Балауызды билеткен Эйфман: Катарсисті көздеген «Каренина»

***
...Есігі мәңгі жабылмас вокзалдарыңда,
Есігін тарс қып пойыздар қозғалғанында,
Көз бен көңілде мөлтілдеп тұрып аласың.
Талғат Ешенұлы
Таласбек Әсемқұловтың «Анна Каренина»... Бақытты роман. Бұл шығарма бойынша жиырмадан астам фильм түсірілген. Әр режиссер бұл романнан «өз тақырыбын» тауып, соны бейнелеуге тырысқан. Әлбетте, бұл роман жайында да менің өз пікірім бар.
...Қазірді былай қойыңыз, тіпті сол заман – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында бұл ескірген көзқарас еді. Мадам Каренинаның моральдық толғаныстарын оқып отырғанда адамның күлкісі келеді» - дейтіні бар.
Енді ойлап көріңіз, саған дейін түрлі интерпретацияда сан мәрте реинкарнацияланған, әдебиет сыншыларының пікірі қашан да қайшылыққа толы шығарманы XXI ғасырда сахналап қана қоймай, хас шедевр ұсыну үшін қандай шебер болуың керек?!
Бәлкім, мұның құпиясы Эйфманның өзі айтпақшы, Толстойдың тақырыптан өзгеге қатысы жоқтығында шығар: «Анна Каренинадағы» махаббат үштігі – тым жебір тақырып. Ондайды газет хроникасынан-ақ оқып алуға болады. Анықтамасында ғана атақты роман мотиві бойынша дегені болмаса, мұның түбінде менің Толстой сюжетіне жасаған психоанализім жатыр» дейді.
***
2005 жылы премьерасы болған күннен классиканың заманауи интерпретациясына бүйрегі бұра бермейтін нағыз интеллектуал театралдарды жаулап алған Борис Эйфманның «Анна Каренинасы» Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры сахнасында қойылды. Әрине, оны әлем мойындағаны туралы аңыз біздің құлағымызға әбден сіңсе де, өзің көріп, көзіңнің жеткені тым бөлек. Асқан қарабайыр болса да: «Көзіңнен жас тамғаны»- дегенім дәлірек. Және бұл тамшының трагедиялық сюжетке еш қатысы жоқ.
Бәрін басынан баяндайыншы.
Қараңғы бөлмеде бейне бір қиялдан туғандай жалт-жұлт еткен сиқырлы жарық мойнына гюйс тағып, жайбарақат қана ойыншық пойыздың қызығына батқан балдырғанға түсіп тұр. Оған қарсы бұрышта бақытты жұптың үлгісіндей Анна (Жанель Тукеева) мен Каренин (Архат Аширбек) балаларына сүйсіне қарайды. Ойыншық пойыздан шыққан білінер-білінбес шу көз алдыңда кордебалет орындауындағы ақсүйектер балының салтанатты сазына ұласады. Чайковскийдің Вена классиктеріне, әсіресе, Моцартқа еліктей жазған «Ішекті аспаптар оркестріне арналған серенадасының» бірінші бөлімі Аннаның өміріне енді қанша қаласа да, бұрынғыдай болмайтын фатал өзгеріс әкелер кездесудің әсерін арттыра түседі. Осы жерде жай ғана сөзге тиек етіп айта кету орынды болмас бір жайт бар. Ол – біз әңгімелеп отырған модерн балеттің толықтай Петр Чайковский музыкасына қойылуы. Эйфман мәнеріндегі сирек сюиталар тізбегі мен хореография һәм адамзатқа тән трагедиялық сипаттағы сезімдер пернесін дөп басқан музыкалық композициялар тандемі көрерменді естен тандырды.
Анна ақсүйектер жиынында жас жігітке бір көргеннен ғашық болады. Кардебалеттен босаған сахнада ессіз сезімге еліткен екеу мен арғы жақтан үндемей ғана әрлі берлі аласұрған Каренин көлеңкесі байқалады. Тұтас труппаның аса сәнді сахналық костюмдерін айтпағанда, аталған кейіпкердің образының жалаң жилетпен көрермен назарын өзіне ұзақ аударғаны рас. Қос ғашықтың арасына түсетін кейіпкердің тіпті Эйфман балетінде фаворит секілді сезім де ұялатады. Сырт бейнесінің мінсіздігімен қоса, Архат Аширбек сомдаған адюльтерге берілген әйелінің кесірінен шарасыздық шыңырауына құлаған жұбай монологы ешкімді бейжай қалдырмайды. Негізгі үшеу ішінен нағыз естияр, құндылықтарына адал, адекват адамның шырылына шын сеніп, жан-жүрегіңмен жанашыр боласың.
Ал, Вронскийдің (Богдан Вербовой) сымбаты расымен Анна жылы ұясын, туған баласын тастап кетуге қиярдай-ақ (мұндай ахинеялық тіркестің түбін Эйфман психоанализден тапқандай) бейнеленген. Бай-бағландар барын паш ететін ат жарыстың өзінде оның оқ бойы озық екені күрделілігі мен көркемдігі сонша әсерлі хореография арқылы көрсетілген. Ал ескі трактирде ащы суға сылқия тойғаны сонша Брейгельдің «Зағиптарындай» бірінен кейін бірі сұлап құлап жатқан офицерлер жанында ол тым асқақ сипатталған. Ғашықтардың махаббат сахналарында да олардың психоэротикалық үйлесімін тән қимылы арқылы шебер жеткізеді. Бұл эпизодтарда алғашқы көзқарас, құмарлық, сүйіс сынды махаббат эволюциясының әр этапы сюжет желісін айқындай түсетін кордебалет биімен кезектесе көрсетіледі.

Қойылымның қара түнек, көрермен үшін аса ауыр тұсы – Аннаның арпалысы. Құдды Матисстің «би» картинасынан түскендей жүзі жасырын шексіз шетсіз адамдар тізбегі шешімсіз тірліктен, өлмеген сезімнен шаршаған кейіпкердің жан жарасын одан әрі тырмалап ерсілі-қарсылы лақтырады кеп. Ұлы картиналарға оммаж ретінде таңдалған өзге де эстетикалық шешімдер секілді визуалдың дәл сондай ұлы музыкамен астасуынан бөлек бұл сахнаның көзге еленбес жасырын мәнін ұққанда бағасы артады. Бұл айналмалы қимыл дәл прологтағы ойыншық пойыз жолынан айнымайды емес пе?! «Өмір – тұйық шеңбер, өмір – ойын»- дей ме сонда Эйфман?!

Автордың тура біздің Дәрежан Өмірбаев «Шұғасын» сипаттайтындай «Толстойдың мотиві ғана» дегені есіңізде шығар. Олай болса, неге Эйфманның да Аннасы бұл фәниді өз еркімен қиып кете барады? Қалай алып келсең де, Каренинаның тағдыры вокзалда қиылуы тиістей көрінетіні несі? Әлдеқайда гумани түйін табылмас па еді бейбаққа?!
«Адамзат тарихындағы қасиетті кітаптың бәрінде «Ананың махаббаты – Жаратушының сүйіспеншілігі» екені айтылады. Ал Анна – сол Тәңірдің аманатына қастандық жасап, демонистік пиғыл жетегінде кеткен пенде. Оның өмірі өзгеше емес, осылай аяталары хақ еді», - дейтіндей балетмейстер.
Бұл ой Таласбектің мына сөзімен де астасатын секілді: «Қысқаша айтсам, бұл әйелдің жүйкесі жайында роман. Ресейде әйелдің жүйкесі мен жан жүйесі туралы түсінік болмағанымен, XVIII ғасырдың өзінде ақсүйектер әулетінде талма ауруы модаға айналған. Орыстың ақсүйек дамалары салондарда талып құлайтын болған. Мұндай үрдіс жаппай етек алды. ...Кавказ, Карловы Вары, т.б. минералды арасандарда емделіп жүрген ақсүйек әйелдердің арасында етек алған, ақсүйектерге ғана тән сырқат ақырында әдебиеттің тақырыбына айналды. Есіңізде болар, Л.Толстойдың романында жүйкенің ауруына шалдыққан адам – Кити. Алайда, зер сала қарасаңыз, Анна Каренинаның да жүйке ауруымен ауыратынын байқау қиын емес. Тек оның ауруы басқаша аталады, басқаша өрістейді».
Әрине, бұл пайыммен біреу келіссе, екіншісі қарсы болары заңды.

Бірақ... Хас театрал шүбәсіз мойындайтын дүние – Эйфманның «Анна Каренинасы» эстетикалық сезімнің шыңы. Бернинидің «Мен мәрмәрді балауызша иілттім» - деп айтатыны бар емес пе. Ал Эйфман сол балауыз мүсіндерге жан бітіріп, алдыңда сыр сандығын қимыл арқылы ақтартып, тоқтаусыз билетіп қойғандай. Мұның Тәңірге мінәжат екеніне иланасың. Сені еріксіз сакрал сәттің куәгеріне айналдырады. Секундтар сырғыған сайын бояуы қоюлана түседі. Терең... шетсіз... шексіз...
Жоқ, тұңғиыққа бата бергенде рельске құлаған Аннаның тәнінен сытыла шыққан демон дауысындай пойыздың ащы шыңғырығы сен көргеннің шексіз емес екенін ойыңа сап еткізеді. Тіпті, сен оны көрдің бе, көрмедің бе? Оның өзі күмәнді.
Көзіңнен жас тамады. Оның мына трагедияға қатысы жоқтай сезіледі. Бұл – катарсис. Сені өсімі күн санап артқан несие, дедлайны тақаған жоба есебі, «тозақ отындай жымыңдаған» қаладан аз уақытқа болса да, абсолют арылтар хас өнердің әлі де тірі екенінен аққан жас.
Аннаның өлімі қойылымның нүктесі емес. Спектакль соңында пойыз бейнесін сомдаған бишілер тарқап, қарапайым нөпір жұртқа айналады. Қаумалаған халық ортасынан арба итерген адам сұлбасы жақындап келеді. Анықтап қарасаң, кебін астынан адам өкшесі сығалайды...
P.S. Маған неге қойылым бойы Чайковский музыкасынан эпилогтағы ойыншық пойыздың дыбысы естіле берді?!