Балнұр Оңғарова: Бас бостандығынан айырылғандарды қоғамнан шететуге болмайды
Бүгінде аймақтық сайлау комиссияларының жұмысын арттыру, аудандық, қалалық, ауылдық сайлау учаскелерінің кәсібилігін тереңдету жайы жиі айтылып жүр.
Осы орайда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жуырда біраз аймақтарды аралады. Соның ішінде Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жас сайлаушылармен кездесіп, семинар-кеңестер өткізді, сондай-ақ ауылдық жас сайлаушылармен кездесті.
Кездесу барысында барысында ОСК төрағасы 2022 жылғы бүкілхалықтық референдумда қолдау тапқан конституциялық реформа шеңберінде сайлау жүйесіндегі ауқымды өзгерістерді атап өтті. Сондай-ақ 2025 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлауға және мәслихаттардың депутаттарын сайлауға байланысты мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндірді.
Сондай-ақ бұл шарада сайлаушылар үшін дауыс берудің балама түрлерін енгізудің маңыздылығы атап өтілді. Мысалы, бұл ретте Абай облысында оқытушы болып қызмет істейтін Салтанат Шәріпқұлова сайлаушылар үшін дауыс берудің баламалы түрлерін енгізудің маңыздылығы туралы айтып, олардың, әсіресе егде жастағы адамдар үшін ыңғайлылығын атап өткен.
Жалпы, біздегі сайлау барысында алдағы уақытта сайлаушыларға қандай қосымша жаңалықтар енгізуге болады. Сайлау учаскелерінде терминалдар арқылы дауыс беру түрін енгізе аламыз ба?! Қазір қоғамда «бас бостандығынан айырылғандардың дауыс беруге құқы жоқ» деген пікірлер де көтеріліп жүр. Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде біз Экономика және құқық институтының саясаттанушы маманы Балнұр Оңғаровамен тілдестік.
– Балнұр ханым, қазір сайлау саласының өзекті мәселелеі бойынша онлайн сауалнамалар көп жүргізіледі. Сондай сауалнамалардың бірінде сайлау учаскелерінде терминалдар (ХҚКО-ғы кіреберісте қолданылатындарға ұқсас) арқылы дауыс беруді ұсынды. Мұны қолдауға бола ма?!
– Негізінде, мұндай бастаманы қолдайтын елдер аз. Тіпті жоқтың қасы. Әрине, қазіргі жастардың ойлау қабілеті, таным-түсінігі мүлдем басқа. Жастар онлайн жүйені көбірек қолдайды. Мұндай сауалнаманы мен білемін. Жастардың арасында оған қатысқан респонденттердің 78 пайызы осы ұсынысты қолдаған. Бірақ бұған біздің техникалық базамыз әлі дайын емес. Сайлау учаскелеріне пост-терминалдар апару үшін бюджеттен қаражат бөлінуі керек.Және әрбір сайлаушы дауыс беруге келген кезде ондай терминалдармен жұмыс істей алмай, нұсқаушы менеджер талап етуі мүмкін. Демек, ол да қосымша шығынды талап етеді. Терминалдардағы деректер де экран бетіне баршаға бірдей көрініп отыратындықтан мұндай бастаманы енгізу біз үшін таңсық деп ойлаймын. Сондықтан таяу болашақта бұл жаңашылдыққа ене қоюымыз екіталай.
– Сіздіңше, сайлау барысында дауыс беруге қатысты қандай жаңалықтар енгізу қажет. Қазір мысалы, «бас бостандығынан айырылғандарды дауыс беруден шеттету керек» деген пікірлер айтылып жүр.
– Жуырда мұндай сауалнамаға қатысқан респонденттердің 54,8 пайызы «сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың дауыс беруге құқығы жоқ» деген пікір білдіріпті. Бірақ өз басым, бұлай шететуге болмайды деп санаймын. Бас бостандығынан айырылғандарды қоғамнан шететуге болмайды. Керісінше, олардың түзету камераларынан түзеліп шығып, қоғамға пайдасы тиетін азаматтар болып қалыптасуына ықпал еткен абзал.
– Сондай-ақ сайлау учаскелерінде толтырылған бюллетеньмен суретке түсіруге (селфи) тыйым салу керек деп санайтындар да баршылық.
– Иә, нақ осы жолы мұндай сауал ОСК төрағасы аймақтарды аралағанда көтерілді. Абай облысы бойынша мұндай сауалнамаға қатысқан респонденттердің көпшілігі 63,6 пайызы сайлау учаскелерінде селфи жасауға қарсылығын білдірген. Бұған қоса сауалнамаға қатысушылардың 44,2 пайызы электронды жүйенің техникалық құралдарына сенімсіздікке байланысты интернет арқылы немесе жаңағы сіз айтып отырған терминалдар арқылы, сайлау мен референдумда дауыс бермейтінін білдіріпті. Жалпы, ортақ есепке шаққанда қазірде респонденттердің 67,2 пайызы дәстүрлі бюллетень арқылы дауыс беруді ең сенімді әдіс деп атаған.
Жалпы, қазір «Сайлау туралы» заң да өзгерді. Білесіз, Қазақстан сайлау жүйесінің өзіндік саяси-құқықтық тарихы бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама сайлаулар болды. Елімізде 20-дан астам мемлекеттік маңызы бар сайлау науқаны өтті. Бұл еліміздегі саяси жүйеде халықаралық стандарттарға тән сипатпен дамытуға ұмтылыстардың бар екенін көрсетеді. Сайлау заңнамасымен бірге сайлау үдерісі де жақсаратыны сөзсіз. Сайлау реформасының маңызды бағыты, сайлау комиссияларының дербес біртұтас жүйесінің конституциялық-құқықтық негізін қалыптастыру болғандықтан өткен жылдармен салыстыра қарасақ, біз осы мақсатқа жақындап келе жатқан тәріздіміз. Сондықтан бұл жүйеде әлі де жаңалықтар болары даусыз.
Қ.САЙЛАУ