Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:35

Балнұр Серік: Терроризмнің пайда болуына әсер ететін әлеуметтік себептер көп айтылмайды

терроризм
Фото: ашық дереккөз

Әдетте терроризм мен радикалдану мәселесін тек қауіпсіздік немесе құқық қорғау тұрғысынан түсіндіреміз. Алайда бұл жеткіліксіз. Бұл ең алдымен қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың, құндылықтардың, мүмкіндіктердің қалай бөлінетінін көрсететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Бүгін біз осы тақырып аясында әлеуметтанушы Балнұр Серікпен сұхбаттастық.

- Қоғамда терроризмнің пайда болуына әсер ететін негізгі әлеуметтік факторлар деп нені атар едіңіз. Әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық сияқты құбылыстар радикалдануға қаншалықты ықпал етеді?

– Менің ойымша, терроризм тек кедейлікке, білімсіздікке немесе белгілі бір мәдени ортаға ғана байланысты емес. Керісінше, терроризм қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, саяси шеттетілу, мәдени дағдарыс, әділетсіздік сезімі, сондай-ақ тұлғаның өмірлік мағына іздеуі сияқты көптеген факторлардың қиылысқан тұсында пайда болады. Сондықтан терроризмді тек бір аймақтың немесе бір халықтың мәселесі ретінде қарастыру шынайы әлеуметтік процестерді түсінуге көмектеспейді. Қоғамда белгілі бір топтардың әлеуметтік тұрғыдан шеттетіліп қалуы, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмауы немесе өздерін саяси және мәдени ортада қажетсіз сезінуі радикалданудың алғышарты десек те болады. Мұндай жағдайда кейбір адамдар үшін радикалды ұйымдар әділетсіздікке қарсы күрес жүргізетін күш ретінде көрінуі мүмкін. Яғни терроризмді кейбір жастар жеке өмірдегі дағдарыстар мен қоғамдық әділетсіздіктерге жауап беретін балама жол ретінде қарастырады. Әсіресе саяси тұрақсыздық, ұзаққа созылған қақтығыстар, әлеуметтік теңсіздік, этникалық немесе діни кемсітушілік сезімі күшейген қоғамдарда мұндай құбылыс жиірек байқалады.

Осы тұрғыдан қарағанда, терроризм мен радикалдану мәселесін тек қауіпсіздік немесе құқық қорғау тұрғысынан ғана түсіндіру жеткіліксіз. Әуелі азаматтардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау маңызды. Терроризмнің әлеуметтік тамыры көбіне қоғамдағы сенім дағдарысынан басталады, ал сенім қайта қалпына келген жерде радикализмнің ықпалы әлсірей бастайды.

- Терроризмге қарсы күресте әдетте кей мемлекеттер қатаң заңдар қабылдап жатады. Бұл жеткілікті ме, әлде қоғам болып әлеуметтік өзгерістер жасауы қажет пе? Қалай ойлайсыз?

– Терроризмге қарсы күресте қатаң заңдар мен қауіпсіздік шаралары маңызды құралдардың бірі болғанымен, олар бұл күрделі құбылысты толық шешеді деп айту қиын. Терроризм көбіне белгілі бір қылмыстық әрекет ретінде ғана қарастырылғанымен, оның тамыры қоғамдағы терең әлеуметтік процестермен байланысты. Сондықтан оны тек құқық қорғау немесе әскери шаралар арқылы ғана тоқтатуға болады деген түсінік мәселенің ауқымын тарылтып жібереді. Қатаң заңдар террорлық әрекеттердің алдын алуға, қауіпті топтарды бақылауға және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Алайда олар көбіне салдармен күресуге бағытталады, ал терроризмнің пайда болуына әсер ететін әлеуметтік себептер көбіне сол күйінде қалып қояды.

Осы орайда бір қызық деректер келтіре кетейін. Мысалы, Еуропада соңғы жылдары терроризм мен радикалдану мәселесі қайта күшейе бастағанын білеміз. 2023 жылғы мәлімет бойынша Еуропалық одақ елдерінде 120 террористік әрекет тіркелген, олардың ішінде 98-і жүзеге асқан шабуылдар, 9-ы сәтсіз әрекеттер және 13-і алдын ала тоқтатылған жоспарлар болған екен. Сонымен қатар 22 мемлекетте 426 адам терроризмге байланысты қылмысы үшін қамауға алынған. Бұл көрсеткіштердің өсуі радикалданудың жаңа формалары пайда болғанын көрсетеді. Қазіргі кезде террорлық әрекеттер көбіне ұйымдасқан топтар арқылы емес, өз бетінше радикалданған жеке адамдар арқылы жүзеге асады. Зерттеулер бойынша 2023 жылы Еуропадағы джихадистік шабуыл жасағандардың 72 пайызы интернет арқылы өздігінен радикалданған адамдар болған. Бұл деректер интернет пен әлеуметтік желілердің радикалдану процесіндегі рөлін анық көрсетеді. Бұрын экстремистік ұйымдарға қосылу үшін белгілі бір ұйыммен тікелей байланыс қажет болса, бүгінгі күні идеологиялық ықпал көбіне онлайн кеңістікте жүреді. Кейбір сарапшылар бұл құбылысты «цифрлық радикалдану» деп сипаттайды.

Нақты кейстердің бірі – 2025 жылы Чехияда болған оқиға. Терроризмге қарсы операция барысында билік бес жасөспірімді ұстап, олардың екеуіне террорлық әрекет жасауға талпыныс жасады деген айып таққан. Тергеу нәтижесінде олардың әлеуметтік желілер арқылы экстремистік топтардың ықпалына түскенін анықтаған. Бұл жастар Брно қаласындағы синагогаға өрт қоюға әрекет жасаған екен. Ең қызығы, олардың жергілікті діни қауымдастықтармен байланысы болмаған, радикалды идеялы адамдармен тек интернет арқылы танысқан.

- Жастардың радикалдану процесі сонда қалай жүреді? Интернет пен әлеуметтік желілер экстремистік идеологияның таралуына қаншалықты ықпал етіп отыр?

– Соңғы жылдары әлемде жастардың радикалды ұйымдарға тартылуының көбеюі де кездейсоқ құбылыс емес. Жастардың радикалдануына қатысты статистика да қызық үрдісті көрсетеді. Еуропада соңғы тоғыз жылда террорлық шабуыл жасаған адамдардың орташа жасы шамамен 26 жас болған. Сонымен бірге террористердің 38 пайызы 19-26 жас аралығында, ал 7 пайызы 19 жасқа толмаған жастар екені анықталған. Біріншіден, жастар өмір сүріп отырған қоғамнан өз орнын таба алмай, болашаққа сенімсіздікпен қараған кезде радикалды идеологиялар олардың санасында жарқын болашаққа апарар жол сияқты көрінуі мүмкін. Егер қоғам жастардың ізденісіне оң бағыт бере алмаса, радикалды топтар сол бос кеңістікті толтыруға тырысады. Екіншіден, әлеуметтік әділетсіздік сезімі маңызды рөл атқарады. Кейбір жастар өз қоғамында әлеуметтік мүмкіндіктердің жабық екенін, әділ бәсеке жоқ екенін сезген кезде олар жүйеге қарсы идеяларға бейіл болуы мүмкін. Радикалды ұйымдар дәл осы наразылық сезімін пайдаланып, жастарға «әділет орнату», «қасиетті миссия орындау» сияқты ұрандарды айтады. Бұл ұрандар әсіресе өмірінде мағына іздеп жүрген немесе әлеуметтік қолдау сезінбейтін жастар үшін өте әсерлі болуы мүмкін. Үшіншіден, қазіргі цифрлық кеңістік те радикалдану үдерісіне ықпал ететін факторлардың бірі. Интернет пен әлеуметтік желілер радикалды ұйымдардың идеологиясын шекарасыз таратуға мүмкіндік беріп отыр. Бұрын белгілі бір ұйымға қосылу үшін физикалық байланыс қажет болса, бүгінгі күні идеологиялық ықпал виртуалды кеңістікте де жүзеге аса береді. Бұл әсіресе өзін жалғыз сезінетін немесе қоғамнан шеттеп қалған жастар үшін қауіпті, себебі олар интернет арқылы өздерін түсінетін, қолдайтын қауымдастық тапқандай әсер алады. Сонымен қатар отбасы институтының әлсіреуі, қоғамдағы моральдық бағдарлардың өзгеруі де кей жағдайда жастардың радикалдануына әсер етуі мүмкін. Егер жас адам әлеуметтік қолдау мен түсіністікті отбасынан, білім беру жүйесінен немесе қоғамнан таппаса, ол өзін қабылдайтын басқа орта іздей бастайды. Радикалды ұйымдар дәл осы психологиялық қажеттілікті пайдаланып, жастарға «бауырластық», «ортақ мақсат», «қауымдастық» сезімін ұсынады.

- Жас адам бұрын сеніп келген құндылықтарға күмәнмен қарап, қоғамдағы нормалардың әділдігіне сенбейтін күйге жетеді делік. Ары қарай процесс қалай жалғасады? Бұл құбылыстың алғашқы белгілерін қалай байқаймыз?

– Бұл кезеңде ол қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, саяси әділетсіздік, мәдени қысым сияқты мәселелерді ауыр қабылдай бастайды. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, мұндай сезімдер кейде адамның жеке өміріндегі қиындықтармен ұштасып жататыны тағы бар. Келесі кезеңде адам белгілі бір идеологиялық түсіндірулерге әуестенеді. Радикалды ұйымдар дәл осы тұста жастарға қарапайым әрі түсінікті жауаптар ұсынады. Олар әлемдегі барлық мәселелердің себебін бір ғана жүйеден, бір ғана топтан немесе белгілі бір құндылықтардан көреді. Уақыт өте келе радикалдану процесі адамның әлеуметтік ортасына да әсер етеді. Жас адам бұрын араласқан адамдардан алыстап, өз көзқарасына жақын адамдармен ғана байланыс орнатуға тырысады. Бұл жерде интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалы ерекше. Қазіргі уақытта көптеген радикалды қозғалыстар жастарды онлайн кеңістікте тартуға тырысады. Әлеуметтік желілер арқылы таралған бейнелер, идеологиялық мәтіндер, эмоциялық үндеулер кейбір жастардың санасына күшті әсер етеді. Интернеттегі жабық қауымдастықтар адамға өзін үлкен қозғалыстың бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Қоғам радикалданудың алғашқы белгілерін көбіне адамның мінез-құлқындағы өзгерістер арқылы байқай алады. Мысалы, жас адамның бұрынғы қызығушылықтарынан бас тартуы, әлеуметтік ортадан оқшаулануы немесе барлық мәселелерді тек біржақты түсіндіре бастауы белгілі бір белгі болуы мүмкін. Сонымен қатар кейбір жастар әлемді тек қара мен аққа бөліп, өз пікіріне қарсы көзқарастарды мүлде қабылдамауы мүмкін.

Сұхбаттасқан Сәруар Бақберген

Тегтер: