Баланың бәрі бақытты болуы үшін жаралған

2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Десе де, қазіргі таңда балалар үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр, кемшіліктер бар ма?
Бұл жөнінде балалар әдебиетінің жанашыры, журналист, ақын Серікбол Хасанмен әңгімелескен едік.
– Биыл «Балалар жылы» деп жарияланып отыр. Бірақ Балалар жылына орай жұмыстар жеткілікті деңгейде жүргізіліп жатыр деп ойлайсыз ба?
– Мемлекет басшысы балаларды қорғау, олардың денсаулығы мен білімін көтеру, әлеуметтік қамсыздандыру бағытындағы жұмыстар атқару мақсатында биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Сондықтан биыл негізінен осы бағыттағы жұмыстар атқарылғаны құба-құп болар еді. Жыл енді басталды ғой, бәлкім алдағы уақытта үкімет тарапынан белгілі бір бағдарлама жасалып, маңызды жұмыстар атқарылатын шығар. Әзірге балалар үшін деп жасалып жатқан ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе байқай қойған жоқпыз.
– Сіздің ойыңызша, Балалар жылында нақты не атқарылғаны дұрыс?
– Баланың қолы бос болған сайын, оның уақытын пайдасыз істерге жұмсайды. Не мектепте, не тәрбие көрмей өскен бала ертең қоғамды бүлдіреді. Сондықтан бала тәрбиесіне, оның күш-қуатын дұрыс пайдалануына ұстаздар болып, ата-ана болып, бағыт-бағдар беруіміз керек. Егер бала жастайынан бір нәрсеге қызықпаса, не шығармашылыққа, не спортқа, не қолөнерге, не техникаға бейім болмаса, оның болашағы күмән тудырады. Сондықтан қайткен күнде де балаларымыздың қызығушылығын оятуымыз керек. Бұл бағытта балалар үйірмелері, соның ішінде тегін үйірмелердің көбірек ашылғаны дұрыс. Себебі балалар мектептен кейін де уақытын босқа өткізбей, өзіне, өміріне пайдалы іспен шұғылданғаны абзал. Балаларға арналған тегін үйірмелерді көбейту бағытында елімізде бірқатар тиімді жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Алайда, Балалар жылы аясында сурет салу, ән шырқау, домбыра тарту, хореография, гимнастика, күрес, бокс, актерлік шеберлік, робототехника т.б бағыттардағы тегін үйірмелер саны көбейіп, алыс аймақтағы ауылдарға дейін жетсе, барша балаға қолжетімді болса нұр үстіне, нұр болар еді.
Балалар жылында атқарылатын тағы бір маңызды шара сауықтыру мәселесі болуы тиіс. Себебі елімізде ем-домды қажет ететін балалар саны көп. Кейінгі жылдары балалардың бойында кездесетін дерттің түрі де көбейді. Соның ішінде аутизммен ауыратын, сал ауруына шалдыққан балалардың да саны артып келеді. Мұндай балалар ерекше күтімді қажет етеді. Оларға керегі – тегін медициналық көмек. Баласының ем-домы табанынан таусылып жүрген ата-аналарды мемлекет Балалар жылында медициналық көмектен кенде етпеуі тиіс. Себебі балаларға бақытты балалық пен болашақ сыйлау – ата-ана мен мемлекеттің міндеті.
– Қазір көптеген белгілі тұлғалар Балалар әдебиетін қолдауға зәру дейді. Осыған орай, қандай шаруалар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Балалар жылы аясында атқарылатын тағы бір ізгі дүние балалар әдебиетін дамыту болуы қажет. Мемлекеттік тілді дамытудың бір жолы – жас ұрпаққа ана тілін сіңіру. Баланың кітап, газет-журнал оқу арқылы тіл байлығы артады, сөйлеу дағдысы қалыптасады. Кішкентайынан оқырман болып қалыптасады. Өкінішке қарай, қазір кішкентай оқырмандарды қалыптастыруға бей-жай қарап отырмыз. Балалар басылымдары мен кітаптарының қазіргі хәлі ауыр. Балалар жазушыларының аға буыны азайды. Жас қаламгерлер бұл жанрға жақындай бермейді. Соның салдарынан қазіргі заманғы балаларға арналған шығармалар жазылмай жатыр.
Әрине,балалар әдебиетінің ілгерідегі классиктері жазған іргелі шығармаларды жоққа шығаруға болмайды. Бала ол кітаптарды да оқуы керек. Алайда қазіргі бала шығармадан өз ортасын, өз қоғамын, өз замандасын көргісі келеді.
Жаңа авторлар, жаңа шығармалар дүниеге келу үшін балалар әдебиетіне мемлекет қолдау білдіруі керек. Сондай-ақ, дүниежүзінің балаларға арналған классикалық шығармаларын, ертегілерін, қазіргі заманғы белгілі қаламгерлердің әдеби кітаптарын, балалардың қызығушылығын қалыптастыратын, белгілі бір бағытқа баулитын танымдық кітаптарды қазақ тіліне аудару қажет. Одан бөлек өзіміздің балалар әдебиетінің классиктерінің таңдамалы шығармаларын және қазіргі балалар қаламгерлерінің кітаптарын (драматургия, поэзия, проза) шығару қажет. Балалар жылы аясында атқарылған тағылымды істің бірі осы болар еді.
– Байқасаңыз, қазіргі балалардың көбісін ютуб желісі тәрбиелеп жатыр. Ал балалардың «Балапан» телеарнасындағы мультфильмдерге қызығушылығы төмен. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Әлде бізде сапа төмен бе? Басқа да себебі бар ма?
– «Балапан» телеарнасының ішкі жағдайынан хабарым жоқ. «Балапанның» кішкентай балапандарымыздың тілінің қазақша шығуына, айналаны зерделеуіне, танымын қалыптастыруға көп көмегі тиіп жатыр. Алайда аудиториясы тар. «Балапанды» негізінен балабақшаның, бастауыштың балалары ғана көреді. Сондықтан бізге 5-сыныптан ары қарайғы балаларға, жасөспірімдерге арналған тағы бір арна керек секілді.
«Балапан» арнасының мультфильмдері балаларды баурамай жатса, ол мультфильм түсіруге бөлінген қаржының аздығынан шығар деп ойлаймын. Қаржы үнемделген сайын мультфильмнің сапасы да төмендейді. Мультфильмдерді осы саланың мамандары ғана түсіру керек. Бізде жақсы аниматорлар жетіліп келеді, енді сценаристерді көптеп тәрбиелеу керек. Қазақ анимациясы осылай біртіндеп дамиды.
– Балалар ақыны ретінде биылға қандай жоспарыңыз бар?
– Қазақ «арық айтып, семіз шық» дейді ғой. Жоспарда көп дүние бар, қайсысы орындалатынын бір Алла біледі. Сондықтан нәтижесі көрінгеннен кейін барып жариялаған дұрыс секілді. Жалпы, биыл балаларға арналған бір өлең кітабым баспа берілді. Шығып жатса, өздеріңізден сүйінші сұрармыз.
– Сіздің пандемия кезінде шығарған «Қолыңды жу» деген өлеңіңіз балаларды демде баурап алған еді. Дәл сол секілді тағы да өлеңдер жазу ойыңызда бар ма?
– «Қолыңды жу» өлеңі былтыр жарық көрген «Әкесінің қызы» кітабымда жарияланды. Бұл өлеңді танымал қылған – «Балапан» арнасы. Осы бағыттағы тағы біраз өлеңді әнге, анимация айналдырмақ ойымыз бар еді, бірақ арнадан қолдау таппады ма, қайтып көтерілген жоқ. «Қолыңды жу» өлеңі пандемия кезінде жазылды. Өлеңнің тууына сол уақыттағы әлемдегі жағдай әсер етті. Негізінде біраз өлеңдердің жазылуына осындай қоғамдағы жағдайлар, ішкі толғаныстар әсер етіп жатады. Мәселен, «Әліппе неге жылады?», «Аю мен тышқан» деген өлеңдерім солай жазылды. Қайбір жылы жаңадан келген министр Әліппені мектеп бағдарламасынан алып тастады. «Әліппе неге жылады?» сол уақытта жазылды. Андерсеннің ертегілері, Крыловтың мысалдарын оқысаңыз, астарында саяси мән жатады. Сондықтан балаларға жазылған шығармаларды тек балалар оқитын тақпақ деп қабылдамай, өзегіне мән берсек, көп дүниеге қанық боламыз.
– Сізді көпшілік балалар ақыны ретінде таниды. Алайда, сіз балалармен қаншалықты байланыстасыз? Арнайы мектепте кездесулерге барып тұрасыз ба?
– Әрине, мектептер, оқу орталықтары, кітапханаларға жиі барып тұрамын. Балалармен кездесу маған жігер береді. Мотивация алып қайтамын, тақырып табамын. Олармен сөйлесу арқылы неге қызығатынын, нені оқығысы келетінін зерттеймін. Жалпы балалармен сөйлескен қызық. Әсіресе қазіргі Альфа буынның қызығушылығы мүлдем басқаша. Жалпы, әрбір он жыл өткен сайын жаңаша қабылдайтын, жаңаша әрекет ететін ұрпақ өсіп келе жатыр. Сондықтан балалар шығармалары солардың сұранысын қанағаттандыра алатындай жазылуы тиіс. Ол үшін балалардың өздерімен кездесіп, сұхбаттасып тұру маңызды. Сонда ғана балаларға нағыз керек әдебиет жазылады.