Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 30 Мамыр 2024

Баланы еңбексүйгіштікке баулудың жолы

1
Фото: jw.org

Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз бар. Тура сол секілді «Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын» деген Абайдың сөзі де өте өзекті.

Өйткені еңбексүйгіштік пен еңбекқорлық адамға туабітті берілетін қабілет емес, жүре келе қалыптасатын дағды, өмір салты. Бүгінде әр саналы адам уақытын тиімді жұмсап, тайм менеджментті ұстануға, сол арқылы еңбек өнімділігін арттырып, табысын еселеуге, мақсаттарына тез жетуге талпынады. Алайда бұл қабілетті тұлға қалыптасуды бастап, өмір туралы түсініктерін түзген бала күннен сіңірген жөн дейді мамандар. Сонымен, баланы қалай кішкене күнінен еңбексүйгіштікке баулимыз? Бұл туралы психолог маман Бақыт Советқызы айтып берді.

«Еңбекқорлық адаммен бірге туатын нәрсе емес, оны баланың бойына сіңіріп, тәрбиелеу керек. Әріп тануды, бірге бірді қосуды үйреткен секілді балаға мақсатты түрде көңіл бөле отырып, еңбексүйгіштікті сіңірген дұрыс. Себебі бұл адамның өмірі үшін маңызды рөл ойнайтын мінездердің бірі. «Адамды адам еткен еңбек» деген сөз де бар. Құлағымызға сіңіп кеткені сонша, мұны қоғамдық өмірден де, адам өмірінен де бөліп қарастыра алмайсың. Әрине, еңбексүйгіштік бақыт пен табыс үшін қажетті жалғыз фактор емес. Алайда аса маңызды фактор. Сол себептен де ата-ана балаларын кішкене күнінен осыған бейімдесе, өскенде балаға да жеңіл болады. Негізі, бар болғаны екі-үш жаста баланың өзі үшін бәрін жасағысы келіп тұратын «қылық» пайда болады. Бұл түсініктің алғышарттары. Мәселен, өз киімін киюге, бөтелкесін немесе қасығын ұстап тамақ ішуге деген ұмтылыс. Осы кезеңді қалт жібермеу керек. Баланың жанында болып, дұрыстап жуынуға, өз бетінше ойыншықтарын жинауға, шашын тарап, шұлығын киюге дағдыландыру қажет. Көбіне-көп ата-аналар осы кезеңде өздері байқамастан салғырттық танытып алады. Мән беріп қарауды қажет ететін осы уақытта фантазияны «оятып», тапқырлық танытып, шыдамдылыққа үйренген жөн.

Ал мектеп жасына жеткен балалар өздері бақылап жүрген үлкендер секілді әрекет еткісі келіп, белгілі бір деңгейдегі еліктеулерді бастайды. Сондықтан аталған кезеңде өзіңнің күн тәртібің мен әрекеттеріңді ойланып жүру орынды. Бұл уақытта баланы шаңсорғышпен жұмыс істеуге, шаң сүртуге, кітаптарды реттеуге, шай жасап, жинауға араластыра беріңіз. Бір-екі қасықты жуамын десе бетін қақпаңыз. Осы істің бәрін тындырымды, таза, ұқыпты жасағанына назар салыңыз. Ал оның құлшынысы мен талпынысы қайтып қалмау үшін әрдайым жанында болып, көмектесіңіз. Және жұмсамай, тек өз қалауымен істеуіне көңіл бөліңіз. Әрі баланың процестен де, нәтижеден де рахаттанғаны дұрыс. Сонда ол іс істеуге, бір жұмысты өзі бастап, өзі аяқтауға, нәтижеге жете отырып, жұмыс барысын жақсы өткізуге үйренеді. Бұл қадамдардан бөлек мысал келтіру, менталды және интеллектуалды әдістерді қолдану да қажет».

Психолог маманның пікірі осындай болды. Дәл осы жерде педагог-жазушы Антон Макаренконың баланың еңбегі мен нәтижесі үшін оны жазаламаңыз және ақы төлемеңіз деген кеңесі де ойға оралады. Ол өзінің еңбектерінде осындай қағиданы жиі ескертеді. Бүгінде баланы ынталандыру үшін жасаған ісіне, оқыған кітабына, әр сабақтан алған «бестігіне», үй жинағанына немесе қосымша сабаққа барғаны үшін ақша беріңіз, ол солай қаржылық сауаттылыққа үйренеді деген кеңестер жиі айтылып жатады. Алайда Макаренко мұндай логиканың қате екенін ертеректе дәлелдеп кеткен. Өйткені еңбек пен оның барысы өздігінен адамға ләззат сыйлай алуы керек дейді педагог. Демек, жұмыс пен процестің өзі қуаныш сыйлап тұруы қажет. «Адам өз жұмысының сапалы да жақсы екенін білу арқылы қанағат сезімін алуы тиіс. Тура сол секілді өзіңнің тапқыр, табанды, мықты әдіскер екеніңді түсіну де өз алдына қуаныш сезіміне бойлата алғаны жақсы» деп түсіндіреді Макаренко. Оған қоса, отбасы мен отбасылық орта да баланың әрекетін өз деңгейінде мақтап отыру да артық етпейді екен.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: