Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Ұлттық дәстүр мен кәсіби симфонизмді тоғыстырған реформатор

Нұрғиса Тілендиев
Фото: Н.Тілендиев мемориалдық мұражайының ресми сайты

Тілендиев – ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының ең ірі тұлғаларының бірі, ұлттық өнердің дара шежіресін жасаған композитор, дирижер, күйші, домбырашы.

 Оның шығармашылығы қазақ музыкасының жаңа кезеңін айқындап, ұлттық дәстүр мен кәсіби симфонизмді тоғыстырған феномен ретінде танылады. Ол дәстүрлі әуендер мен халықтық интонацияны кәсіби, оркестрлік өрнекпен шебер ұштастырып, ұлттық музыкалық тілдің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашты. Тілендиев туындылары тек әсем әуен емес, қазақтың рухани жадын жаңғыртқан көркем ойдың, эстетикалық сана мен философиялық тереңдіктің көрінісі. Композитордың ерекшелігі – өмірдің тек жарқын жақтарын суреттеумен қатар, тыңдарман жүрегіне қуаныш пен үміт ұялата алуында. Әр шығармасында халықтық рух, табиғи саздылық пен шынайылық бар.

Н.Тілендиев – сан қырлы дарын иесі. Ол сазгер, дирижер, орындаушы әрі ұйымдастырушы ретінде қазақ музыкасының барлық саласында еңбек етті. Оның қаламынан туған «Алтын таулар» операсы, «Достық жолында» балеті, «Аққу», «Ореке» сияқты балет-поэмалар және кинофильмдерге арналған музыкалар қазақ өнерінің алтын қорына енді. Композитордың 400-ден астам әні мен романстары ел жадында жатталып, халықтық туындыға айналды.

Композитор шығармашылығының құдіреті қарапайымдылық пен көркемдік үйлесімнің үндестігімен, ұлттық музыкалық дәстүрлерді классикалық үлгіде жаңғырта алуымен ерекшеленеді. Композитор шығармалары тақырыптық және формалық тұтастыққа құрылған, ұлттық және туысқан халықтардың әуендерімен ұштасып, заманауи классикалық музыканың биік деңгейіне көтерілді.

Тілендиевтің музыкасының өзегі – ұлттық интонация. Әндерінде ( «Өз елім», «Саржайлау», «Әке туралы жыр», «Анашым», «Алатау», «Қайран елім», «Ақ көгершін», «Құстар қайтып барады», т.б.) кең тынысты мелодия, поэтикалық мәтінмен табиғи ілесе дамитын драматургия басым. Әуен өрнегі пентатоникаға, қазақы лад-мелосқа сүйенсе, гармониялық тілі мажор-минор ауысымдарын, модуляциялық серпінді еркін пайдаланады. Сондықтан бұл әндер қарапайым тыңдарманға да, кәсіби орындаушыға да бірдей әсерлі. Ән шығармаларының басты ерекшелігі – олардың әуендік тілі қазақ фольклорының интонациялық және ырғақтық формулаларына сүйенуінде. Сонымен қатар композитор кеңестік дәуірдің эстрадалық музыкасына тән ырғақ үлгілерін де орынды пайдаланып, шығармаларына заманауи сипат берген. Оның әндерінде халықтық вокалдық интонациялар марштық және вальстік ырғақтармен шебер ұштасып, музыкалық бейненің эмоционалдық әсерін күшейтеді.

Күйлерінде («Аққу», «Махамбет», «Әлқисса», «Көш керуен», «Арман», «Күй-дастан») симфониялық даму айқын: тақырыптың кезең-кезең өрбуі, кульминациялық шыңдау, репризалық тұтастыру – барлығы да домбыра табиғатына қондырылған. Тембрлік ойлау – Нұрғиса Тілендиевтің қолтаңбасының өзегі: домбыра, қобыз, сырнай, сыбызғы үні оркестрлік палитрада жаңа бояуға еніп, ұлттық дыбыс кеңістігі кеңейеді. Композитор қазақ күйінің пішіндік, ладтық және әуендік негізін сақтай отырып, оны жаңа кеңістікке көтерді. Мысалы, «Аққу», «Махамбет», «Әлқисса», «Көш керуен», «Арман», «Күй-дастан» шығармаларында экспозиция – даму – кульминация – реприза секілді классикалық құрылым сақталып, тақырыптық материал драмалық өрісте дамиды. «Аққу» – қасиетті құстың бейнесі арқылы сұлулық пен тазалықты паш етсе, «Көш керуен» – қазақ даласының кеңдігі мен өмір көшін бейнелейтін философиялық шығарма. «Ата толғауы», «Атадан мұра» – ұрпақтар сабақтастығы мен ата-баба рухына тағзым тақырыбын көтереді. Ал «Махамбет», «Қабан жырау» сияқты туындылар тарихи тұлғалардың ерлік рухын музыкалық тілмен сомдайды. Күйлердің ладтық негізі халықтық ладтарға сүйенеді, бірақ гармониялық өңдеулер арқылы симфониялық масштабқа жетеді.

Нұрғиса Тілендиев – қазақ музыкасының дәстүрлі арнасын кәсіби симфонизммен ұштастырған реформатор. Оның әндері, күйлері мен оркестрге арналған шығармалары ұлттық өнердің табиғи даму заңдылығын сақтай отырып, жаңа көркемдік деңгейге көтерді.

Балнұр Серікболқызы,

музыкатанушы