Балқаштың жалтақ билігі кімге жағынып отыр?
Қойнауы мысқа толған, көлінде балығы тулаған Балқаш – Қазақстаннан дербес күн кешіп жатқандай.
Шаhар билігі «күн көсемнің» дәуірінен әлі де арылғысы жоқ. Қойнауы түсті металға толы қаланың орталық саябағында орнатылған Лениннің еңселі ескерткіші ертеде қаланың символына айналған. Тарихы 60 жылға жуықтаған қызыл революция қыранының жансыз бейнесіне әр кіріп, жылма-жыл құлпыра түсуде.
– Былтыр сәуір айында, күндегі әдетім бойынша таң атысымен саябаққа денемді шынықтыруға бардым. Кенет, Лениннің ескерткіші маңынан қаумалаған адамдарды көрдім. Жандарына жақындап барсам, әлгі топ Ильичтің гипс мүсінін әктеп, ескерткіштің маңын әрлеп жатыр екен. Құдды, кеңестік жүйе қайта орнағандай күй кештім. Бұл әрекет менің бұла намысымды оятты. Әлгі шоғырдың ішінде өзіміздің қаракөз қарттарымыз да болды. Оларға қаратып: «Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Бұл тірліктеріңізге не жорық? Мына арада егемен Қазақстанның өрімдей жастары келіп тынығады, жасөспірім балалар демалады. Бұл жерде Лениннің емес, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ескерткіші тұру керек, – деген рухты сөз айттым. Алайда, отарлық жүйені көксейтін коммунист қариялар «мәу» демеді, керісінше, әкімдіктегі басшыларға шағымданып, маған сес көрсетпек болды», – дейді ұлт жанашыры Жұмағазы Мұхаммеджанов.
Отарлық саясаттың отын маздатқысы келетін қарт коммунистер Балқаш билігін тізеге басып, өз дегенін жасатып келеді. Сондықтан болар шаhардың шенеуніктері ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға батылсыздық танытуда.
— Лениннің ескерткішіне қатысты ұстанымымды іркілмей айтқаным үшін қаланың кекшіл коммунистері мені қала билігінің талауына ұшыратты. Қала әкімнің орынбасары Саягүл Жақсылыққызы ұлттық мүдде тұрғысындағы әрекетімнен бас тартуды талап етті. Бірақ мен қазақ құндылығын сақтап, дәріптеу жолынан ешқашан тайынбаймын. Мені жергілікті шенеуніктердің Совет дәуіріндегі құлдық сананың құрсауынан арыла алмай отырғаны қатты қынжылтады, – дейді Жұмағазы Мұхаммеджанов.
Кейіпкерімізде толқындай тулаған, бізге жайықтай жайдары қалыпта тіл қатқан Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова коммунистер Ленин мүсінінен айрылса, дүрбелең туғызатынын жеткізді. Ол жастар арасында қазір ақпараттық-танымдылық насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр, келешекте ескерткіш алыстатылады деген уәж айтты.
Ескерткіш – елдіктің белгісі. Олай болса, Балқаштың қоғамдық орнында қасқайып тұрған Ленин қай елдің көсемі? Әрбірден соң, бүкілодақты бағындырған билеушіге тағзым келмеске кеткен кеңестік одақпен сарқылды емес пе?