Балқаштан бақ тайып барады
Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің назарына!
Балқаш – Малайсары жотасынан басталып, оңтүстік-батысында Іле өзені, солтүстік-шығысы мен солтүстігінде Қапшағай қаласы, Кербұлақ, Көксу, Қаратал аудандарымен, солтүстік-батысында Балқаш көлімен шектесетін, 30 мыңнан астам халқы бар, қаймағы бұзылмаған қазақ халқының тілі, ділі, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі іспетті, аумағы арқылы облысаралық, халықаралық теміржол, тас жолдар өтпейтіндіктен, жер жаннаты – Жетісу өлкесінің өз алдына жеке жатқан, тұйықталған бөлігіндегі аудан. Жер көлемі 3700 мың гектар болатын үлкен алқапты алады. Осы аймақтың құтын арттырып, берекесін тасытып отырған Балқаш көлінің орны бөлек. Осынау еліміздегі теңізге бергісіз көлдегі су қорының 65-70 пайызын Іле өзені толықтырады. Дегенмен кейінгі жылдары көлдің басты қан тамыры іспетті осы өзенмен келетін су айтарлықтай азайып барады. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, Балқаштың да Арал теңізінің кебін кешуі әбден мүмкін.
Аудандағы Ақкөл ауылынан асқаннан ұзындығы 150 шақырым, ені 200 шақырымдай болатын, жүздеген көлдерді құрайтын, табиғат байлығының алтын қазынасы – Іле-Балқаш атырабы жатыр. Бұрынғы кездерде Іле өзенінің бойында Балқаш көліне дейін орналасқан бірнеше балық аулайтын бөлімдер, үлкен шаруашылықтар жылына 30 мың тоннадан астам сазан, ақ амур, ақшабақ (маринка), бекіре, көксерке (судак), шабақ (вообла, лещ), жайын, ақбалық (жерех) т.б. балықтар түрін аулап, мемлекетке өткізетін болса, осы көлдерде ұялап, өсіп-өнетін аққу, қаз, үйректің түрлері, бірқазан, қарабай т.б. құстар көптеп саналса, тоғайы мен қамысында елік, жабайы шошқа, қырғауылы, құмында қарақұйрығы жыртылып-айырылатын. Ауданда мемлекеттік аңшылық шаруашылығы (ГОХ) деп аталатын мекеме жылына 1 млн дана ондатра терісін дайындаса, сол кезде бұл терілер шетелге валютаға сатылып, мемлекетке көп табыс әкелетін.
Іле өзенінің бойы мен Балқаш көлінің жағалауындағы он мыңдаған гектар табиғи шабындықтардан аудан шаруашылықтары қажетті ірі сабақты мал азығын дайындаса, құрғақшылық жылдары облыстың басқа аудандарынан келіп, мыңдаған гектар шабындықтардан шөп шауып, дайындап әкететін. Іле бойындағы талдан киіз үйдің сүйегі жасалса, қамыс пен жағалауда өскен ағаштар шабылып, кесіліп, құрылыс материалдары ретінде баржаларға тиеліп, Іле станциясына жеткізілетін. Жергілікті тұрғындар, аудан шаруашылықтары осы жиде, шеңгел, жыңғылдан малқораларын салатын. Бақанастағы орман шаруашылығы мекемесі арқылы мыңдаған тонна сексеуіл отыны дайындалып, жыл он екі ай Алматыға тасылатын. Заманында жергілікті шаруашылықтардың өнімін есептемегенде, облыс экономикасына табиғи ресурстары арқылы қомақты үлес қосып келе жатқан бай аудан болатын.
1963 жылдан бастап Ақдала массиві игеріліп, 31 мың гектар суармалы алқап пайда болып, ғалымдардың тұжырымдамасымен жасалған егіс айналымы бойынша 13,5 мың гектарға күріш, арпа, бидай, сүрлемдік дақылдар, көпжылдық шөп егіліп, күрішті, ырысты алқапқа айналды. Алғашқы уақытта жан-жақтан күріш дақылының қыр-сырын жақсы білетін корей халқының өкілдері тартылып жұмысқа кіріссе, кейін келе жергілікті кадрлар күріш егудің тәсілдерін меңгеріп, үлкен жетістіктерге жете білді.
Қазақстан картасында Қапшағай суқоймасы, Қапшағай ГЭС-і пайда болды. Басты мақсат – Алматы қаласын электр энергиясымен, қала халқын демалыс орындарымен қамтамасыз ету еді. Қапшағай суқоймасы бастапқы жобада теңіз деңгейінен биіктігі – 485 метр, 28 млрд/текше метр су жиналады деп жобаланғанымен, іс жүзінде сол көлемде су жинау мүмкіншілігі жүзеге аспады. Осы орайда, 1992 жылы теңіз деңгейінен биіктігі – 479 метр, ең жоғарғы су сыйымдылығы 18 450 млн/текше метр деп бекітілген үкімет қаулысы шығып, суқойма бойына осы қаулыға сәйкес, демалыс орындары салына бастады. Қазіргі кезде жұмысшы су көлемі 15 млрд/текше метрден 5 млрд/текше метрге азайды. Қоймадағы су 13,5 млрд/текше метрден төмендесе, онда ГЭС жұмысын тоқтатады, демек, ГЭС-тен су асып, ақпайды.
Қыс айларында Алматы қаласын таңғы сағат 6-дан 9-ға, кешкі сағат 18:00-ден 21:00-ге дейінгі кезінде электр энергиясымен толық қамтамасыз ету үшін ГЭС-тен осы уақыттарда 1000 текше метр/сек су жіберуге тура келеді. Ал дәл осы кездерде Іле өзенінің арнасы толық қатып қалады да, өте көп мөлшерде жіберілген қызыл су жолдағы көлдерді толтырып, асып ағып, мал, аң, құс жайылымдарын басып, ондатра ұялары су астында қалып тұншықса, жайылымдардағы аң, құс құмды бұйраттарға қашып шығып, аштықтан шығынға ұшырайды. Сондай-ақ көлдерде көпқабатты мұздың пайда болуына байланысты су астында балықтарға оттегі жетпей, көктем кезінде, мұз ерігенде өлген балықтар су бетіне қалқып шығады.
ГЭС-тің жоспары бойынша Қапшағай ГЭС-нің серігі ретінде ГЭС-тен 22 шақырым төменде, Малайсары жазығына шығаберісте Кербұлақ контррегуляторы салынып, жиналатын су мөлшері 220 млн текше метрді құрайтын, 45 мг/вт электр энергиясын өндіре отырып, суды арнамен қыс айларында бірқалыпты көлемде жіберу ойластырылған. Алайда белгісіз себептермен бұл шара іс жүзіне аспай қалды. Қазіргі кезде контррегулятордың қажеті шамалы. Өйткені Алматыға шығыстан жаңа жоғары кернеулі электр желісі тартылды, сондай-ақ Кербұлақ алқабынан күн энергиясы арқылы электр қуатын өндіретін үлкен құрылыс салынып, іске қосылуда. Осылайша Алматы қаласын жыл он екі ай электр энергиясымен толық қамтамасыз ету мәселесі шешілген сияқты.
Іле өзені бойында Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандары арқылы 30 мың гектар суармалы алқапқа жаз айларында су беріледі. Бұрынғы кезде Тасмұрын тоғаны 45-50 текше метрсек су алуы керек болса, бұның 10 текше метр/сек суы чехтық баржадағы үлкен сусорғыш құрылымдары арқылы қамтамасыз етілетін, ал күріш алқабының кейбір бөлімдерінде суды екінші рет пайдаланатын СНП 500-10 сусорғыш қондырғылары арқылы іске асырылатын. Алайда қазіргі уақытта электр энергиясының, жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты бұл қондырғылар жұмыс істемейді.
Жылма-жыл су алу науқаны аяқталысымен тамыз айының аяғында жаздағы төмен түскен қоймадағы судың көлемін толтыру үшін Қапшағай ГЭС-інен су жіберу мөлшері 230 текше метрсек дейін азайтылады, өйткені маусым айының басынан бастап күрішті сумен бастыру кезінде Іле арнасымен 650-700 текше метр/сек су жіберіледі. Жаз ортасында жіберілетін су көлемі 450-500 текше метр/сек дейін азайтылады. Жаз мезгілінде Қапшағай суқоймасына Іле өзенімен 350 текше метр/сек су келуі азайса, шілде айларында Ақдала алқабында су тапшылығы байқала бастайды. Осылай күріштің нағыз гүлдеген кезінде су режимі сақталмаса, өнім сапасыз әрі түсімі төмен болады. 2014 жылы маусым, шілде айларында қоймаға 80-110 текше метр/сек ғана су келіп, ГЭС-ті тоқтататын жағдайға дейін жеткенбіз, бұл жағдай 2020 жылы да қайталанды. Қытай Халық Республикасы Іле өзені бойынан бірнеше суқойма салды. Қазіргі есеппен 4 млрд/текше метр су алады деген болжам бар. Соған сай, судың Қапшағай суқоймасына келуі азаймаса, көбеймейтіні белгілі болды. Егер су алу науқаны басталғанша Қапшағай суқоймасында 18 450 млнтекше метр су жиналса, суқойманың жан-жағындағы көлдер суға толып, көкек- мамыр айларында балықтар уылдырық шашады. Мамыр айы басталысымен ГЭС-тен 750 текше метр/сек су жібере басталады да, маусым айының ортасында қоймадағы су деңгейі күрт азайып, жағадан 200-300 метрге дейін су тартылады. Қойма маңындағы көлдерден су кеткеннен кейін балықтың уылдырықтары қырылып қалады да, Қапшағай суқоймасындағы балық қорының азаяюына әкеп соқтырады.
Шеңгелді массиві Іле өзенінен 12 мың гектар алқапқа су алып, 150 мың тонна жуа, басқадай дақылдар өсіріп, өнім өндіреді. Қазіргі кезде су деңгейінің төмендеп, жағадан алыстап кетуіне байланысты су тапшылығы сезіліп, бұнда да өнімнің сапасы төмендеп, түсімі азаяды.
Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандарының сағасын тазалау, су деңгейін көтеру үшін қосымша бөгеттер қойып, мелиоративтік жұмыстар жүргізу үшін облыс, аудан әкімшілігі қомақты қаржы бөліп, жылма-жыл айналысқанымен, тұрақты су көлемімен алқапты қамтамасыз ету түбегейлі шешімін тапқан жоқ.
Іле арнасы бойындағы табиғи шабындықтарда жерасты суының бір көтеріліп, бір түсуіне байланысты көпжылдық табиғи шөптер азайып, бұрынғы табиғи шабындықтар сорланып, шоқ-шоқ бұталарға айналуда.
Өзен арнасындағы су деңгейі жаз айларымен салыстырғанда күз, қыс айларында екі есеге азаяды. Ақдала егіс алқабындағы жерасты су деңгейі де жаз кезіндегіден екі есе төмендейді, соның салдарынан алғашқы су алу кезінде Іле арнасымен 750 текше метр/ сек су жібермесе, уақытында күрішті суға бастыра алмайсың. Себебі төмен түскен су деңгейі қайта көтеріліп, бір деңгейге келгенше су шелекпен құйғандай жерге сіңіп жоқ болып отырады.
Қазіргі кезде Балқаш көлінен ауланатын балық мөлшері 5000 тоннадан сәл асса, ондатра аулау 150 мың данаға дейін азайған. Бұрындары ауланған құнды балықтың үлесі 70-80 пайызды құраса, қазір 25 пайыз көксеркенің(судак) үлесіне тиеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандарының сағасына үрлемелі бөгет (надувная плотина) салу керек. Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандарының сағалары зерттеліп, Тасмұрын магистральды тоғанының сағасына үрлемелі бөгет салуға 2014 жылы сметалық жоба жасалған, бұл бетонды плотина құрылысынан сегіз есе арзан әрі тиімді. Бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарында үрлемелі бөгеттер салынып, күріш алқабын сумен толық қамтамасыз ету мәселесі шешілгенін басылымдардан оқып-біліп отырмыз.
Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандарының Іле өзенімен қиылысқан сағасына үрлемелі бөгеттер салынған жағдайда Іле өзенімен қанша текше метр/сек су берілсе де, өзендегі су деңгейін 3,5 метр биіктікке дейін көтеріп, керекті су мөлшерімен егіс алқабын толық қамтамасыз етуге болады. Бұл жағдайда Қапшағай ГЭС-інен қанша текше метрсек су жіберілсе де, тоғандардың су алу деңгейі төмендемейді.
Іле арнасымен су жіберу деңгейін қалыпты ұстап тұрған жағдайда жерасты суы азаймайды, жердің сорлануына, шабындықтардың жойылуына, шоқ-шоқ бұталарға айналуына жол берілмес еді. Бұл шара бір Балқаш ауданының ғана емес, ұлттық байлығымыз болып саналатын 30 мың гектар суармалы жерден тұрақты өнім алу мәселесін шешіп, алқапты тұзданудан сақтап, Балқаш көлі су қорының көбеюіне септігін тигізеді. Қапшағай суқоймасының деңгейін бірқалыпты ұстап, 12 мың гектар Шеңгелді массивін де су тапшылығынан құтқарып, балықтың көбеюіне жағдай туып, Қапшағай қаласын да тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілер еді.
Сондай-ақ экологиялық жағдай жақсарып, Іле атырабындағы көлдер деңгейі бірқалыпты жағдайға келіп, ондағы балықтардың, ондатраның көбеюіне жағдай туады. Табиғи шабындықтар қалпына келсе, аң-құс көбейіп, туризм саласының дамуына септігін тигізері сөзсіз.
Іле атырабындағы аң-құстың азаюына тағы бір себеп – әр аптаның демалыс күндері Алматы қаласынан, жан-жақтан келетін браконьерлердің ұшқан құс, жорғалаған аңды аяусыз қырып-жоятыны. Осыған байланысты табиғатты қорғау шараларын күшейту қажеттілігі туындады. Аудандағы қорықшылардың штаты бұл көлемді қорғауға толық жетпеді. Сондықтан 2018 жылы 64 адамдық құрамы бар, екі бөліктен тұратын, жер көлемі 415 164 гектар болатын Іле-Балқаш резерваты ашылды. Кейіннен қосымша жер көлемі 296 мың гектар «Прибалхашский госзаказнигі» оперативтік басқаруға берілді.
Бұл құрылымның басты мақсаты – Іле-Балқаш атырабындағы биоәртүрліліктің өсіп-өнуіне жағдай жасау, орман-тоғайды өрттен сақтау, антропогендік факторлардың табиғатқа тигізетін залалын барынша азайту, мелиоративтік техникалармен қамтамасыз етіп, қайыр басқан Іле арнасын тазалап, бөлшектеліп қалған көлшіктерді бір-бірімен қосып, ихтиолог ғалымдарды қатыстыра отырып балықтың, ондатраның өсіп-өнуіне жағдай жасау. Тұран жолбарысын қалпына келтіру үшін Ресей мемлекетімен арадағы келісім бойынша генетикасы мен өсуі географиялық бір белдеудегі Амур жолбарысын әкелуді іс жүзіне асыру. Ол үшін өсіп-өнетін жерін дайындау, жыртқышқа қорек болатын бұхар бұғысы мен жабайы шошқаны көбейту, «Алтынемел» ұлттық қорығынан құландарды әкеліп жерсіндіру, оның көбеюіне жағдай жасау. Қазіргі уақытта Сырдария жағалауынан, Алматы облысының «Қара шеңгел» қорығынан әкелінген бұғылар 85 басқа жетті.
Мұндағы басты мәселелердің бірі – жануарларды сумен қамтамасыз ету мақсатында жаңадан екі ұңғылы құдықтар іске қосылса, осы аумақтағы бұрыннан қазылған шахталы құдықтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ерекше қорғалатын аймақта қажетті жаңа кардондар салып, резерваттың жұмысын толыққанды жолға қою, жобаға сәйкес, Қарой ауылын резерваттың орталығына айналдырып, резерват мамандарын тұрғын үймен, интернетпен қамтамасыз етуді бірінші орынға қою керек. Экотуризмді дамыту, Қарой ауылынан визиторталығын, 20 адамдық қонақүй, халқымыздың мәдениетімен, ұлттық құндылықтарымен, қолөнерімен таныстыратын этноауыл, жылыту орталығы, техника тұратын гараж салуды іс жүзіне асыру қажет.
Сарыесік-Атырау алқабының Шолақ таулы жотасынан бастап, Балқаш көліне дейін жеті аудан, бір қала аумағынан 973 мың гектар алқап қамтылып, эко-дәліз жасалынды, келешекте осы алқапты құландарға толтырса, нұр үстіне нұр болып, Іле-Балқаш, «Алтынемел» ұлттық қорықтарының арасында байланыс бекіп, туризм жүйелі түрде дамып, мемлекетке туризмнен түсетін пайданың қайнар көзіне айналуы бек мүмкін. Іле-Балқаш атырабы фауна мен флораның қайнаған ортасы, 400-ден астам биоәртүрлілігі мекен ететін табиғаттың тамаша бір бөлігі болса, Сарыесік-Атырау құмында неше түрлі: сексеуіл, шоған, балықкөз, теріскен, дүзген, тораңғыл, күйреуік, изен, еркекшөп, қазақ халқының бренді болып саналатын жусанның неше түрі өседі. Сарыесік-Атырау құмы арқылы Ұлы Жібек жолы өткенін жақсы білеміз, бұл жерлердегі Қарамерген, Ақтам, Миялы әкімдігі аумақтарында екі бекініс, екі оба т.б. құм басып қалған, әлі толық зерттелмеген қорғандар бар. Кезінде бұл бекіністер әскери полигон аумағында жатқандықтан, археологиялық жұмыстар жүргізілмеген.
Балқаш ауданының бүгін тек табиғи байлығын ғана сөз етіп отырмыз, ал ауыл шаруашылығының келешегі, жерасты қазба байлығын, аудан дамуының сан қырларын сөз ететін болсақ, болашағының зор, келешегінің кемел екеніне дау жоқ. Ол келесі мақаламыздың арқауы болмақ.