдында Қостөбе, Қарашырғанақ, Қызылұш артельдіктері Каганович атындағы колхозға біріккен. Атамыз сонда қырманшы, бақташы, арбакеш сияқты әртүрлі жұмыстарр атқарған. 50-жылдардың басында аталмыш шаруашылық Октябрьдің 40 жылдығы атанғанда, күзетшілікке ауысып, зейнетке шыққан. Сіздердің ол кісіні көріп жүргендеріңіз сонда, Нарынқолда тұрған кезі. 70-жылдары Текестегі інісі, менің әкем Смағұлдың үйі жанына көшіп келді». «Ақсақал қашан өмірден озды? Суреттері сақталған ба?» «1985 жылы... 80 жасында дүние салды. Фотосы бар. Қажет болса жіберейін».

Міне, Бекең, Бердібек ағаның туған әкесі, жоғарыдағы кітабында айтылатын Ыдырыс қарт туралы дерек осы. Енді «Балалық шаққа саяхаттағы» прототип Смағұлға келейік. Автор шығармасында ол кейіпкер былай суреттеледі: «Смағұл әкемнің інісі. Мұрт шыға бастағанына аз ғана жыл. Мен бұл кісіні тәте деймін. Шешем қазақ әйелдерінің салты бойынша атын атамай тергеп, «шырақ» дейді. Шырағы үйленбеген, бойдақ. Смағұл әкемдей сылбыр емес. Әрі пысық, әрі өнерлі адам. Қолынан өрімшілік, ұсталық, бәрі келеді. Тегі ол не жұмысқа болса да бейім. Істеген ісін жапырып, өндіріп істейді. Бригадир қайда жұмсаса барады, ерінгенді білмейді.

Аурушаң шешеме үйде бірден-бір қолғабыс болатын осы кісі. Ол әйел жұмысын да, еркек жұмысын да талғамай, бәрін істейді. Су әкеледі, отын жарады, арпа кеузеп, қол диірменмен талқан тартады. Смағұл шешеме әрі қайын, әрі келіні есепті. Қажет болса кір де жуады. Шешем Смағұлды жақсы көреді.

Тәтемнің мінезінің шақарлығы да бар. Ашуланса, су тамған ыстық майша шатыр ете қалады. Мен үйде тәтемнен ғана жасқанып, шын қорқамын. Ашуланса ол ұрып та жібереді. Қолы балғадай қатты».

Сөз еткелі отырған кейіпкерімізге байланысты кітап тарауларындағы суреттеулер мен баяндаулар міне, жоғарыдағыдай. Бұлар шығарманы оқыған немесе одан хабары бар жандардың бәріне жақсы таныс қой деп ойлаймыз. Ал сол прототиптің, яғни Смағұлдың одан кейінгі өмірі ше? Мұны өлкетанушы Беркін Әкебаев ағамыздың Нарынқол өңірі жайлы жазған анықтамалық еңбегінен табамыз. Сол 30-жылдардағы ұжымдастыру науқаны қызу жүріп жатқанда, өкімет аяқтарынан енді-енді тұра бастаған артельдік бірлестіктерді қолдау мақсатында мынадай көмек көрсетуді қолға алады. Ол Харьков пен Челябинск қалаларындағы зауыттарда жасалған «ХТЗ», «ЧТЗ» маркалы тракторларын одақтың шалғай аймақтарына жібере бастауы еді. Бірақ осыған байланысты өңірлерде бір қиындық туындайды. Бұл аталмыш техникаларды жүргізетін мамандардың жоқтығы еді. Оны жою үшін 1936 жылы Нарынқол ауданынан оншақты адам Алматы төңірегіндегі Талғар мен Шамалған МТС-теріне оқуға жіберіледі. Олар: Боқаев Әкебай, Дембаев Бейқұтбай, Қалиев Асылбек, Кебиров Манап, Әлиев Ревайда деген кісілер болатын. Солардың қатарында кейін «Балалық шаққа саяхат» кітабына кейіпкер болып кіретін Смағұл аға да бар еді. Ондағы қысқа мерзімдік курсты бітіріп келген соң жас механизатордың Қостөбедегі тынымсыз жұмысы басталады. Соғыс кезінде ауданда техника саласындағы мамандар қат болғандықтан майданға жіберілмей, броньмен тылда қалады. 50-жылдардың аяғында өңірде механизацияның түр-түрін меңгерген қыз-жігіттер көбейе бастады емес пе?! Осыған орай Смағұл аға трактор тізгінін ұстауды болат балғаға ауыстырып, «Казсельхозтехниканың» Текестегі өндіріс цехында темір ұстасы болады. «Әкем 1974 жылы өмірден озды, – дейді қызы Несіпхан. – Бердібек аға ол кісіні ерекше жақсы көріп, «тәте» дейтін. Олай деуінің де жөні бар еді. Өйткені болашақ қалам иесінің кішкентай бала күнінен бастап, мектеп, одан ФЗО, сосын Алматыдағы КазПИ-дегі оқуы мен үйленіп, отау құрған кездерінің бәрінде көмектесіп, өзінің туысқандық жан жылуын бере білген бірден-бір адам әкем болды. Мұны Бердібек ағаның өзі де мойындап, ауылға келгенде: «Тәтем мен үшін екінші әкем ғой. Мектепте жүргенімде аш қалдырмады. Институтта оқығанымда үсті-басымның бүтіндігін тілеп, жыртық киім кигізбеді. Отбасы болғанымда да 350 шақырым жердегі Нарынқолдан іздеп келіп, қолындағы барын қаладағы бізге беріп кетіп жүрді. Сондықтан тәтемді жанашырым, қамқоршым демегенде не деймін?!» – деп айтып, ризашылықпен еске алып отыратын».

Енді шығармадағы келесі кейіпкер Сатылғанға келейік. Автор оны өз туындысында былай деп суреттейді. «...Ағайым Сатылғанның жасы жиырмаға жаңа ілінген. Азды-көпті оқуы бар, жаңалыққа бейім интеллигентіміз. Мінезі жұмсақ, майда жүріп, майда тұрады. Ешкіммен қақ-соғы болмайды. Аз уақыттан бері қарай Сатылған ауылдық советте секретарь болып істейді.

Сатылған 29-жылдан бері комсомол мүшесі. Қолынан газет-журнал түспейді. Күнде кешқұрым сығырайған бөтелке шамның түбінде тесіліп кітап оқып отырады. 20-жылдардың ортасында осы өлкенің Қолтық дейтін жерінен төте оқу бойынша бастауыш мектеп ашылғанда, Сатылған сонда үш класс оқып бітірген. Кейін латын әрпіне көшкенде, оны өздігінен меңгеріп, білім алған.

Ағайым мінезінің сынықтылығымен жұрттың бәріне жағады. Біреуден озсам деп жағаласуды білмейді. Шамасы келсе бой түзеп, тәуір киініп жүруге тырысады. ...Мен болсам Сатылған ағама тартпағанмын. Тез ысып, тез суыймын. Ыза болсам, күйіп-жанып дызақтап кетемін. Ойланбастан істеп, ойланбай сөйлеп, өкінетін кездерім көп болады. Соңынан сол үшін өзімді өзім жек көріп жүремін. ...Сатылғанды мен өте сүйетін едім. Ол мен үшін ауылдағы өнеге болатын. Ылғи да жақсы мінез-қылыққа тәрбиелейтін: өтірік айтпау, біреудің бірдеңесін ұрламау, жақсы оқу, темекі тартпау, тағы басқалар. Менің білімге, адамгершілікке тәрбиелейтін түздегі ұстазым Сағатбай болғанда, үйдегі ұстазым Сатылған еді».

Жазушының осы ағасының кейінгі өмірі қалай болған? Кітапта ол жайында бір жол дерек бар. Бұл: «Сатылған Отан соғысынан оралмады», – деген жалғыз сөйлем. Иә, солай. Туыстарының сөзіне қарағанда майданға аттанарда ол кісіні соңғы рет көріп қалған Бекең, Бердібек аға екен. Бұл шамамен 1942 жылы болған сияқты. Онда 17 жастағы болашақ қалам иесі ауылдан ФЗО-ға алынып, Қарағандыда оқып жүреді. Сонда оны Сатылған іздеп келеді. Құшақтаса көрісіп болғаннан кейін ағасы өзінің Қызыл Армия қатарына алынғанын, Алматы іргесіндегі әскери дайындықтан өтіп жатқан жерден сұранып, інісін көріп қайтуға келгенін айтады. Сөйтеді де бір күннен кейін көз жасын тия алмаған бала Бердібектің бетінен сүйіп, қайыра пойызға отырады. Соғыста жүргенінде Сатылғаннан елге бір рет хат келген сияқты. Содан кейін ешқандай хабар-ошар болмаған.

Жас кезіміздегі бір елес есімізде. Ол қариялардан: «Есіл азаматтан бір тұяқ қалған. Аты – Тілеулес. Қалада тұрып, сонда жұмыс істейді», – деген сөз. Иә, оны құлағымыз шалғалы қай заман?.. Десек те, 90-жылдардан бастап жоғарыдағы әңгіме есімізге жиі-жиі оралатын болды. «Сол кісі бар ма? Қайда екен? Тауып алып, жүздессек қой» деп, ойлап қоятынбыз. Сөйтіп жүргенімізде төмендегідей кездейсоқ оқиғаның болғаны!.. 2002 жылы көктемге салым газет тапсырмасымен Түркияға баратын болдық. Мұндай кезде сол мемлекеттің біздің республикамыздағы елшілігіне барып, құжат тапсыру мен әңгімелесуден өту секілді іс-шараға қатысатынымыз белгілі. Соған барып, бәрін бітірген соң елшілік ішінде бізді ертіп, аудармашы боп жүрген қазақ қызы: «Аға, сіз бен біз жерлес екенбіз ғой. Құжатыңызға қарасам, солай болып шықты», – деді жылыұшырап. «Қалай?» «Жазушы Бердібек Соқпақбаевты білетініңізге шүбәм жоқ. Мен сол кісіге туыс боп келемін». «Фамилияң?» «Сатылғанова». «Ой, айналайын-ай!.. Кешір мені. Енді бәрін түсіндім. Онда сен...» «Иә, иә! Папамның аты – Тілеулес. Сатылған атамыздың артында қалған ұлы екен. Біз ол кісіден өрбіген алты баламыз. Төрт ұл, екі қыз. Бауырларым – Алматыда. Ал мені өзіңіз көріп тұрсыз. Түркияның Астанада орналасқан елшілігінде жұмыс істеймін».

Осы әңгімеден кейін біз Жанармен хабарласып, хал-жағдай сұрасып тұратын болдық. Таяуда, яғни Наурыз мерекесіндегі онкүндікте оны теледидардан көзіміздің шалып қалғаны. Онда Жанар биыл күзде Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының V фестиваль-форумы дайындығы жұмысымен танысуға Ыстамбұлдан келген аталмыш ұйым ассоциациясы басшыларына аудармашы болып жүрді. Соны көргенде: «Аман бол, айналайын!» дедік шын көңілімізбен қуанып.

«Балалық шаққа саяхат» кітабындағы ең көп айтылып, ең көп суреттелетін кейіпкер – Тұрдыбек. Ол жарық дүние есігін ашқаннан бастап жылауық бала атанады. Сөйтіп жүріп шешесін «жұтады». Мешелдікке ұшырап, масыл болады. Ұстаханадағы отқа түсіп кетіп, ажал аузынан қалады. Ана сүтін аузы жарып ембегендіктен, тамаққа тоймайды. Не нәрсені де сындырып, бүлдіргенін қоймайды. Бірақ жүрегі нәзік. Сезімтал. Қуанып-қайғырғаны жүзінен білініп тұрады. Мұны шығармадағы мына үзіндіден анық байқаймыз.

«Қыс кезі, – дейді автор біз сөз етіп отырған туындысында. – Қазақы жайпақ шанамен Қостөбеден әкем келіп тұр. «Біреуді алып келдің бе? Не жүріс бұл?» «Тұрдыбекті бәлніске әкеп ем...» «Е, тағы не боп қалды?». «Ұста дүкеніндегі отқа қолын тығып алыпты». Уақиға былай болған: Өскембай ұстаның дүкені біздің үйдің қасында. Тұрдыбек бұл кезде қабырғаға, дуалға сүйеніп жүретін болған. Ылғи да жападан-жалғыз отыра беруден іші пысқан сәби бір күні тамды жағалап, сырғып, ұста дүкеніне келеді. Тұрдыбекпен шамалас Қырғызбай дейтін бала бар. Ол мешел емес, сау. Қалтырап әрең тұрған Тұрдыбекті Қырғызбай қызық үшін жұлқып, итеріп кеп қалады. Інім омақаса жығылып, бір қолын көріктің қып-қызыл шоғына білегіне дейін оңдырмай тығып алады. Бұл хабарды естігенде, менің арқа-басым шымырлап кетті.

...Байғұс сәби тағы да ауруханада. Оған күн сайын келіп тұрамын. Мұнда оны келісімен моншаға салған, шашын алған. Тап-таза іш киім, халат берген. Күйген қолын добалдай етіп таңып, ақ жаймалы темір керуетке жатқызып қойған. Мен алғаш келгенде өз інімді өзім танымай қала жаздадым. Түрінен кісі шошынғандай бұрынғы Тұрдыбек емес, екі көзі қарақаттай, сүп-сүйкімді біреу. Мені көріп, әдемі жымиып күледі. Інім екенін сонда ғана таныдым. Адамды адам ететін де, хайуан ететін де тұрмыс екен. Мен сонда осыны білдім.

Бір күні сабақ соңынан Тұрдыбекке тағы да келген едім. Төсегінің қасында отырмын. Тұрдыбек сау қолымен жастығының астын сипалап, бірдеңе іздей бастады. Сөйтсем, үш тал домалақ кәмпит екен. «Мә, аға, же. Саған сақтап қойдым», – деп ұсынып жатыр. Бұл кәмпиттерді ауруханада таңертеңгі шаймен берген. Тұрдыбек жемей, өз аузынан жырып, маған сақтап қойыпты. Інімнің бауырмалдық қылығына іші-бауырым еріп кеткендей болды. «Өзің жей ғой».

...Бекең, Бердібек ағаның «Балалық шаққа саяхат» туындысындағы Тұрдыбекке қатысты жазып отырғаны 30-жылдардың ортасындағы оқиға екенін кітапты оқып отырған адамдардың есіне тағы бір рет салып өткеннің артықтығы болмас, сірә. Ал содан 40-50 жыл өткенде... Иә, сол шамадағы уақытта: «Бұл кейіпкер өмірде бар ма? Бар болса қайда?, – деп іздемейміз бе?! Содан... Көп уақыт сұрастырып жүріп, 2004 жылы ол жоғымызды да таптық-ау! Тұрдыбек аға Талдықорған қаласының іргесіндегі Көксу ауданының Мұқаншы ауылында тұрады екен. Сәт салып қараймыз, аласа бойлы, көп сөзге жоқ, қолтоқпақтай ғана шаруа адамы. Сұрақ қойсаң, жауап береді. Ал өз бетінше әңгіме айтуға құлқы жоқ. Сондай үзіп-жұлқыған тіл қатысудың бірінде ағамыз жақында қосағының қайтыс болғанын айтып қалды. Көңіл айттық. Кім білсін, шешіліп сөйлемеуіне жоғарыдағы жағдайдың да әсер етуі мүмкін-ау. Әйтеуір сөзіміз қабыспады. Қайтарда шығарып салып тұрып: «Ренжіме, қарағым. Мен өзі сөзге жоқ адаммын. Тұрған тұрысым осы. Өткен өмірімнен бірдеңе білгің келсе, Алматыдағы Бәшен жеңгеме жолық. Сол апаң саған бәрін айтып береді», – деді.

Б.Соқпақбаев, жары Бәшен Баймұратқызы және қызы Самал
Б.Соқпақбаев, жары Бәшен Баймұратқызы және қызы Самал

Бәшен Баймұратқызы Бекең, Бердібек ағаның алғашқы жары. Ол кісімен көпке дейін жолыға алмай, 2011 жылы ғана кездесіп, Тұрдыбек ағаның жоғарыдағы сөзін айтқанымда апай: «1948 жылы, – деп бастады әңгімесін, – мен Қостөбеге келін боп түскенде, Тұрдыбек сонда екен. Бекеңнің Башай деген жеңгесінің үйінде қолбала боп жүріпті. Сол кездері ешкім оны 16-17-дегі жеткіншек деп айтпас еді. Бойы аласа, әлжуаз-тын. Жалтақ, қорғаншақ боп өсіпті. Дереу өз қолымызға алдық. Мені өте жақсы көрді. Жанымнан қалмай көмектескісі, жәрдемдескісі келіп тұратын. Бірақ Бекең ағасы секілді шақар. Мінезі құдды таулы өңірдің құбылмалы ауа райы секілді еді. Соған шыдап, Қостөбеде жүргенде, Нарынқолға келгенде қасымыздан қалдырмай, ел қатарына қостық қой. Алматыға көшкенімізде Текестегі МТС-та тракторшы еді. Еңбек демалысында қалаға келіп тұратын. Бекеңнің бізден кетіп, басқа отбасын құрғанын естігенде қатты қиналды. Ағасына ренжіп, көрместей болып кетті. Сол кездегі Талдықорған облысының Киров ауданына көшіп барды да, механизатор, сосын шопандықты кәсіп етті. 70-жылдары маған мектеп бітірген қызын жіберіпті. Оқуға түссе, ешкімді танымайтын қалада қиналмасын, бас-көз болып жүрсін деген ойы болса керек. Содан ол қыз біздің үйде жүріп оқыды. Институтты бітірген соң ауылына қайтқан. Арада көп жыл өткен соң сол ма, жоқ басқа қыз ба, әйтеуір біреуі Тұрдыбектің қатты ауырып жатқанын хабарлады. Қызым Самал екеуміз бардық. Бізді көріп көтеріліп қалды. Содан жанында біраз болып қалаға қайтқанбыз. Екі жетіден кейін бақилыққа аттанғанын естідік. Тұрдыбектің жағдайы міне, осындай».

...Жә, мақаламыздың желісін одан әрі жалғастырайық. «Балалық шаққа саяхатта» «Оқимын!» атты тарау бар. Ондағы алғашқы сөйлем: «Мынау, міне мектеп, – деп басталады. – Бұл ауылдан шеткерек, шаңы аз көгалға тігілген кәдімгі киіз үй. Осы киіз үйде біздің тұңғыш сабағымыз басталды. Мұғалім әнеукүнгі өзімізді тізімге алған қасқа бас жігіт. Ныспысы – Сағатбай Хасенұлы. ...Бірінші күнгі сабақты ол түгелдей әңгімемен өткізді. Өзім өз боп, мен дәл осындай әңгімешіл адамды көрген емеспін... Сағатбайдың әңгімелерінен мен дүниенің төрт бұрышына сапар жасап қайтқандай әсер алдым. Бір ғана күннің ішінде білмесімді біліп, ақыл-ойға кемелденіп, іштей түлеп шыға келгендей болдым. ...Сағатбай әңгімелері ғажайып ертегі тәрізді. Қанша тыңдасам, тыңдай бергім келеді. Еш жалықтырмайды. Мен дүниедегі данышпанның данышпаны мұғалім екен деген ойға келдім. Өскенде Сағатбайға ұқсап мұғалім болуды армандадым. Балаларды аузыма қаратып, мен-дағы неше алуан қызғылықты әңгімелер айтып берсем деймін».

Бұл сөйлемдер автордың өзіміз сөз етіп отырған кітабындағы негізгі кейіпкерлердің бірі Сағатбай мұғалім туралы сүйіспеншілікке толы толғанысы. Мұны оқығанда: «Сол ғазиз жанның кейінгі өмірі... Одан бір дерек бар ма?» – дейміз ғой баяғы. Сөйтсек, ол абзал азамат 1937 жылғы көзі ашықтың бәрін істі қылған сталиндік пәле-жаладан аман екен. 1939 жылы Текес ауылына келіп, сол жерден бастауыш мектеп ашады. 1941 жылы майданға аттанып, 1943 жылы Смоленск түбінде қаза табады. Өлкетанушы Беркін Әкебаевтың еңбегінен ол кісі жөнінде міне, осындай дерек таптық. «Соғыстан кейінгі бейбіт кезеңде Сағатбай мұғалімнің артында қалған балалары ержетіп, өздерінің еңбекқорлығымен әке абыройына абырой қоса білді, – дейді көзкөргендер. – Майдангердің үлкен ұлы Жақан ағаны біз бала кезімізде көрдік. 60-70 жылдары аудандық санэпидстанцияны басқарған ол кісі өз ортасына сыйлы, кішіпейіл де ақжарқын адам еді. Одан кейінгі Жамбыл аға да сондай ғажап адам-тын. Алматы медицина институтын қызыл дипломмен бітірді. Өз саласы бойынша кандидаттық, сосын докторлық диссертация қорғап, профессор атанды. Алматыдағы №5 емхананың бас дәрігері болып, бұл қызметті ұзақ жыл абыройлы атқарды.

Енді мына жәйтке назар аударайық. Өзіміз талдап, түсіндіріп отырған кітапта жоғарыдағы прототиптерден басқа Сембай, Нұрғабыл, Мұқамәди секілді кісі аттары кездеседі. Бұл кейіпкерлер де өмірде болған адамдар. Сол Қостөбе, Сүмбе және Нарынқол ауылдарында тұрған жандар. Мысалы, шығарманың «Көне заттар музейі» атты тарауындағы Сембай қарт Бекең, Бердібек ағаның туған нағашысы. Сүмбеде ұзақ жыл ұста, ағаш шебері боп еңбек етіп, 60-жылдардың басында өмірден озды. Ал кітаптың «Жаңа дос» бөліміндегі Нұрғабыл мұғалім болса, ол кісі сөз етіліп отырған туындыдағы өзі суреттелетін 30-жылдардан кейін соғысқа барған. Одан аман-есен келіп Нарынқолдағы қызметін қайта жалғастырған. Нұрғабыл аға Қорабаевтың біз шәкірті болдық. Көп сөйлемейтін байсалды, қартаң кісі-тін. 1960-1961 жылдары екінші класта оқып жүргенімізде, арифметика пәнінен сабақ берді. Келесі оқу жылында зейнетке шығып, қорасындағы сегіз-тоғыз қой-ешкісін ауыл іргесіндегі Жағатал өзені бойында жайып жүруші еді жарықтық. Сондай-ақ «Шайтан екен деп қалсам...» деген тараудағы Мұқамәдиге келсек, Қостөбе мен Нарынқолда осындай атқа ие екі адам болды. Оның біреуін жұрт зор, жуан даусына қарап «күркіреуік» деп атайтын. Ал екіншісін бейпіл сөзге бейім екеніне байланысты «жаманауыз» деуші еді. Сөз ретіне қарай айта кететін жәйт: бұл аттастардың алғашқысының жасы үлкен, ал кейінгісі жастау-тын. Осыған қарап «Балалық шаққа саяхат» хикаятындағы Мұқамәдиге жоғарыдағы екеудің «күркіреуігі» сәйкес келе ме деп ойлаймыз. Олай дейтініміз, мен 1969 жылы мектеп оқушысы кезімде ол кісіге барып, 9 мамыр – Жеңіс күніне орай мақала жазғаным бар. Қазір жеке архивімдегі «Күн қызарып батты» деген атпен аудандық «Советтік шекара» газетінде жарық көрген сол суреттемемді қайта оқығанымда, мынадай фактілерге көз жеткіздім. Иә, «күркіреуік» Мұқамәди қария Шойбеков сонау 30-жылдары Нарынқол өңіріндегі алғашқы мойынсерікке мүше боп кірген шаруалардың бірі болған. Одан осы ұсақ артельдіктер бірігіп, «Пограничный» колхозына айналғанда, жемшөп дайындау бригадасының басшысы міндетін атқарған. Демек, кейіпкеріміз жазушы шығармасында баяндалатын әлгі 30-жылдар оқиғаларының бел ортасында болған деген сөз. Содан 1939 жылы Нарынқол, Кеген, Ұйғыр аудандары еңбекшілерінің күшімен салған Қайқы асуы жол құрылысына қатысады. 1941-1945 жылдары майданда болып, Вязьмадан Варшаваға дейінгі от кешуден өтеді. Жеңістен кейін елге төрт жауынгерлік медальмен оралған Мұқаңның бейбіт күндердегі еңбегінің нәтижесі – Октябрьдің 40 жылдығы колхозындағы жанқиярлық жұмысы үшін Еңбек Қызыл Ту орденіне ие болуы. 1969 жылы біз кездесіп, әңгімелескенде Мұқамәди ақсақал Нарынқол орман-тоғай шаруашылығы мекемесінде күзетші еді. 80-жылдардың аяғында өмірден озды.

Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков және Т.Ахтанов
Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков және Т.Ахтанов

...Осы мақаланы жазып отырғанымда, кенет ойыма бір нәрсенің оралғаны. Соның жетегімен үстел үстіндегі Бекең, Бердібек аға туралы өзімнің көптен бері жиып жүрген материалдар папкасындағы газет қиындысына қол создым. Бұл – 1986 жылдың 23 қаңтарындағы «Қазақстан пионері» басылымының тілшісі, ақын Рахымжан Өтегеновтің жазушы Бердібек Соқпақбаевтан алған интервьюі еді. «Қожаның құрдастары кімдер?» деген тақырыппен берілген ол сұхбатта мынадай штрих-деталь бар. «Қаламгермен әңгімелесіп болғаннан кейін, – дейді тілші, – мен өзіміздің Алматы облысындағы Шелек ауданында тұратын Мәсімбай деген кісі туралы сөз қозғадым. Өйткені ол ауылдасымыз бір күні Алматыға баратын автобусқа қатар отырып қалғанымызда: «Жазушы Бердібек Соқпақбаевпен бір ауылда тұрғанбыз. Ол кітабында біз туралы жазған», – деген еді. Соны айтып бола бергенімде Бердібек аға: «Ой, ол «Балалық шаққа саяхат» атты шығармамның «Көпекбай және оның балалары» тарауындағы кейіпкерім ғой», – деді жұлып алғандай. Сөйтті де: «Бұлар өздері көп ағайынды болатын. Өте кедей отбасының балалары еді, – деді. Кейін, яғни, 40-жылдардың басында заман оңала бастағанда Көпекбай балалары шеттерінен жігерлі, қасқыр жігіттер болып ержетті. Үлкені Бәзіл бригадир ретінде колхоз құрылысын қолдан тұрғызысқан шебер ұйымдастырушы-тын. Інісі Жүнісбай одан асып кетті. Керемет қабілетінің арқасында бір жылда екі кластан аттап оқып, онжылдықты ерте бітірді. Армияға алынып, әскери училищені бітірді. Одан кейінгі Қожақан өнерлілігі жағынан екі ағасының екеуінен де артық еді. Домбыра, гармонь, сыбызғының қай түрін де тез меңгеріп, жұртты таңғалдыратын. Соғыстың алдында Алматы педучилищесіне оқуға түскені есімде. Бұл аталған үш жігіттің үшеуі де сайдың тасындай іріктелген аяулы жандар еді. Жұрт ұл-қыздарына: «Көпекбай балаларындай неге болмайсыңдар? Солардан неге үлгі алмайсыңдар?» – деп ұрсып жататын. Амал нешік, сол үш асыл азаматтың үшеуін де соғыс тажал мезгілдеріне жеткізбай мерт етті. Үшеуі бірдей майданда қаза тапты. Әкесі – қиындық атаулының қабырғасын сындыратын апайтөс, бура шал Көпекбай көз жасы алты тарам болып аңырап қалды. Шүйкедей Әйнек апа перзенттерінің қайғысынан одан бетер шөгіп кетті. Шүкір Мәсімбай бар екен ғой. Ең кішісі еді. Қайда тұрады? Кәсібі не?» «Алматы облысының Шелек ауданындағы Жаңашар ауылында. Сол шаруашылықтағы партия ұйымының хатшысы».

Б Соқпақбаев
Оқушылармен жүздесу

«Балалық шаққа саяхат» хикаятының соңында мынадай эпизод бар. «...Сүмбе жетіжылдық мектебінде бүгін той, – дейді басты кейіпкер Бектас – бала Бердібек. – Мектеп бітірушілер тойы. Қой сойылып жатыр сыртта. Үлкен-үлкен тастар қаланып, дәу қазандар асылып, отын жарылып, от жағылып жатыр. Қоңырсыған исі сүп-сүйкімді боп, бас-сирақ үйтілуде. Осы ауылдағы ең үлкен, бүйірлі самауырлар тұр буы бұрқырап. Мектептің алдындағы тақыр көк алаңда әуелі салтанатты жиналыс болды. Мектеп директоры Нәсір Әлиев сөз сөйледі. Сосын жетіншіні озық бітірген бірнеше оқушыға мақтау грамоталары тапсырылды. Жүлде алушы бақыттының бірі мен едім. Атым аталғанда, сірә, қуанғаннан болар, құлағым шыңылдап кетті. Грамота түгел тапсырылып болғаннан кейін Нәсір директор маған сөз берді. Мен мұны күткен жоқ едім... Сондағы сасып-салбырап айтқаным: «Жолдастар, жақсы оқысаңдар да, жаман оқысаңдар да өздерің үшін. Мен міне, жақсы оқыдым», – дедім. Бар айтқаным осы».

Бұл сол кездегі Бектас – бала Бердібектің өзі мен сөзі ғой. Оның біз әңгіме еткен жоғарыдағы шығармасынан кейінгі өмірін айтсақ... Иә, болашақтағы қалам иесінің алдында қиын да қызыққа толы ұзақ жол жатты. Қиындығы – жетімдіктің жүдеу күндерінде өзіне сүйеу мен тіреу бола білген Сатылған ағасының соғысқа аттанып, қаза табуы. Жергілікті жердегі бишігеш – белсенділердің мұның жас екендігіне қарамай, Қарағандыдағы ФЗО-ға күштеп жіберуі. Және.., сондағы өндіріс цехтарында бірде аш, бірде тоқ күйде екі жыл қолбала боп жүруі. Ал қызықты болатыны – 1944 жылы шахтерлер қаласындағы сол зауыт-фабрикалардан босап, Алматыдағы КазПИ-ге студент боп қабылдануы. Оқу мен шығармашылықты қатар алып жүруге дағдылануының нәтижесінде тырнақалды туындылары 1948 жылы «Жастар даусы» ұжымдық жинағына енуі. Ал одан кейінгі өмірі елге 1950-1972 жылдар аралығында «Бұлақ», «Жекпе-жек», «Менің атым Қожа», «Аяжан», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың Гауһар?!» хикаяттары мен «Өлгендер қайтып келмейді» роман-трилогиясы арқылы жақсы таныс қой деп ойлаймыз.

Иә, автор үшін қуанышты да қызықты шығармашылық кезеңінің жұлдызды сәттері болған сол уақыттағы дүниелерінің бірі, сөз жоқ, «Балалық шаққа саяхат» туындысы. Бұл әдебиеттегі өзіндік орны, ерекшелігі бар шығарма. Мұның неге олай болатынын жоғарыда қадери-халімізше айттық. Сөз соңында ол ойымызды қайталап жатпай, оны енді тұңғиық талант Ф.М.Достоевскийдің төмендегі сөзі арқылы түйіндеуге күш салайық. «Мына бір өсиетімді есте сақтаңдар, – дейді Федор Михайлович. – Ешбір оқиғаны, ешбір қақтығыс-шиеленісті ойдан шығармаңдар. Өмірдің өзінде не бар, соны алыңдар. Өмір біздің ойдан шығаратындарымыздың бәрінен де бай. Кәдімгі күнделікті өмірдің беретінін ешқандай ой-қиял бере алмайды. Өмірді құрметтеңдер». Бұдан ұғатынымыз: «Балалық шаққа саяхат» Ф.М.Достоевскийдің кейінгі буынға арнап айтқан жоғарыдағы сөзіне барлық әдеби параметрлер бойынша дәл келетін туынды. Олай дейтініміз, бұл қазіргі шығармашылық өкілдері секілді үйлеріндегі» үстелде саусақтарын сорып отырып сюжет құрау немесе ойларынан образ жасап шығару емес. Бекең, Бердібек аға туындысындағы әр штрих, деталь, фрагмент, кейіпкер мен оқиға өмірдің өзінен ойып алынған. Ол, міне, сонысымен құнды. Сонымен ерекше. Және... Бәсеке атаулының ойдан немесе қолдан жасалған тайталастарының бәріне алаңсыз шыдас беретін шығарма. Сондай-ақ қазір: «Бұл дұрыс емес» деген ұрда-жық ұранмен бәрі мансұқ етіліп, ревизия жасалып жатқан заманда, «Балалық шаққа саяхат» ешбір «жоққа шығаруды жоққа шығарусыз» бағдарымен алға жылжып, ұзақ өмір сүретін туынды.

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның Еңбек Сіңірген Қайраткері