Балтық теңізінде Литва мен Латвияны байланыстыратын оптикалық кабель зақымданды
Балтық теңізінде Литва мен Латвия арасындағы суасты оптикалық байланыс кабелі зақымданды. Бұл туралы Литваның Дағдарыстарды басқару ұлттық орталығының (ДБҰО) басшысы Вилмантас Виткаускас LRT радиосының эфирінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, кабель Латвияның аумақтық суларында, Лиепая портынан бірнеше шақырым қашықтықта зақымданған. Алайда бұл оқиға қарапайым тұтынушылар үшін интернет пен байланыс қызметтерінде ешқандай үзіліске алып келген жоқ.
«Ең бастысы – желінің тұрақтылығы сақталды. Интернет трафигі балама бағыттар арқылы қайта бөлінді: құрлық арқылы Польша арқылы және Швециямен тікелей кабель бар. Сондықтан азаматтар ешқандай ақау болмайды», - деді Виткаускас.
Зақымданған кабель Литва мен Латвияның маңызды инфрақұрылым нысандарының бірі саналады және Балтық елдерін Скандинавия мемлекеттерімен байланыстырады. Кабель Швецияның зейнетақы қорлары басқаратын Polhem Infra жеке компаниясына тиесілі. Оқиға 2 қаңтар күні шамамен жергілікті уақытпен 23:00-де тіркелген.
Латвия полициясының мәліметінше, зақымдану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 187-бабы, 1-бөлігі («Қоғамдық пайдаланудағы электронды байланыс желілерін қасақана бүлдіру») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында ықтимал себепкер ретінде бір кеме қарастырылып отыр, алайда оның экипажы ұсталған жоқ, полициямен ынтымақтастық орнатып отырғаны хабарланды.
Латвияның құқық қорғау органдары кабельді қалпына келтіру және оқиғаның нақты себебін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, әзірге портта тұрған кеме мен кабельдің зақымдануы арасында тікелей байланыс дәлелденбеген.
Айта кетейік, соңғы айларда Балтық теңізінде суасты инфрақұрылымына қатысты бірнеше ұқсас оқиға тіркелген. 2024 жылдың желтоқсанында Финляндия мен Эстония арасындағы Estlink 2 кабелі үзілсе, 2025 жылдың қаңтарында Латвия мен Швецияны байланыстыратын тағы бір оптикалық желі зақымданған.
АҚШ пен Еуроодақтың барлау қызметтері кейінгі зерттеулерінде бұл оқиғалардың көпшілігі диверсия емес, техникалық немесе кездейсоқ себептермен болған деген қорытындыға келген.