Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:59, 01 Желтоқсан 2022

Балық экспортының үлесі мол

None
None

Сыр өңірі балық шаруашылығы жақсы дамыған аймақтың бірі. Балық шаруашылығы саласы экономиканың дамуына, ауылдық жерлерде халықты жұмыспен қамтамыз етуде және аймақтың экспорттық потенциалын арттыруда маңызды орын алып отыр.

Мемлекет басшысының жолдауында айтылғандай, саланың дамуына жаңа қарқын беру үшін ҚР үкіметінің шешімімен 2021 жылдың басында уәкілетті орган – Балық шаруашылығы комитеті қайта құрылды.

Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, балық өсіру, тұтыну және экспорт көлемін жоспарға сай арттыру мақсатында, жыл басында ҚР үкіметінің қаулысымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті, ал ақпан айында Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы құрылды. Сондай-ақ Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасы қабылданды.

Өңірлік бағдарлама аясында Қызылорда облысы бойынша 55 тауарлы су айдыны, 4 тоған шаруашылығы және 1 тұйық сумен қамтамасыз етілген жүйе жұмыстарын жүргізуде. Бағдарлама шеңберінде 2 тоған шаруашылығы және 6 шабақтық шаруашылық құру жоспарланды. Бүгінге 2 тоған шаруашылығы толығымен іске қосылып, тоғандарда сазан, ақ амур, дөңмандай және африкалық жайын балықтары өсірілуде. Сонымен қатар 6 шабақтық шаруашылықтарды құру мақсатында Қамбаш су айдынының учаскелері конкурсқа шығарылады. Оларға жергілікті инвесторлар тарапынан қызығушылық бар.

Айта кету керек, бағдарламадан тыс 14 су айдыны кәсіпшіліктен көл тауарлыға ауыстырылды. 2030 жылға жоспарланған 55 көл-тауарлы су айдыны 69-ға жеткізілді.

Бағдарламаның мақсатына қол жеткізу үшін мемлекеттік қолдау шараларының кешені көзделген. Осылайша, бүгінгі күні балық шаруашылығына салынған инвестициялардың 25%-ын өтеу түрінде мемлекеттік қолдау, сондай-ақ балықтың жемдерін сатып алу кезінде шығыстардың 30%-ын субсидиялау және басқа да тікелей субсидия сияқты қаржылай көмектер қарастырылған.

Бағдарлама шеңберінде 2030 жылға қарай Қызылорда облысында 16 мың тонна тауарлы балық өсіру көлеміне жеткізу межеленген. Бүгінгі күннің өзінде Қызылорда облысында бағдарлама индикаторларын орындауда оң нәтижелер көрінуде.

Өңірде тұрақты жұмыс істейтін балық өңдеу зауыттары бар. Оның ішінде Еуропалық Одақтың жоғары талаптарына сәйкес келетін және Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттаумен айналысатын ұйымдарда баршылық. Бұлардың әрқайсысы жүздеген жұмыс орындарын ашып, өнімдерін алыс-жақын шетелдерге шығарып, облыс экономикасына қомақты үлестерін қосып отыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан балық шаруашылығын бұдан әрі дамыту бойынша бірқатар ауқымды жоспар бар. Оларды жүзеге асыру үшін тиісті шаралар қолға алынған.

Арал-Сырдария бассейні балық аулауға былтыр 1 шілдеден биылғы 1 шілдеге дейінгі аралықта 10573,043 тонна, оның ішінде Кіші Арал теңізінде 6937,430, Шардарада 2141,940, Артемияда 33,700 тонна балық аулау лимитін бөлген. Нәтижесінде бюджетке 215 млн 695 мың теңге қаражат түсті. Ал 2022 жылғы шілдесінен келесі жылдың шілдесіне дейінгі аралықта Арал-Сырдария бассейні бойынша 10818,956 тонна балық, оның ішінде Кіші Арал теңізінен 6923,97, Шардарадан 2131,47, Артемиядан 192 тонна балық аулау лимиті бөлінді. Бүгінгі күнге 2126,233 тонна балық ауланып, игерілуі 19,8 пайызды құрап отыр. Тиісінше бюджетке 47 млн 638 мың теңге қаражат түсті.

Жыл басынан балық аулау ережесін бұзушылардан 128 дана балық аулау ау-құралдары тәркіленді. Оның ішінде 71 дана ау, сондай-ақ 22 жүзу құралы, 15 құрал тәркіленген.

Жыл сайын Қызылорда облысының әкімдігі балық шабақтарының жаппай қырылуының алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүйелеу мақсатында арнайы іс-шара жоспарын әзірлеп, бекітіп отырады.

Бұл іс-шара Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынның Қызылорда филиалы және Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мекемелерінің ұйымдастыруымен жүргізіледі.

Оған қоса табиғатқа жанашыр ерікті азаматтар мен балық шаруашылығы саласындағы табиғат пайдаланушылар да шараға қатысып келеді. Өткен жылдың өзінде 7 млн данадан астам балық шабақтары құтқарылып, Сырдария өзені мен күріштік алқаптарға жақын орналасқан балық шаруашылығына маңызы бар су айдындарына жіберілді.

Бүгінгі күні облыс әкімдігі бекітіп, тиісті мекемелерге тапсырмалар берілді. Онда облыстағы су жүйелерінде қалған балық шабақтарын құтқару жұмыстарын ұйымдастырып, күріштік алқаптарда қалған балық шабақтарын құтқарып, оларды резервтік қордағы балық шаруашылығына маңызы бар су айдындары мен учаскелеріне жіберу жұмыстары қамтылды.

Облыс бойынша биыл 3047,5 тонна балық экспортталған. Балықтардың негізгі түрлері тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке. Сондай-ақ өңделген өнімдер түрінде көксерке сүбесі, тыран қанаттары, балық фаршы, балық сүбесі, мұздатылған балық және балық ұны экспортталды.

Тегтер: