Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 14 Шілде 2021

«Балгер» Цой халықты құтқара ала ма?!

None
None

     Коронавирус жұқтыру көрсеткіштерінің өсуіне байланысты еліміздің барлық өңірінде шектеу шаралары күшейтілді.

Бұл туралы ел арасында «балгер» атанып кеткен еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

      Қазір дендеп бара жатқан коронавирусқа қатысты әлемдік денсаулық сақтау ұйымының болжамдары мен зерттеулері аса көңіл көншітпейді. Ал біздің елдегі «балгер» министр мен «болжаушы» санитарлардың айтары тіпті ерек.

       Былтыр коронавирусты «наконец-то келді» деп сарғая тосып күтіп алған Алматының бас санитары Бекшин мырза таяуда елге коронавирустың төртінші толқыны келгенін айтты. ӨКҚ мәлімдемесінде Жандарбек Бекшин былай деген болатын: «Соңғы екі аптада коронавирус 2,1 есеге өсті. Бұл –  1142 жағдай 2377 жағдайға дейін өсті деген сөз. Кейінгі тәулікте 353 жағдай тіркелді. Тәуліктік өсім 0,4 пайыз болды. Сондықтан, біздің ойымызша, бұл төртінші толқын деп саналады. Өткен үшінші толқынның себебі –  ұлыбританиялық штамның тіркелуі. Ол басылмай, жаңадан төртінші толқын басталып жатыр. Ұлыбританиялық штамға үнді штамы – «дельта» қосылды».

       Сөйтіп, қазір біз Англиядан келген «альфа» штамы, Делиден келген  «дельта» штамы деген сөздерді лексиконымызға енгізіп, тілімізді жаттықтырып алдық. Тіпті болашақта министрлер мен санитарлар «бетта», «гамма» терминдерін де осы вирустың аясына сыйғызып жіберсе, таңғалмайын деп тұрмыз.

       Хош, сонымен зәрені ұшырған штамды елге енгізіп алдық делік.Қазір вирус жұқтырғандардың саны күннен-күнге өсіп, індеттен көз жұмғандардың статистикасы артты. Бүгінде Қазақстанның 10-нан астам өңірі «қызыл аймақта» тұр. Жұрттың көкейінде «былтырғы шілдедегі жағдай тағы қайталанбай ма» деген үрейлі сауал тұрғаны анық.

       Еске салсақ, былтыр шілде айында індеттен шейіт болғандардың саны екі еселеніп, халық дәрі-дәрмек таппай, бетпердені қолдан тігіп, дәрінің орнына халықтық емге жүгініп, әуре-сарсаңға түскен болатын. Сол сәтте халықтың бұл әрекетін арандатушылыққа балаған әкімдер де, «атағын шығару үшін дабырлап жүргендер» деп, популизмге теліген министрлер де болды. Былтыр медицинадағы сауатсыз ем-шаралардың салдарынан қаншама адам көз жұмды?! Ауруханалардан орын таппай, емханалардың сыртында демі үзілгендерді де көрдік. Бірақ біздің атқарушы билік әдеттегідей «сыр алдырмайтын» әрекетіне басып, ел күңіреніп отырғанда «медицина қызметкерлерінің көңілін көтеру үшін» отшашу атып, «бізде барлығы бақылауда» деуден танбады.  Бұл былтырғы жағдай. Ал енді биыл шынымен де барлығы бақылауда ма?! Ел сенген Алексей Цой болашақта қандай әрекеттерге бармақ? Дәрі-дәрмек жеткілікті ме? Дәрінің бағасы бақылауда ма? Медицина қызметкерлерінің сауаты, білімі жетілдірілді ме? Министр Цой айтылған сыннан қорытынды шығарды ма?

        Мәселен, өткенде мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин министр Цойға «окоптан шығып, ел-елді аралап, ауыл-аймақтардағы аурухананың жайымен танысу керектігін» нықтады. Бірақ содан бері ай өтсе де, атқа мініп, ауылдарды аралауға шыққан министрдің сұлбасын да көрмедік. Цой мырза болжамын айтып, долбарын жасап, кабинетінде мамыражай отыр. Ал біз деректерге жүгінсек, бір ғана дәрі-дәрмектің шектік бағасын белгілеу жайы елде әлі шешімін таппаған.

        Бұған қатысты«Аналитик» талдау-зерттеу орталығының маманы Надежда Рокина:     – Жеке құрылым болғандықтан, пре­парат­тарға біреуі – 10, енді бірі 20, 30 пайыз үстемеақы қосып жібереді. Оларға бұл тұрғыда ештеңе айта алмайсыз. Қандай да бір шара қолдану үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске түзетулер енгіз­геніміз жөн. Сол арқылы дәрілерге мем­ле­кеттік реттеу орнату керек. Әсіресе мемле­кеттен тегін берілетін дәрілерге бақылауды күшейткен абзал. Мысалы, үкімет халықты тегін берілуі тиіс дәрілермен қамту үшін қаншама қаржы жұм­сайды. Әттеген-айы сол – тегін дә­рілер­дің өзі кейде сатылымға шығып кете­тін жайттар жиі кездеседі. Бұл салада түйіні көп түйткілдер жетіп-артылады. Сондықтан мұны үкімет мемлекеттік тұрғыда реттеуі қажет, – дейді.

        Отандық мамандар ғана емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтауұйымының мәлі­метін­ше, біздің елдегі дәрі-дәрмек бағамы Ар­мения, Молдова, Украина, Беларусь, Қырғыз және Ресей елдеріндегіден де аспандап тұр. Мысалы, Армения халқын дерттен жазып алу үшін сатылымға түсетін дәрі-дәрмекке 7,1 пайыз ғана үстеме қосса, Украинада бұл көр­сеткіш – 5,5, Ресейде – 7,5, Қыр­­ғыз елінде 6,2 пайызды құ­рай­ды. Ал бізде са­ты­лымға түсетін дәрі баға­мы­на қосар үстеме 20-30 пайызға дейін жетіп үлгерген.

        Дәрі-дәрмектің қымбаттығына қатысты елдің мұң-зарын еститін министрлік тағы көрінбейді. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны, ІІ топтағы мүгедек баласын бағып отырған Гүлмария Мамиханованың айтуынша, оларға бұған дейін де үкіметтің көмегі шамалы болса, енді тіптен жандарын шүберекке түйе бастапты.

     – Елу мың теңге сомасындағы мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы аламыз, ол дәрісіне де жетпейді. Баламның ұстамасын жеңілдететін дәрілер соңғы екі айда 30-40 пайызға қымбаттап кетті және ол дәрілерді табудың машақаты да көбейді. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі жедел түрде осы жайттарды ескерсе деймін, – дейді Гүлмария Мамиханова.

       Дәрі-дәрмектен бөлек, медицинаның да сын көтермейтін тұстары барын жасырмау керек. Дәрігерлердің біліксіздігі, тиісті протокол бойынша сауатты ем нұсқаулығын енгізе алмауы да көптің көңілін қамықтырып тұр. Сала мамандарының пайымынша, қазірде ковид пен пневмонияны шатастырып алып, емдеу деректері де жиілеген. Ірі қалалардан бөлек, ауылдық аймақтарда, аудан орталықтарында сауатты, білікті мамандардың тапшылығы да үлкен мәселеге айналып отыр. Медицинаның марғаулығы, сауатсыздығы талай адамды жан тапсыртып, бүтін бір әулетті қамықтырған оқиғалар да бізде жиі кездеседі. Бұл салада қуатты аппараттардың жетіспеушілігі, ауылдық жерлердегі ауруханалардың талапқа сай еместігі, тіпті қайсыбір ауылдардағы амбулаториялардың ескі нысаннан шыға алмай, ел әлі 90-жылдардағыдай есеңгіреп отырғаны тағы бар. Ал бұл мәселелер кабинетінен шықпайтын министр Цойды алаңдата ма?! Шынтуайтында,  қазіргі жағдайда жұрт кімге, неге сенерін білмей қалды. Бірі министрдің аузын бақса, енді бірі «бұл – саясат» деп қолын сілтейді. Ал медицинаға сенбеген қайсыбірі бақсы-балгер аралап, солардың көмегіне жүгініп кетті.  Халықтың санасын «ауруханаға барсаң, «коронавирусқа шалдығыпсың» деп статистикаға  қоса салады» деген қорқыныш меңдеп алған. Елдің бұрын да бұл салаға сенгенінен сенбегені көп еді. Қазіргі жағдай халықтың күдігін тіпті қоюлатып жіберді.

            Ендігі кезекте мамандар «Алексей Цой мырза шұғыл түрде келеңсіздіктерді ескеріп, айтылған ұсыныстарға мән беруі тиіс» дейді. Ол үшін, біріншіден, ірі қалаларда қап­тап кеткен жекеменшік дәріханалардың санын шектеуге назар аудару керек. Екіншіден, ше­кара асып келген дәрілерді жан-жақты тал­дай­тын, зерттейтін веб-зертханалар ашу қажет. Үшіншіден, жал­ған дәрілік заттарды тарат­қандарға қылмыстық жауапкершілікті қатайту керек. Дәрі-дәрмектің 90 пайызын шеттен алатын Қазақстанға алдымен осы жайттарды мықтап ескерген жөн. Бұдан бөлек, медицина саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, оларды қуатты технологиямен қамтуға, ауыл-аймақтардағы амбулаториялардың нысандарын жаңартып, ауылға білікті мамандардың баруына жағдай жасалуы тиіс.  «Республика халқының 40 пайызы ауылда тұратынын ескерсек, қазіргідей сын көтермейтін медицинамен ауыл халқын қырып аламыз» дейді мамандар.

Сондай-ақ сала мамандары «Барлығы бақылауда» деп, «болашақты болжап», арқаны кеңге сала бермей, ақиқатты ашық айтып, жоқты жоқ, болмасты болмайды деп айта білу де халыққа жанашырлық. Олай етпесек, елді ешқандай «балгер» министр, сауаты жоқ марғау медицина тығырықтан шығара алмайды» дейді.  

Тегтер: