Балығың – ол бір байлығың
Сыр еліне сіңісті кәсіптің бірі – балық шаруашылығы. Дария жағалай қоныстанған ел ежелден өзен сүзіп, несібесін теріп жүр.
Бұрынғыдай шалқыған теңіз болмаса да «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы іске қосылғалы бұл саланың біртіндеп дамығаны рас. Егемендіктің басында жылына 400 тонна ғана ауланып келген балық көлемі 20 есеге өсіп, бүгінде 8 мың тоннаға дейін жетті.
Аймақ балықшылары негізінен Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенін сүзеді. Былайғылары облыс көлеміндегі 207 көлден нәпақасын тереді. Қазіргі уақытта 185 көл конкурстық негізбен 5-10 жылға табиғат пайдаланушыларға бекітіп беріліпті. Қалғаны резервтік қорда тұр.
Былтырғы есепке жүгінсек, 7364 тонна балық ауланып, республикалық бюджетке 152 млн теңге қаржы түскен. Ал жыл басынан бері 4819,8 тонна балық ауланып, қазына қоры 70,1 млн теңгеге толыққан.
Ал экспорт жағына келсек, Еуропа елдері пышақ үстінен алып кетіп жатыр. Мәселен, былтыр 3911 тонна балық 10 елге жіберілген, ал биыл 12 елге экспортталған.
Бірақ экспорттың да өз қиыншылығы бар. Мұндайда еуропалық стандартқа сай, растайтын белгісі бар кәсіпорындарға басымдық беріледі. Осындай «Еврокод» белгісі бар төрт зауыт өңірде жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, аймақта алты балық өңдеу зауыты бар.
Қазір тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке сияқты балық түрлері сыртқа шығуда. Әсіресе Еуропа елдерінде көксеркенің еті тым бағалы көрінеді. Жергілікті халық «тісті» деп атайтын бұл балықтың филесіне шетелдіктер құмар. Сондай-ақ зауыттарда өңделген өнім түрінде филеден бөлек, тыран қанаттары, балық фаршы мен сүбесі, мұздатылған балық және балық ұны дайындалып жүр.
Көл мен теңіздегі балықтың табиғи көбеюіне су тапшылығы әсер етіп отыр. Салдарынан ондағы қор да азайып тұр. Екіншіден, мамыр айы туысымен уылдырық шашатын уақытта балық аулаушыларды ұстай алмай қаласыз. Инспекторлар мен табиғат қорғаушылары қатаң жұмыс тәртібіне көшсе де, жасырын аулап жүргендер жетіп артылады. Өйткені жағалаудағы су жылып, өз уылдырығын шашатын балықтың қай түрі де жиекке жақындайды. Мұндайда балықты ау құрып та, шанышқымен түйреп те алу оп-оңай. Жалпы біздегі Кіші Арал мен өзен-көлдерде балықтың 22 түрі мекендейді. Соның 18 түрін ғана аулауға болады.
Жоғарыда айтқан 207 көлді шама келгенше толтыруға тырысып келеміз. Дария арнасы бір қайтып, бір толған уақытта бұл көлдердегі су деңгейі де өзгеріп отырады. Жалпы облыс бойынша 9 көлдер жүйесі бар. Жаңақорғандағы 845 гектарлық Тайпақкөл-Қандыарал, Шиелідегі 1130 гектарлық Телікөл мен 1429 гектар жерді алып жатқан Нансай-Ханқожа осы көлдер жүйесі қатарында. Сырдария мен Жалағаш ауданындағы Жаңадария (2633 гектар), Қараөзек (1064 гектар) көлдер жүйесі де осы есепке кіреді. Қармақшы мен Қазалы аумағына тиесілі 5445 гектар аумақты алатын Қуаңдария, Аралдағы Қамыстыбас (20767 гектар) пен Ақшатау (8034 гектар) және Приморский (9660 гектар) көлдер жүйесін де осы тізімге қосамыз.
Су тапшылығы демекші, былтыр жауын-шашынның аз түсуі және Сырдария өзеніндегі су көлемінің төмен болуынан құрғақшылық орын алды. Облыс көлдерінде су тартылып, шабындық пен жайылымдық жердің құнарлығы төмендеді. Әсіресе теңізге құяр сағадағы көп ауыл бұдан қатты зардап шекті. Бір Арал ауданының өзінде 600 бас мал өлімі тіркелді.
Орын алған жағдайға байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Аралдағы Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін суландыру жұмыстары жүрді. Қаратереңдегі Жыланды және Жаңақұрылыстағы Ералы каналдарының арнасын тереңдетіп қазу, ұлғайту жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек, Аманөткел елді мекеніндегі Бұрмақұлақ учаскесінде дария арнасы бөгеліп, Аспай су ағытқысына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аспай демекші, осының арқасында жағалаудан 600-700 метрге дейін тартылған Қамбаш көлі кемеріне келмесе де, қайта толды. Бұған қоса, Ақшатау көлдер жүйесіне су барды. Балық шаруашылығында маңызы бар 25 мың гектарды қамтитын көлдерге су түсіп, мал азығы дайындалатын 7150 гектар шабындық алқапқа су барды. 12900 гектар жайылымдық жер жөнге келді. Осылайша, балық шаруашылығының өзегіне нәр барды. Сырдарияның суын там-тұмдап жеткізіп жатқаннан кейінгі кейпіміз осы.
Ендігі мәселе – Сыр еліндегі балық шаруашылығын брендке айналдырамыз десек, Сырдарияны толтырудың қамын жасау қажет. Үкіметбасы елдегі ағайынның базынасына құлақ асып, көрші елдермен су бөлу лимитін өзімізге тиімді қарастырса дейміз.
Т