Балқаш та Аралдың кебін кие ме?!
Ғалымдар көлдің тағдырына алаңдаулы
Бүгінде Оңтүстік Азия мен Африка құрлықтарындағыдай, әлемдегі бірнеше мемлекеттегі миллиардтаған адам таза судан тарығып отыр. Жақын болашақта біздің еліміз де осы жоқшылықтың кебін кимесі неғайбіл. Қазір Қазақстанның оңтүстік өңірі суды Қырғызстаннан алса, Орталық Қазақстан тұрғындары Қытайдан келетін тіршілік нәрімен өзек жалғап отыр. Міне, баға жетпес байлыққа кенделіктен кейде осы екі елдің саясатына көнбеске шара бар ма? Оның үстіне біздегі халық саны қарқынмен өсу үстінде. Елдің келешегін бүгіннен ойласақ, мұқтық өңірге тарайтын су проблемасын жеделдетіп шешуді қолға алған абзал. Олай болмаса, нағыз жұт басталмақ.
Қарағанды, Алматы облыстарына жайылып жатқан Балқаш көлі тартылып барады. Ел билігі бұл мәселені шұғыл түрде шешуге кіріспесе, еліміздегі ең ірі су айдынының бірі экологиялық апатқа ұрынған Аралдың кебін киюі әбден мүмкін. Біздегі экология министрлігі «алаңдауға негіз жоқ» деп, арқаны кеңге салуда. Ресми өкілдер жақында журналистерге көлге құятын Іле өзенін пайдалану туралы Қытаймен келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Мәселенің түйініне қанық ғалымдар аспанасты елімен мәмілені тездету керек екенін ескертуде.
Көлдің бүгінгі ахуалы қандай?
Балқаш көліндегі су көлемі 100 текше шақырымды құрайды. 18 мың гектар аумақты алатын көлдің тереңдігі 6 метрге жетеді. Арнасына бес өзен келіп құйылатын көлге сырттан келіп жатқан судың 80 пайызы Іле өзенінен құйылады. «Балқашқа 12 текше километр су керек. Су деңгейі одан сайын төмендесе жағдай қиын болады. Осы күні мұнда құйылып жатқан су деңгейі 13,8 немесе 13,6 текше километрді құрап отыр. Демек, әзір алаңдауға негіз жоқ», – деді өткен аптада Астанадағы тілшілерге сұхбат берген экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.
Елді сабасына түсіріп, мәселені сипаттаған вице-министрдің уәжі ғалымдардың пайымына керағар келіп отыр. Анығын айтсақ, «мен не деймін, домбырам не дейді» дегенге саяды. Осы саланы зерттеуші ғалымдар «Балқаш көлінің деңгейі жылма-жыл тартылып келе жатыр» деп, талмай дабыл қағуда. Тіпті соңғы екі жылда көлдегі су мөлшері екі есеге төмендеп кеткен. Маманның мысалына жүгінсек, нақты жағдай мынадай: «2018 жылдан көлде жатқан шағын дамба бұрын көзге көрінбей, суда тұнып жататын. Енді оның сұлбасын қиындықсыз көруге болады. Біздің есептеуімізше, көл деңгейі шамамен жарты метрге азайды. Біз көлдің деңгейі төмендей бастағанда, оны сақтап қалудың бірнеше жолын іздестірдік. Жақын арада Іледен келетін судың кемуі тоқтамаса, «Шалқар» шығанағын құрбандыққа шалуға тура келеді. Ал оны құтқаруды көздесек, дамба салу қажет. Тек осындай жолмен Балқашты сақтап қалуға болады. Бірақ бұл уақытша амал. Себебі сырттан қажетті мөлшерде су келмесе, көл деңгейі тартыла береді», – дейді Қазақстан балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Балқаш қалалық филиалының аға ғылыми қызметкері Вячеслав Цой.
Ғалымдардың айтуына қарағанда, Қытай Іле өзенін көптеп пайдалануға көшкен. Алып мемлекет Іледен орташа есеппен 4-5 текше километр су тұтынып отыр. Суармалы егістік алқаптарын 500 мың гектарға дейін жеткізген. Мұның сыртында, өзенді жағалай 40 суқойма тұрғызған. Осының салдарынан Балқашқа қосылатын су кеміген. Біздің елдің сала министрлігі көрші елмен трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы екіжақты келісім жасауға қадам жасап жатқан көрінеді. Серік Қожаниязовтың мәлімдеуінше, 2015 жылдан бері келісімшарттың 25 пайызын Қытай жағы мақұлдаған. Алайда әр елдің өз мүддесі болатынын ескерсек, бұл жұмыстар біраз уақытқа ұласатын түрі бар.
– Қытай жағымен әлі де келісімшарттағы түрлі терминдерді біріздендіру мәселесін талқылаумен келеміз. Бірақ бес жылдан бері ешқандай нәтиже шықпай жатыр. Әлбетте, Қытай үшін мұны сиырқұйымшаққа салу тиімді екені белгілі. Алайда уақыт өткен сайын Іленің суы сарқыла бермек, – деді журналистерге техника ғылымдарының докторы Мәлік Бүркітбаев.