Баланың жоғалуына қатысы болған ер адам ұсталды

Қаражал қаласында 26 сәуірде кешкі сағат он жарымда 30 жастағы ер адам кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені жөнінде хабарлап көмек сұраған.
Күндіз жоғалған қыз баланы әуелгіде туыстары өздері іздеп көрген. Полиция қызметіндегілер, Төтенше жағдайлар мамандары мен еріктілер Қаражал қаласының іші сыртын түгел қарап шыққан. Іздестіру шаралары барысында қараусыз қалған үйден 55 жастағы ер адам ұсталды. Оның қасынан жоғалған қыз бала табылыпты. " Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды ",- деп хабарлады Қарағанды облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Ұсталған азамат уақытша қамау изоляторына қамалған. Қыз баланың неше жаста екені және оның бүгінгі жағдайы жөнінде ақпарат айтылмай отыр. Дегенмен әлеуметтік желіге ер адамның ойын жасындағы бүлдіршінді алдап алып кетіп бара жатқаны түсіп қалған бейне жазба тарап кеткен.