Балқашта экс-полиция басшысы мен кәсіпкер пара ісі бойынша қамауға алынды
Балқаш қаласында пара алды деген күдікпен жергілікті полиция бөлімінің бұрынғы басшысы мен кәсіпкер екі айға қамауға алынды. Бұл туралы КазТАГ хабарлады.
Қарағанды қаласының тергеу соты бұл ақпаратты растады. Сонымен қатар сот қаулысы әлі заңды күшіне енбегені, адвокаттар тарапынан шағым түскені және материалдардың облыстық сотқа жолданғаны айтылды.
Бұған дейін Қарағанды тергеу соты аталған қылмыстық іс бойынша тергеу кезеңіне екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.
«Патриот» паблигінің мәліметінше, Балқаштың полиция полковнигі 4 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, кәсіпкер бұл істе делдал болған және ол полковникке қарсы айғақ берген.
Алайда күдікті экс-полицей пара алғанын жоққа шығарады. Ал кәсіпкер сотта өзіне қысым жасалып, осындай айғақ беруге мәжбүр болғанын мәлімдеген.
Сондай-ақ бұрынғы полиция басшысы сотта өзін «тапсырыспен істелген іс» деп бағалап, бұл жағдайға Саяқ кентіндегі заңсыз алтын іздеушілердің («қара алтын іздеушілердің») қатысы болуы мүмкін екенін айтқан.