Балташ Тұрсымбаев: Мақсатымыз – опасыз биліктің былығын әшкере ету
Қаңтардағы қайғылы жағдайға қатысты бейбіт тұрғындарды ақтап алу мақсатында бірнеше комиссия құрылған болатын.
Соның бірі Рысбек Сәрсенбай мен Ермұрат Бапидың төрағалығымен құрылған «Қаңтар оқиғасы» тәуелсіз комиссиясы. Оның ішінде елімізге белгілі қоғам қайраткерлері – Балташ Тұрсымбаев, Еркін Рақышев пен өзге де білікті заңгерлер бар. Бұл жөнінде қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаевпен әңгімелескен едік.
— «Қаңтар оқиғасы» комиссиясын қандай мақсатта құрдыңыздар?
— Комиссияны құруға биліктің іс-әрекеті мәжбүр етті. Опасыз билік халыққа қарсы оқ атып, қырып тастады. Халықтың сұрағаны біреу-ақ еді. «Олар – саяси реформа мен экономикалық реформаны жүргізіңдер. Қымбаттшылықты тоқтатыңдар. Халықтың жағдайын түзеңдер» деген сұрақтармен ғана шықты. Бірақ билік қара халыққа қарсы оқ атты. Әскер мен полицияны шығарды. Жағдай ушыққан кезде өздері қашып, қару-жарағы бар қоймаларды әдейі ашып тастап кетті. Біз оның бәрін дәлелдеп, комиссия арқылы осы сұрақтардың барлығының егжей-тегжейіне дейін жетіп жатырмыз. Жетеміз де. Ал қару-жарақты ұрлаған жастарымызға «Сендер қаруды ұрладыңдар!» деп жазықсыздан түрмеге қамап, ұрып-соғып, фашистерден асып түсіпті. Фашистер тек концлагерьге жапқан. Ал бұлар соққыға жыққандарымен қоймай, тырнақтарының астына ине тығып, денелерін қыздырылған үтікпен күйдіріп, қорлап жатыр. Біздің мақсат – болып жатқан жағдайларды тоқтатып, осыны жасап жатқандарды жазалау. Жазалап қана қоймай, иттік жасап отырғандарды сотқа тартып, бәрін орнына келтіру.
— Комиссия не істеп, не қойды?
— Қазір комиссияның отырысын Алматы облысының орталығы Талдықорғанда өткіздік. Жәбірленген халықтың барлығы дерлік жиналды. Өздерінің қолхаттарына балалары мен туыстарының қайда отырғанын, қалай жазаланып жатқанын, қалай жарақаттанғандарын түгелдей жазды. Комиссия отырысында прокурорлар түгел отырып, қабылдап алды. Қазір барлық істері тексеріліп біткен, кінәсі жоқ адамдар шығып жатыр. Жалпы, біздің қойып отырған сауалымызға келсек, шеруге шыққан бейбіт азаматтардың барлығын шығару болып саналады.
— Қандайда бір кедергілер болып жатқан жоқ па?
— Әрине, кедергілер болып жатыр. Тараз қаласында Тоқаевтың нұсқауымен Антикор мекемесіне сауал тастағанбыз. Бірақ үтікпен күйдіріп, тырнақтарының астына ине тыққан, электрошокермен шаштарының арасын күйдірген т.б жазаларға қатысты сауалымызға қарсылық білдірмегенімен, Жамбыл облысының Антикоры жауап беруден қашып кетті. Ол болмаған соң, басқа прокурорларға да шықтық. Ал олар «бізге бағынбайды ғой» деп қолдарын жаяды. Бағынбайды дегені өтірік.
— Комиссия құрылғалы қанша адамды қамаудан босата алдыңыздар? Нәтижесі қандай?
— Нәтижесі өте жақсы. Республика бойынша қамаудан босатқандардың саны – 300-ге жетіп қалды.