Баланы емдейтін аппараттың бағасы қымбат
Ұлт саулығы – мемлекет болашағының кепілі. Осы орайда кез келген мемлекет балалардың тән мен жан саулығына көңіл бөліп, осы жолда көптеген жобалар атқаратыны сөзсіз.
Әсіресе соңғы кезде елімізде ерекше күтімді қажет ететін балалардың саны жыл санап артып келеді.
Сәйкесінше, оларды сауықтыруға арналған орталықтар мен мекемелердің де көбеюі заңды. Сәйкесінше, билік те ерекше күтімді қажет ететін және қиын тұрмыстық жағдайында қалған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға ерекше назар аударудың қажеттілігін жиі айта бастады. Осы тұрғыда Жетісай ауданы әкімінің бастамасымен ауданда ілкімді істер жүзеге асырылып, күндіз емдеу орталықтары оңды нәтижелерге қол жеткізуде. Аталмыш орталықтар мемлекеттік қолдаулармен қатар демеушілер есебінен де қажетті құралдармен жабдықталып жатыр. Осы орайда күні кеше Түркістан облысы Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үміт ұясы» күндіз болу орталығында ем қабылдаушы мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан түскен өтініштер негізінде «СӘБИ» қайырымдылық қорының демеушілігімен құны 3 млн теңге болатын «Экзороллер» мобильді реабилитациялық кешені сыйға тартылған еді.
Ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың асыл арманы – ұрпағын қайткен күнде оңалту, оны аяққа тұрғызып, өмірге бейімдеу. Алайда жетеріне жете алмай тауы шағылып, жігері үгіліп жататындар да бар. Шарасыздық шыңырауға құлатып, одағай күйзеліс орға жықпас үшін ең алдымен баланы кішкентай кезінен бастап оңалту, бейімдеу орталықтарына жетелеген жөн. БЦП мен ми, жұлын жарақаттары, параплегия мен бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы секілді тірек-қимыл аппараты балаларды оңалтудың тиімді құралы. Осындай «Экзороллер» аппаратын емге қолданып, орталықтың мүмкіндігін алғашқы пайдаланған тұрғын Арафат Шаймерденнің анасы Айжан Егізбаева болды. Өйткені бірнеше рет жүргізілген медициналық тексерулер өздігінен жүріп-тұра алмайтын ұлына аталмыш аппараттың тиімділігін көрсеткен.
«Бұл аппараттың тиімділігін бізге еліміздің бірнеше мықты дәрігерлері айтты. Әйтсе де, бағасының қымбаттығы қолбайлау болды. Мәселенің мән-жайын айтып аудан басшысының жеке қабылдауына кіріп едік, шұғыл іске кірісті. Тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріп, ұлымды толық медициналық тексеруден өткізді. Бірнеше қайырымдылық қорларына хаттар жазылып, «СӘБИ» қоры демеушілік жасады. Бүлдіршіндеріміздің болашағына бей-жай қарамай, қайырлы іске атсалысқан барша азаматқа шынайы алғысымды айтамын», – деді Айжан Егізбаева.
Балаларға ерекше назар аударудағы мақсат – олардың мықты денсаулық пен терең білім алуларына зор жауапкершілікпен қарау. Себебі кемелді келешек – жас ұрпақтың қолында. Дені сау, білімді ұрпақ қана ұлт болашағын қалыптастыра алады. Ал бала тәрбиесі мен біліміне отбасындағы ата-ана мен ұстаздардың жауапкершілігі бірдей. Осы орайда әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балалар мен ата-аналарға осындай орталықтар керек-ақ. Орталықтың қыруар қызметі тек балаларды қолдап қана қоймай, ата-анаға да үлкен мүмкіндік береді. Себебі ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана баласы орталықтың қадағалауында болған кезде өз-өзін дамытуға, жұмыс істеуге, қарапайым үй шаруаларымен айналысуға уақыт табатыны анық.
Бүгінде «Үміт ұясы» оңалту орталығында балалардың жасына қарай ыңғайластырылып жабдықталған ойын, демалу, қабылдау бөлмелері мен балалардың антропометриялық өлшеулерін анықтайтын құралдар, сауықтыруға арналған медициналық заманауи кабинеттер бар.
Негізі ерекше балалармен жұмыс істеу сынды күрделі мәселеде білікті кадрдың қадірі қашан да биік болмақ. Бұл ең алдымен балаларға, жұмысқа деген кісілік қарым-қатынасты қалыптастырады. Сәйкесінше, мұқтаж жандарға жан-жақты көмек көрсету үшін орталықта психолог, логопед, дефектолог, дене шынықтыру және музыка мұғалімдері, емдік дене шынықтыру мен емдік терапия жөніндегі нұсқаушылар, массаж жасау жөніндегі мейіраға мен мейірбике, тәрбиешілер жұмыс істейді.
«2018 жылы жұмысын бастаған орталықтың 10-нан астам қызмет алушысы бүгінде өздігінен жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болды, оның ішінде мектеп табалдырығын аттағандары да бар. Мүгедектігі бар балалар және психологиялық мүгедектігі бар балаларды жалғыз қалдырмай мүмкіндігінше оларға жақындарының көмегін, айналасындағылардың тұрақты байланысын қамтамасыз етіп отырмыз. Балалардың ата-анасы, туыстары психолог мамандарымызбен тығыз байланыста болып, баланың қалыпты дамуына ықпал етіп келеді», – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбеков.
Сәруар БАҚБЕРГЕН
Түркістан облысы