Баланың қаржылық сауаттылығы

«Аналитик» талдау және сараптау орталығының мамандары балалардың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздығын айтып отыр. Олар «Жас Алаш» арқылықаржылық сауаттылыққа және ақшаға деген дұрыс қатынасқа бала кезден тәрбиелеудің маңызды екенін айтып берді.
Дәурен Арын қаржыгер:
«Балаңызға мынадай ойын ұсыныңыз: екеуіңіз қазына тауып алдыңыздар делік. Ондағы ақшаның шынайы не жалған екенін қайдан білуге болады? Мұндайда шынайы және «сувенир» ақшаны пайдалануға болады. Балаңыздың шын ақшаны ажыратуына осы тәсіл көмектесетін болады. Осы тәсіл арқылы балаңызға купюралардың шынайылық белгілері, оларды ажырата білу, әріптерінің салынуы, сутамғы белгілері және басқа да қорғаныш белгілері жайында айтып бересіз. Бұдан кейін ақшаның қайдан алынатынының, ақшаның ағашта өспейтінін, «банкоматтан» тектен-тек алына қоймайтынын түсіндіріңіз. Артынша мамандықтар жайында айтып беріңіз. Ақшаның «аспаннан түспейтінін» осылай түсіндіріңіз. Қызмет ақысына қалай, қанша көлемді ақша алатынын, бір-біріне көрсеткен қызметтер үшін ірі не ұсақ купюралар төленетінін түсіндіріңіз. Осы арқылы балаңыздың қаржылық сауатын арттыра аласыз.
Ал ақшаға не сатып алуға болатыны жайлы барлығын қарапайым мысалдан бастаңыз. Азық-түлік пен ойыншықта өзінің өміріне қажетті дүниелерді қанша сомаға сатып алуға болатынын ұқтырыңыз. Біреуің – сатушы, екіншіңіз – сатып алушы болу арқылы әр заттың құнын ұқтырып, оның алдымен ақысын төлеу керектігін ұқтырған жөн.
Тоғжан Шаяхметова, экономист-сарапшы:
«Бала таңдай жасай білуі керек. Мысалы, күнде тәтті ала бермей, ақшасын жинап, айдың соңында жаңа ойыншық алу немесе өзіне қажетті басқа дүниелерді алуға үйреткен жөн деп есептеймін. Жалпы, баланың армандап жүрген затын алу үшін қаражат жинап үйрету керек. Қаржы жинаудың ең жақсы тәсілі, күнделікті қалтапұл беріп тұрыңыз. Бұл – қаржылық сауаттылыққа үйретудің ең жақсы тәсілі. Ақшаны қалай жұмсауға болатынын міндетті түрде айтып беріңіз: оларды апта бойы жұмсау, ірі саудаға жинау, банкке салу және сол үшін пайыз алу. Егер бала барлық ақшасын бір күннің ішінде жұмсап қойса, ақшасыз отыра тұруға тура келеді. Осыны түсіндіріңіз. Баланың өз бетімен сауда жасауына сеніңіз. Бала белгілі бір сома жинаған кезде, мысалы, ойыншыққа делік, оған өз бетімен ойыншықты таңдап, оның ақысын төлеуге мүмкіндік беріңіз. Ол бұл сезімді есіне сақтап алады да, мақсатына өз бетімен қол жеткізгені үшін бойын мақтаныш кернейтін болады. Оларды ұқыпты болуға, бағаларды салыстырып, сапасына зақым келтірмейтіндей үнемдеуді үйретіңіз. Алдымен кез келген сауданы ата-ананың көзінше жасау қажет, содан кейін өз бетімен жасауға рұқсат беруге болады. Жалпы, балаңыздың заттарға, соның ішінде ақша мәселесіне келгенде көзқарасы сіздің көзқарасыңыздан ерекше болуы мүмкін. Оның пікірін сыйлаңыз. Оған қателіктері арқылы үйренуге рұқсат беріңіз және қажет болған жағдайда ақыл айту арқылы көмектесіңіз.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК