Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:07, 06 Қазан 2021

«Балқашқа батпандап барамыз»

None
None

Кідірісі көп Балқаш – Қарағанды жолы қашан бітеді?

Облыс орталығы мен Балқаш қаласының арасындағы күре жолға күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқанына бақандай  екі жыл  болды. Содан бері әрі-бері жүретін жолаушы  ақ қар, көк мұзда жол азабын тартып келеді.  Қыр астында Арқаның  алты ай қысы тұр. Күнкөріс іздеген көлік тізгіндеушілердің көресіні әлі алда.

— Ақшатаудан таңғы сағат 4-те шықтым. Өгіз аяңмен әлі жарты жолға да жетпедім. Бұрын  шектеулі жылдамдықпен  төрт сағатта қалаға жетіп үлгеретінмін. Жөндеу басталғалы көлігіміз ақаудан шықпай қойды. Машинаның қосалқы бөлшектерін екі айда бір рет ауыстырамыз. Жүрмесек жан баға алмаймыз. Осы жолдың кесірінен қалтадағы қаржыдан қағылдық. Істеген нәтижесі көрінбейді, қимылдары  өгіз аяң. Ұлтарақтай жерді жөндейді де, қайта тұрады.  Мұндай шабан қимылмен 10 жылда бітпес, – деп ашынды осы жолмен жиі қатынайтын көлік жүргізуші Ералы Сабырақын.

         Ұзындығы 363 шақырымды құрайтын Қарағанды – Балқаш  көлік жолын аяқтау мерзімі 2023 жылға жоспарланған. Алайда еліміздің оңтүстігі мен солтүстік өңірін жалғайтын тас жолды өңдеу өнбес іске айналған. Автобанның жөндеу жұмысы шабан қимылдауда, ауыр техникалар қаңтарылып тоқтап тұр. Құдды көлік көрмесін көз алдыңа әкеледі. Оның үстіне құрылысқа қажетті жабдықтардың тапшылығы  қиындықты күннен-күнге  ушықтырып тұр. Мамандардың айтуынша, пандемия басталғаннан бері құрылыс материалдарының бағасы күрт шарықтап кеткен. Соның салдарынан мердігерлер қаржы қыспағына шырмалып отыр.

–Тауар алушылармен келісімге отырған кезде құрылыс материалдарының нарқы 3-4 есе арзан болатын. Пандемиядан бері баға ырық бермей кетті. Біз жұмысқа 2019 жылы кірістік. Орта жолға жетпей,  пұшайман күйге душар болып отырмыз. Қазір басшыларымыз келісімге отырған компаниямен баға айырмашылығын есептесіп жатыр. Қандай мәмілеге келетіні беймәлім. Әзірге қажетті жабдықтарды өз қаражатымызға сатып алып жатырмыз. Қаражатты үнемдегеннің өзінде, шығынға батудамыз. Әсіресе металл мен битумның құны шарықтап тұр, – деп қынжылады мердігер Манаш Мұсабек. Күре жолды жөндеуші мердігер компанияның  өкілі Әли Четкиннің мәлімдеуінше, 2019 жылы жолға төсейтін битумның тоннасы 87 мың теңге тұрса, қазір ол 202 мың теңгеге сатылуда. Арнайы металдың 1 тоннасының құны екі жыл бұрын 195 мың теңгеге бағаланған. Енді оның тоннасы 600 мың теңгеге бір-ақ  аспандап кеткен. Сондай-ақ дизель отыны да салыстырмалы кезең аралығында екі есеге қымбаттаған. 

          «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, жол жасаушыларды титықтатқан  проблема жалғыз мұнымен шектелмейді. Кәсіби  маманның тапшылығы шаруаның шиеленісуіне әкеп соғып отыр. Бұл жол сапасына сызат  түсіретіні жасырын емес. Сондықтан жобаны жүргізіп жатқан мердігер  ауқымды жобаға тартылған жұмысшыларды өз күштерімен дайындауды бастаған.

– «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК  да жастарды жол саласының жұмысына тарту шараларын бастап кетті.  Атап айтар болсақ, жылма-жыл «1000 мектеп» акциясы шеңберінде жергілікті жердің жастарын осы саланың қыр-сырына үйретуді қолға алды. Оларды арнайы курста оқытып, өздеріне  жұмысқа тартуда. Біз де, осы бастаманы жалғастырып жатырмыз, – дейді мердігер.

Қарағанды – Балқаш автобан құрылысы сегіз учаскеге бөлінген. Төрт жылға жоспарланған жобаның құны  248 миллион теңгені құрайды. Құрылысқа 700-ге жуық техника мен  1400 жұмысшы жұмылдырылған. Көлік жолы екі жылдан кейін аяқталуы тиіс. Бірақ олай болмайтын түрі бар. Мердігерлер тосқауылға толы  өнімсіз тірлікпен жолдың пайдалануға берілу   мерзімі межеден көп бөгелетінін ескертіп отыр. 

Тегтер: