Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:47, 12 Қазан 2022

Балықсыз көлде шаян да балық

None
None

Тоқаевқа конкурент жоқ. Оны бәріміз де байқап, сезіп отырмыз. Үміткер болып тіркелген кәкүр-шүкірді тілге тиек етудің өзі ұят.

Статистер. Назарбаев тұсында клоундар болса, қазір дүкен сөресіне қойылған манекендер. Ал неліктен солай болды? Неліктен 20 миллиондық елде Президентке бір альтернатива табылмады?

Бұл сауалға қоғам белсендісі Мұхтар Түменбай жауап іздеген екен. Оның әлеуметтік желідегі жазбасымен келіспеске болмайды. Рас, түптеп келгенде, президентке лайықты бәсекелестің болмауына әркім тек өзінің қара басының қамын ғана ойлайтын біздің бірлігі жоқ қоғамымыз кінәлі.

– Ең алдымен 2016 жылы Назарбаевтың Конституцияға президенттікке үміткердің мемлекеттік қызметте 5 жылдық өтілі болуы тиіс деген норманы енгізіп, ел халқының 97%-ының құқығын шектегенін басты себеп деуге болады. Бірақ шынымызды айтайық, дәл сол 2016 жылы бұл өзгеріске ешкім аса бір керемет қарсылық көрсеткен жоқ. Бірлі-екілі шулағандар болмаса, елдің басым көпшілігі үнсіз мойынсұнды. Бәрі тегіс «өз басым президенттікке дәмелі емеспін, сондықтан маған бұл баптың қатысы жоқ» деген немқұрайлық танытты. Енді келіп лайықты адам ұсына алмай отырмыз деп ренжиміз. Кім кінәлі? Әрине, алдымен заңды белден басқан билік. Бірақ сол кезде үнсіз қалған электорат кінәлі емес деп айта алады? Газ қымбаттаса көшеге шығамыз, қант қымбаттаса шулаймыз, ал бәріне ортақ құқық тапталғанда үнсіз қаламыз. Себебі кеңес дәуірінен қалған әдет бар бізде. Бәріне ортақ меншіктің құны жоқ. Тек жеке меншік қымбат. Жеке басқа қатысты болса ғана күресуге дайынбыз, дейді ол.

Дәл қазір Тоқаевқа да бұл бапқа өзгеріс енгізу тиімді емес.

«Логикалық тұрғыдан мен оны түсінемін. Кімге, қай заманда, қай билік иесіне конкуренттердің көп болғаны керек болып еді? Сонау Александр Македонскийдан бастап кешегі Назарбаевқа дейін қай басшы бақталастарым көбірек болса деп армандап еді? Неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы. Ешбір билік, еш уақытта, ешбір заманда ие болған позицияларынан өз еркімен шегінген емес. Шегінбейді де. Биліктің табиғаты, философиясы сондай. Оны тек мәжбүрлеуге болады. Ал оны сондай қадамға мәжбүрлейтін кім? Әлбетте, саяси белсенді бұқара, немесе көпшіліктің қолдауына ие болған оппозиция. Осы екеуінің қайсысы бар бізде? Екеуі де жоқ. Кешегі оппозициялық күштер коалициясының сиқын көрдіңіздер. Популистік мәлімдемелерден әріге бармады. Біресе ортақ кандидат шығарамыз деді, сосын үш төрт кандидат ұсынамыз деп бөсті, аяғында өзара келісімге келе алмай, мүлде қатыспаймыз деп шықты. Ондай өзара келісімге келе алмайтын «күш» кімді мәжбүрлей алады? Кім олардың талабын елейтін? Билік пе? Түкірді де қол қойды билік, олардың шәңкілдегеніне.

Конституциялық құқығымды қайтар деп бұқара халық талап қояр еді. Бірақ оған да басын біріктіретін, ортақ мақсатқа жетелейтін күш керек. Ондай күш әзірге жоқ. Саяси арена осылай «Кока-коланың» бос қалбыры құсап, даңғырлап тұрғанда, билік осылай альтернативсіз болып қала бермек

Десе де, 5 жылдық өтілі бар адам биліктің өз ішінен шыға алар еді. Мәселен, кезінде Серікболсын Әбділдин болды. Марқұм Алтынбек пен Заманбек те билік ішінен шыққан тұлғалар болатын. Жармахан Тұяқбай да солардың қатарынан еді. Қосанов та оппозициямын деп 25 жыл шулағанымен түпкі шыққан тегі сол билік. Жеме-жемге келгенде тайқып шыққанымен, біразға дейін шапты. Қазір де, жақсы болсын, жаман болсын, мемлекеттік қызметте істеп кеткен Ораз Жандосов, Иманғали Тасмағамбетов, Ғалымжан Жақиянов сияқтылар Тоқаевқа әжептәуір оппонент бола алар еді. Бірақ олар жақтан да үн шықпайды. Неліктен? Ол жағын біз тек болжай аламыз. Сондай болжамдардың бірі – билікпен ымыраға келуі. Пәлендей арам пиғылдағы ымыра болмауы да мүмкін. Дәл қазіргі алмағайып заманда елдің арасына іріткі салмайық деген келісім де болуы ғажап емес. Немесе бұлар да әбден қажыған, амбициялары сарқылған саяси өліктер. Басқа себеп таба алмай отырмын.

Сонымен кім қалды аренада? Ешкім. Өлі тыныштық. Статистер ғана. Және олардың шығуы жасанды болғанымен заңды құбылыс. Солай болуы тиіс еді», – дейді сарапшы.

Тегтер: