Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:14, 09 Қыркүйек 2022

Балама бағыт Қазақстанға өте тиімді

None
None

Қазір халықаралық геосаяси жағдай шиеленіскен уақытта Қазақстанға оңайға соғып тұрған жоқ.

Негізінен Еуропа құрлығына қарай Ресей арқылы экспортталатын Қазақстан мұнайына соңғы төрт-бес айда бірнеше рет «тұсау» салынды. Айта кету керек, осы уақытқа дейін Ресейдің Новороссийск Приморск аудандық соты «экологиялық талаптардың бұзылуына байланысты» деген желеумен Қазақстан мұнайын экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысын бір айға тоқтатты.

Расы керек, бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Ел бюджетінің біршама бөлігін толтырып отырған бұл бағыт сөйтіп, Ресей тарапынан бірнеше рет қасақана қысымға ұшырады. Ал қазақ мұнайының шамамен 80 пайызы осы Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы экспортталады. Кейбір мәліметтерге назар аударатын болсақ, 2021 жылы осы құбыр арқылы 53,1 миллион тонна, ал биылғы қаңтар-сәуір айларында 18,7 миллион тонна қазақ мұнайы сыртқа экспортталған. Кезінде Қазақстан мұнайын өз территориясы арқылы өткізуге кіріптар еткен Ресей бүгінгі қысылтаяң уақытта осылай Қазақстанға білгенін істеп отыр. Сондай-ақ Еуропа құрлығында дағдарыс туғызу арқылы шикізаттық нарықта Ресей өзін тағы қожайын екенін сездіруге күш салуда. Бірақ үнемі Мәскеудің дегені бола қояр ма екен? Демек, бізге де Қазақстан мұнайын сыртқа шығару үшін балама жол іздеу керек. Ол қандай жол, ондай бағыт бар ма? Бар!

7 шілдеде Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы тоқтатылғаннан кейін көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселесіне арналған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий бағытын жүзеге асыру үшін үкіметке және тиісті мекемелерге бірқатар тапсырма берді.

– Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет, – деп Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке тапсырма берген. Бірақ біздің жайбасар үкімет шілдеден бері осы тапсырманы толыққанды орындай алған жоқ. Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов мұнайдың бір бөлігін Каспий теңізі арқылы тасымалдау мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан. Бірақ Ресейді айналып өтетін Қазақстан мұнайының қанша пайызы Каспий теңізімен Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропаға экспортталады. Мұның бәрін ашып айтқан жоқ. Сондай-ақ Каспий теңізі арқылы мұнайды Иранға да тасымалдау мүмкіндігі бар. Бірақ ресми Тегеранға қазіргі уақытта санкция салынып отырғандықтан ол бағытқа мұнай тасымалдау қиынға айналып отыр. 

Рас, біз бір ақиқат нәрсені айта кетуге тиіспіз. Транскаспий бағыты тек мұнай тасымалдауға арналмаған. Президент осы бағыттағы жұмысты жандандыруды бекер қозғаған жоқ. Транскаспий дәлізі қазақ елі үшін Ресейді айналып өтетін ең бір тиімді балама бағыт екені айқындалып отыр. Сондықтан Ақтау портының мүмкіндігін арттыруға қатысты тиісті шешімдер қабылданды. Мұнда үш жүк терминал бар, оның өткізу мүмкіндігі шамамен 21 млн тон­наға тең. Аталған бағыт бойынша жүктің кез келген түрін тасы­малдауға болады. Дерекке жүгінер болсақ, 2022 жылдың бірін­ші жартыжылдығында Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы 732,5 мың тонна жүк тиелді. Бұл өткен жылдағы көрсеткіштен 2,5 есе артық.

Жалпы халықаралық геосаяси жағдай күрделеніп отырған шақта Еуропа елдері ресми Мәскеумен қарым-қатынасты жандандыруға мүдделі болып отырған жоқ. Сондықтан Транскаспий бағытын Қазақстан тиімді пайдаланып, осы бағытты нығайтып алғаны дұрыс. Бір ғана мысал, жақында Батыс елдері Қазақстанға Ресейді айналып өтетін темір жол құрылысына арнап несие берді. Ресми дерек арқылы айтатын болсақ, Еуропа даму және қайта құру банкі «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясына «Еуропа мен Азия арасындағы жүк тасу жолдарын жетілдіруге» 50 миллиард теңге инвестиция салатын болды.

Бұған дейін Қытай мен Еуропа одағы арасындағы жүктің 95 пайызы Қазақстан, Ресей және Беларусь жері арқылы өтті. Ендігі жерде жүк тасымалы Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропаға өтеді. Демек, Ресейді айналып өтетін бұл бағыт қазіргідей қысылтаяң уақытта Қазақстан үшін өте керек. Бұл – балама жол. Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қазақстанға тың мүмкіндіктер ашады. Нақты айтар болсақ, бұл 8 мемлекеттің аумағындағы 11 мың шақырымға созылған жол. Ол Қытайдан басталып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Польша, Румыния секілді мемлекеттерді басып өтеді. Әрине, аталған балама бағытты жандандыру – Мәскеуге ұнамауы мүмкін. Өз территориясы арқылы өтетін жүк тасымалы үшін қыруар пайда тауып үйреніп қалған Ресей барынша бұл бағдарға кедергі жасауға тырысатыны да айқын. Бірақ бұл бағытқа қазіргі уақытта Еуропа елдерінің өздері қызығушылық танытып отыр. Сондықтан бұл мүмкіндікті қазақ билігі тиімді пайдалануы керек. Бұл болашақ үшін керек бағдар. Біздің ел қашанғы жүк тасымалын Ресей арқылы өткізеді? Сарапшылардың айтуына қарағанда, 2022 жылы аталған бағыт бойынша жүк тасымалы көлемі 3,2 млн тоннаға жетеді деген болжам бар. Сондай-ақ контейнерлік тасымал да екі есеге артуы тиіс.

Президент Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кешегі жолдауында тағы да осы мәселені көтерді.

«Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады», – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Демек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда Транскаспий бағытын күшейтуге қатысты тапсырмасының астарында осындай тиімді саясат жатқанын ұғынуымыз керек. Ендеше, бұл балама бағыттағы жұмысты күшейту ең алдымен үкіметке сын болып отыр.

Тегтер: