Балғын балалық шақ хикаялары

Қатардағы қарапайым шаруа отбасында өскендіктен болар, балалық шағым тым қарапайым болды.
Өмір жетегіне ілесіп тіршілік еттік, ата-анамыздың қарапайым еңбегін көріп, еңбектің қадірін біліп, өсіп жетілдік. Әрине, балалық шақтың барлығы тегіс тақтайдай, қиындықсыз, уайымсыз, ауыртпалықсыз болды деу артық болар. Соғыстан кейінгі ауыр, күйзеліске толы жылдардың ұрпағы болғасын ба елдің әлі жағдайлары тым түзеліп үлгермеген кезеңінің «ызғары» біздерге де әжептеуір әсер етті. Несін жасырымыз, кейде тойып, сүйсіне тамақ ішпеген күндеріміз де болды. Негізгі тамағымыз етсіз ботқа, сүт пен айран, жабайы дала жуасы, жаппа таба нан, кеспе көже еді. Ойыншық дегенді білмей өстік десем қателеспеймін. Оларды лай-саздан, темір сымнан, таяқтан, допты сиыр жүнінен жасадық. Үстімізге ілген киімдеріміз де мәз емес болатын: қыста мақта мен жүн салып қолдан тіккен, жіптен тоқыған кеудеше, күпәйке болса, жазғы киіміміз – жеңіл көйлек пен сатиннен тіккен жұқа шалбар болатын. Қыста аяққа резінке табанды керзі етігі болса, жазда жеңіл брезент аяқкиімге мәз болатынбыз. Күн жылып, жер қызғанда жаздай жалаңаяқ жүріп, күзге дейін табанымызды қалың күс басып кететін. Ес білгеннен ауылға тән қара жұмысқа жегілдік. Малға қарау, қой-қозының кезегіне шығып, оларды бағу, отын-сумен үйді қамтамасыз ету, шөп шабу, егін даласындағы жұмысқа араласу, қырмандағы еңбекке қолғабыс тигізу, ауладағы бір бітпейтін майда-шүйде тіршілік… барлығы күні кешегідей көз алдымда. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза өзінің шығармаларында (мысалы, «Ай мен Айша» романында) «Бізде балалық шақ болған жоқ» деп өзінің балалық шағын күрсіне еске алады. Біздің де балалық шағымыз бір керемет, тамаша, қызықты болды деп айта алмаймын. Ауылдың барлық қара сирақ балаларына тән өмір сүрдік: алыстық-жұлыстық, күш сынасып-күрестік, шыжып тұрған ыстық күнде шөп шаптық, қалып тартып, кірпіш құйдық, шаңы шыққан алаңқайда доп тептік, ауыл сыртындағы тоғанға қой-ешкі тоғыттық, екі топқа бөлініп алып есек көкпар тарттық, түнделетіп көршілердің бақша-бағына еніп, алма-өріктерін, түнгі ай жарығымен бақшасындағы қауын-қарбызын ұрладық. Сөйтіп, балалықтың әсерінен уақыт зулап, біраз жылдар жөңкіп өте шығыпты. Десек те өткен балалық шағымызға өкпе жоқ. Еміс-еміс ол кезеңнің есте қалғандары шамалы ғана. Өткенге көз жүгіртіп, есте қалған мына бір-екі бастан өткен оқиғаны әңгімелеп берейін.
Ұмытылмас сол бір саяхат
...Әлі мектеп табалдырығын аттамаған бала кезіміз. Сиыр бағатын, сүт сауатын ауыл төменгі Талас бойында көл жағасына ондаған киіз үйлерде орналасқан еді. Одан 5-6 шақырым жерде сүт өңдеп, май шығаратын, жергілікті халық «масылзавод» деп кеткен қыстақ бар-ды. Оның құрамында бастауыш мектеп-интернат болатын. Онда сол төңіректегі малшылардың балалары жатып оқитын (мен сол мекепке 1957 жылы барып, алғаш кітап бетін ашып, білім алуды бастадым). Ойымша, ол кезде, сірә, сол 5-6 жаста болуым керек. Бізден жасы сәл ересектеу Еламан деген ағамыз: «Дайындалыңдар, ертең сендерді походқа апарамын. Екі-үш үзім нан мен құтыларыңа шамалы айран құйып алыңдар. Походқа баратынымызды ата-аналарың, үлкендер білмесін. Білсе, жібермей қояды», – деп шегелеп, бізді белгісіз «жорыққа» дайындады. Ертеңіне ерте тұрып, бір кесе айран ішіп алып, кешегі келісім бойынша, ауыл сыртындағы қалың шеңгел ортасындағы ашық алаңға оншақты бала жиналдық. Белді буып, алдымызға жетекшіміз Еламанды салып, күн шығыстағы құм жалдарын бетке алып жүріп кеттік. Қанша жүргеніміз белгісіз, бірер құм жалдарынан асып, күнге күйіп шаршай бастағанымызда «қолбасшымыз»: «Демалыңдар, привал, жол әлі ұзақ. Сексеуілі қалың орманға жетіп, оның етегіндегі қамысты айна көлге барып шомыламыз. Онда қаз-үйрек жыртылып айрылады. Солардың ұясынан жұмыртқа жинап, ауылға әкелеміз. Әке-шешелеріңді қуантасыңдар. Құстың сұлуы, падишасы аққуды көріп пе едіңдер? Оны да көрсетемін», – деп бізді одан сайын қызықтырып, ынтықтырып қояды. Баламыз ғой, үлкендердің сөзіне Құдайдай сенеміз. Содан жүріп келеміз, жүріп келеміз. Біразымыз күннің ыстығы мен ауыр жолдан титықтап, маңдайларымыз шып-шып етіп терледі. Басшымыз оларға қарап: «шаршамаңдар, бір-біріңе көмектесіңдер, анау қырдан ассақ арғы жағы таяқ тастам жер, жақын қалдық...», – деп мезгіл-мезгіл бізді үміттендіріп қояды. Қанша уақыт өткенін білмеймін, күн ауа әупірімдеп жүріп, сексеуілді жал-құм жиегіндегі көлге жеттік. Көлге шомылып, жағадағы құмға аунап, әкелген нанымызды жеп, айранымызды ішіп, біраз күш жинағандай болдық. Шынында көлемді айдын көлде құстар көп екен. Қаз, үйрек, аққұтан, шағала және т.б. құстар көз жауыңды алады. Біреуі ұшып, екіншісі қонып, үшіншісі суға сүңгіп, бесіншісі сұңқылдап, төңіректі құс базарына айналдырып жіберіпті. Бірақ олардың ұялары көл ортасындағы қалың қамыс арасында болып шықты. Оған бізге жету мұң, өйткені біреуміз де жөнді жүзе алмаймыз. Ортамызда әуреленіп көргендер болды, бірақ қа-а-й-дан. Ит жүзіспен алысқа бара алмайтынын біліп, беттері қайтып жатты. Біздерге қол жетпес арман болып қала берді...
Сөйтіп әуреленіп жүргенде күнге қарасақ, дөңгеленіп, көкжиекке жақындап қалыпты. «Қараңғы түспей ауылға жету керек. Әйтпесе түз тағысы аң-құсқа жем болып қалуымыз мүмкін» деп қолбасшымыз бізді жолға асықтырды. Жиналып, кері қайтып келеміз. Бірақ мыртың-мыртың етіп жүрісіміз өнер емес. Бірте-бірте күн ұясына отырып, ымырт орнап, төңірегімізді түн қараңғылық тұмшалай бастады. Түн құстары төбемізден ұшып, үкі ме, жапалақ па сұңқылдап, мазамызды алды. Әр дыбысқа селт етіп, қамыстың сыбдырына, шеңгелдің ызыңына елеңдей бастадық, «қорыққанға қос көрінеді» дегендей бойымызды үрей биледі. «Түнде жолды жұлдыздарға қарап анықтау керек», – деп Еламан қолбасшымыз мезгіл-мезгіл сандаған жымыңдаған көктегі жұлдыздарға біздің көңілімізді аударады. Біз үшін жұлдыздардың барлығы бірдей, қайсысы Темірқазық, қайсысы Үркер, қайсысы Есекқырған екенін ажырата алмаймыз. Түнгі аспандағы жүздеген жыпырлаған жұлдыздардың қайсысы оңтүстікте, қайсысы батыста – түсіну қиын. Бір кезде құм белдердің арасындағы есігі мен терезелері үңірейген бір ескі иесіз қораға келіп жеттік. «Ой-бу, біз адастық. Мынадай қора біздің жолда жоқ болатын. Жолды қалай табамыз? Енді не істедік?», – деп Еламан жерге отыра кетті. Онсыз да қорқыныштан жанымызды шүберекке түйіп, үрейленіп келе жатқан бізге бұл жұдырық болып тигендей болды. Бойымыздан күш, әл кетіп, отыра-отыра кеттік. Базбіреулер мұрындары пышылдап, көздері бұлауланып, үрейленіп, шошынып, дауыстарын шығармай жылай бастады. «Түнде жүру қауіпті, не де болса осы қорада түнейміз», – деді Еламан жол бастаушымыз. Одан сайын қорқыныш үдей түсті. Айналамызды соқыр қараңғылық басты. «Командиріміздің» командасы бойынша төңіректен кепкен тезек, қураған ағаштар мен бұталарды жинап, от жақтық. Оның жарығы айналаны аздап болса да кеңейткендей болды. Жан-жағымызға үрейлене қарап, қорқыныштан лүпілдеген жүрегіміз кеудемізге сыймай, аттай тулап, бір-бірімізге тығыла түсеміз. Қанша уақыт өткенін білмейміз, бір кезде алыстан шыққан дауыс құлағымызға жетті. Бірте-бірте дауыс жақындап, бірнеше аттың кісінегені байқалды. Бұлар бізді іздеп шыққан ата-аналарымыздың бір тобы екен. Құдай жарылқап, түн жарымында айдалада иесіз қалған қора басынан бізді тауып алды. «Бұларың не? Неге рұқсат сұрамай, ешкімге білдірмей ауылдан ұзап шығып кеттіңдер? Бүкіл ауылды дүрліктірдіңдер ғой. Ендігәрі бұлай етпеңдер. Елсіз далада жоғалып, ит-құсқа жем болып кетсеңдер не болар еді? Әй, балалар-ай, балалықтарыңның базарынан шыға алмай, қауіп-қатерді әлі сезінбей жүрсіңдер ғой. Мына есерсоқ Еламанға не жоқ? Сендерді елсіз құз далаға ертіп кетіпті», – деп ренжігендері бар. Біз жауап таппай, үнсіз қала бердік...
Тағы бірде ферманың сиырларын сауатын шешеме көмектесуге қораға бардым. Сиырды қолмен шелекке сауады да сүтті арнайы флягқа құйып жинайды. Мен анамның жұмысына көмектесіп, сауылған сиырдың бұзауын қазықтан босатып, бас жібін шешіп тұрамын. Баламын ғой, сиыр сауылып біткенше бір мезет ары-бері жүгіріп аламын, кейде машина болып гүж-гүж етіп қарға тығылып қалғандай «бөксебайт» боламын. Машина скорысын салғандай болып бірде алға, бірде кері жүремін. Сөйтіп жүріп шешемнің үйге алып кетпек болып жиған шелектегі сүтін абайсызда төңкеріп алғаным есімде. Шелек толы сүт жерге төгіліп, бір сәтте жарамсыз болып қалды. Шешем сол күні көңілсіз, сүтсіз, бос шелекпен үйге қайтты. Сол күні менің тентектігімнен үйдегілер сүт-айрансыз қалды...