Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:03, 22 Шілде 2022

Балқан таудан қайтқан ел

None
None

Естеріңізде болса «Жас Алашта»  «Өз балаңды өзекке теппеші...» деген тақырыппен Ауған қазақтарының жай-күйі жайлы мақала жариялаған болатынбыз.

 Оқи отырыңыз: Өз балаңды өзекке теппеші

«… Мені елден айырған, хан Жәңгірдің тепкіні», – деген Махамбеттей батырының өзін елден қуған замандарда, еріксіз елінен аластатылған қазақтың бүгінгі ұрпағы Атамекеніне жете алмай, зар жылауда.

«Оралман» деген дұрыс емес, «Қандас» деп атау керек деп атауын өзгерткеніміздің өзін жеңіске балап, желпінгеніміз болмаса, бұл тұрғыда тындырғанымыз тағы шамалы.

Тәуелсіз Ел атанғанына 30 жылдан асса да тарыдай шашылған қазаққа әлі күнге бір тудың астына жиналу бір арман» депжазылған жолдарымыз бүгін түрікпен қазақтарының көшіне байланысты қайта жалғасты.

Біздің бала кезімізде «Балқан тауға барған ел» деген түсінік болатын. Қызылдардың қысымымен туған жерінен еріксіз безіп Түрікпен асқан қазақтардың үлкен бір бөлшегін солай атайтын. Қазіргі күні сол Балқан тауға бет бұрған қаралы көштің еліне қарай кері бұрған ат басын тағы іріктік. Неге?

«Түркіменстаннан келе жатқан бір топ қандас Қазақ елінің шекарасынан кешелі бері өте алмай тұр. Бұл туралы Жаңаөзен қаласының тұрғыны арнайы хабарласып айтты. Шекарашылар «Визаңыз дұрыс емес. Программа өзгеріп жатыр» деп, техникалық себепке байланысты азаматтарды өткізе алмай жатқанын айтады.

Ақпарат беттерінде «Алайда олардың туыстары шекарашылардың бұл сөзіне сенбей отыр. Жаңаөзендік азамат ми қайнататын ыстықта адамдарды шекарада ұстап тұру ақылға сыймайды», – дегендей сан алуан пікірлер айтылып жатыр.

«Ақылға сыймайды демекші, Ресейден келіп жатқан орыстарға еліміздің шекарасы айқара ашық. Ресей Украинаға басып кіргелі елімізге мыңдаған орыс келіп, емін-еркін өмір сүріп жатыр. Жат жұртқа құшағын айқара ашатын Ақорда өз ағайынына келгенде неге тарылды? Қызық.

ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеден хабардар ма? Хабардар болса, неге азаматтарды елге өткізбей отыр? Жоқ әлде билікке қазақтан гөрі орыс қымбат па?», – дегендей сұрақтар да төтесінен қойылуда.

Жарайды делік, сылтау керек болса, анау ауғанның қазағының көбі қазақтығын дәлелдей алмайды. Тіпті қазақша да білмейді делік. Мынаған не жорық? Кешегі кеңестік одақтың бір мүшесі емес пе? Түрікпен төрін бермесе де соңына шам алып түскен жоқ. Қуған жоқ! Нағашылы-жиенді неше буын алмасып, ағайын болып кеткен ел. Ал Атамекеніне қалаған уақытында оралуына әрбір ҚАЗАҚ құқылы!    

Әрі-беріден соң, айдын-күннің аманында жылы орын іздеп қотарыла көшкен 300 мың орысты құшақ жая қарсы алып, төлқұжат беріп, төрге оздырған қазақ үкіметі еш кедергісіз орыс өткен шекарадан қазақ неге өте алмайтынын түсіндіріп бере алар ма екен?

Р.S. Айтпақшы, дәл осы сәтте Қазақстанда ұлт жанашырлары Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаев бес жарым жылға бас бостандығынан айырылып жатса, қазақтың жатқан жылқысын қасақана мәшинесімен келіп таптаған бір иван кешірім сұрап, жазадан құтылып кетті...

Айтпақшы, бұл қазақта «Өлген бураның басымен тірі атанды қорқыту» деген де түсінік бар еді...

Тегтер: