Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Балқашта сегіз жасар баланы азаптау ісі бойынша сот басталды

балалар
Фото: ашық дереккөз

Балқаш қаласында сегіз жасар баланы азаптау дерегі бойынша қоғамда резонанс тудырған қылмыстық іс сотта қарала бастады.

Айыпталушы орындығында баланың әкесі жағынан туысы отыр. Сот процесі айыпталушы тараптың өтінішімен жабық режимде өтеді.

Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға өткен жылдың тамыз айының басында болған. 33 жастағы ер адам үйде екі кішкентай баласымен және жиенімен бірге қалған. Ол сегіз жастағы жиені өзінің төрт жасар қызына қатысты әдепсіз әрекет жасап жатыр деп күдіктеніп, ашуға беріліп баланы аяусыз ұрып-соққан.

Салдарынан бала ауыр дене жарақаттарын алған. Дәрігерлер саусақтарының сынғанын, миының шайқалғанын, бірінші дәрежелі күйік пен денесінің әр бөлігінде көгерулер мен қан ұю барын анықтаған.

Баланың анасының айтуынша, ұлы Балқашқа атасының өтінішімен уақытша жіберілген. Оқиға күні атасы жұмыста болған. Ал баланың әкесі қазіргі уақытта түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Сот-медициналық сараптама сегіз жасар баланың физиологиялық тұрғыдан жыныстық сипаттағы әрекет жасауы мүмкін еместігін растаған.

Алайда бала ауыр психологиялық жарақат алған. Анасының сөзінше, ол түнде шошып оянып, есік қағылған дыбыстан және полиция қызметкерлерінен қорқатын болған, қатарластарымен араласуы қиындап, тұйық мінез көрсете бастаған.

Сондай-ақ анасы полицияның 2 тамыз күні баланы психологсыз бірнеше сағат бойы тергегенін мәлімдеді. Алғашында іс Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша тіркелгенімен, кейін бұл бап алынып тасталған.

Сот отырысына журналистер келгеннен кейін айыпталушы, оның қорғаушысы және прокурор процесті жабық режимде өткізу туралы өтініш білдірді. Сот бұл өтінішті қанағаттандырып, БАҚ өкілдерін залдан шығарды. Айыпталушы тарап істің мән-жайы бойынша пікір білдіруден бас тартты.

Айыпталушы 6 тамыздан бері қамауда отыр. Ол іс қоғамда кең талқыланып, Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл араласқаннан кейін ғана қамауға алынған. Ер адамға кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді деген айып тағылған.

Баланың анасы ұзақ ем-дом мен дәрігерлерге бару салдарынан жұмысынан айырылғанын, қазір баласына психологиялық көмек көрсету үшін несие алуға мәжбүр екенін айтты. Ол соттан әділ шешім күтетінін жеткізді.