Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:12, 08 Наурыз 2024

Балжан Ерсерік: Алғашқы клиентім – әкем мен анам

Балжан Ерсерік
Фото: из открытых источников

Нарықта 15 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Balzhan Yerserik» ательесінің негізін қалаушы, тігінші, модельер-конструктор, дизайнер Балжан Ерсерік жетістіктің кілті сапада дейді. Жас күнінде Берік Исмаиловтың шәкірті болып, кейіннен өз брендімен жұмыс істеуді шешкен ол бүгінгі таңда Қазақстанға танымал маман. Тігіншілердің жұмысы мен сән саласының қыр-сыры туралы табысты арудың өзімен тілдестік.

Алғашқы тұтынушыларым – әкем мен анам

Менің мамандығыма деген махаббатым мектептегі еңбек сабағынан басталды. Сонда балалық қызығушылықпен отырып тіккен дүниелерім аудандық көрмелерге барып жататын. Үйдегі ескі сары кітаптан күшік, керік, ойыншық аю жасау үшін матаны қалай қиып, тігу керек екенін қарап, оны сыммен тұрғызып, қалған-құтқан ескі маталардан әдемі дүниелер жасайтынмын. Осы бейімділігімді байқап, дамытып, шыңдалуға көмектескен еңбек пәнінен сабақ берген Гүлқасын ұстазыммен әлі күнге дейін байланысымыз үзілген жоқ, жиі хабарласып тұрамыз.

Десек те, бала күнімде сол қызығушылығыма қарай мамандансам деген ой онша келмейтін. Өйткені ауылда жүріп дизайнер немесе модельер деген мамандықтардың барынан да бейхабар едік. Ол кезде қыз балалар не мұғалім, не дәрігер болсам деп армандайтын. Мен де химия пәнінің мұғалімі боламын деп жоспарладым. Алайда оқуға түсе алмай қалдым. Бұл да бір қайырлы іс болған шығар. Сол сәтте бір танысым «тігінге жақын едің ғой» деп, мемлекеттік Алматы сервис және технология колледжіне оқуға түсуге кеңес берді. Сонда барып тапсырдым, оқуға түсіп, жақсы тәмамдадым. Колледжде қолынан іс келетін студенттерді жұмысқа алып қалуға тырысатын. Мені де шақырды. Алғашқыда ұсыныстан бас тартсам да, колледжбен байланысымды үзген жоқпын. Қазір сонда сабақ беремін, шәкірт тәрбиелеп жүрмін.

Осылайша, киім пішіп, тігуді кәсіби деңгейде меңгеріп, дизайнер, модельер-конструктор мамандығын алып шықтым. Алғашқы клиентім –анам мен әкем. Бірінші тіккен басы бүтін киімім – үйге киетін қарапайым халат еді. Одан соң жейде тіктім. Ата-анам қызым тігіп берді деп риза болып жүретін. Ал қазір тіпті өзіме киім тігіп алатын уақыт жоқ. Себебі клиенттерден қол босамайды, сұраныс өте көп.

Мататану – үлкен ғылым секілді

Оқуды аяқтаған соң, елімізге әйгілі дизайнер Берік Исмаиловқа барып, курсынан өттім, артынан жұмысқа орналастым. Негізі оқу орындарында үйретілетін технология күрделі, алдымен қағазға түсіресің, калька жасайсың. Соның бәріне қарап, оқуды бітірген соң тігінмен жұмыс істемеймін-ау деп жүретінмін. Дегенмен Берік Исмаилов ағайымыз бізге оңай әдісті үйретті. Әрі өзімде қанша жылдық база болған соң ағайдың үйреткендерін тез алып кеттім. Сол жеңіл әдісті әлі күнге қолданып келемін. Қазір конструкцияны бірден матаға сызамыз. Оның үстіне, базалық «лекалоны» мүлде қолданбаймыз, әрбір клиентке жеке дара «лекало» құрастырылады. Ал тұрақты клиенттеріміздің өлшемдері өзімізде сақталып тұрады.

Оны тігуге келгенде, ең маңызды фактор – матаның сыны мен сапасы. Колледжде 3 жыл бойы мататану пәні негізгі сабақтардың бірі ретінде оқытылды. Осы уақыт аралығында неше түрлі материалды талдадық десеңізші?! Бір қарағанда жай ғана мата, жай ғана киім секілді. Ал шын мәнінде қайсы форма ұстайды, қай түрі жұмсақ, көлемді киімдерге арналғаны қандай, қай үлгіге нендей мата қолдану керек, соның бәрін білу өте маңызды. Осы себептен де мата таңдауға үнемі өзім барамын, көтерме базарлардан, алыс-жақын шетелдерге барып аламын, тапсырыс беремін. Италияндық маталарды «Берік Исмаилов» дүкенінен аламыз. Дәл сол секілді тігін машинасын, басқа да техникалардың сапасына ден қойылады. Қайшыға дейін аса мұқият қараймыз. Аспаздардың өз пышақтары болса, біздің өз қайшыларымыз бар. Әр тігінші өз қайшысымен жұмыс істейді. Фурнитураны да Алматыдағы сауда үйлерінен жеткіземіз. Бұл орайда да сапалысын, қымбатын таңдаймыз. Сырманы да, түймені де, басқасын да жоғары талғаммен алу керек. Өйткені әр деталь маңызды.

Сөйтіп, Берік ағаймен жұмыс істеп жүргенде қолымнан іс келетінін көргендер үйден тігіп берсең деп тапсырыстар бере бастады. Уақыт өте сұраныс арта берді. Осындай алғашқы жеке тапсырыстарымды түн қатып отырып тігуші едім. Күндіз жұмыстамын, үйге келіп, балаларымды жатқызып, киім тігумен айналысатынмын. Өзімнің алғашқы тігін мәшинемді де сол кезде алдым. Әлі есімде, бағасы 100 мың теңге. Ол жылдары бұл сома өте-мөте қомақты болды ғой. Негізгі клиенттік базам сол кезде қалыптасты деп айтуға да болады.

Тігіншілердің сапасы нәтиженің сапасына тең

Тапсырыс ұлғайған сайын үйде тігу ыңғайсыз бола бастады. Ақыры, 2016 жылы жаныма бір қызды жұмысқа алып, қаланың шет жағындағы сауда үйінен орын жалдап, ателье ретіндегі жұмысымызды бастадық. Содан бірнеше рет көшіп, қазіргі мекенжайымызға келдік. Бүгінде командада 12 тігіншіміз бар. Ательеде тігіншілердің сапасы жұмыстың сапасына теңестіріледі. Сондықтан мамандарды жұмысқа алуда мұқияттылық керек. Келген тігіншілерді таңдауда сұрақ қойып, дипломын қарап жатудың аса қажеті жоқ. Келгендерді бірден мәшинеге отырғызып, киім тіккіземіз. Себебі сонша жыл оқығанымен, түзу тігіс тіге алмайтындар да кездеседі. Көбіне қолынан келеді-ау деген қыздарды өзім үйретіп, әбден машықтанғанда жұмысқа аламын.

Бір айта кетерлігі, жұмысқа орналасарда жас мамандардың көбісі бірінші құндылық ретінде табысты қояды. Кірісе салып, көп ақша тапқысы келеді. Ол да заман талабы, қажеттілік. Дегенмен мамандығымның майталманы боламын деген адам бірінші орынға процесті қойғаны жөн. Мәселен, мен жұмыстың өзінен, шығарған нәтижемнен ләззат алатынмын. Әлі де солай. Осындай махаббат пен құштарлық болған кезде ғана нәтиже аласың. Ал нәтиже болмай кіріс те келмейді. Жас мамандар осыны түсінсе дейміз. Келеді де мен не үйренемін, не жасаймын деп емес, маған қанша төлейсіз деп сұрайды. Кейбірі өз сомасын айтып жатады. Жасағандары болса, оған татымайды. Бұлайша материалдық құндылықтарды приоритетте ұстау көп жағдайда шығармашылық қабілетті шектеуі мүмкін. Сол себептен де ақша іздеп келгендерді емес, үйренемін, жасаймын деп келген мамандармен жұмыс істеуге тырысамыз. Үйреніп, сапалы дүние жасау үшін не керек десеңіз, тігіншілерге әуелі табандылық қажет. Бір рет шықпай ма, сөгіп таста да қайта тік. Шыққанша солай, жүз рет қайтала.

Әсер – ең жақсы жарнама

Сапалы командамен сапалы киімдер тігіп жатқан соң, клиенттер үнемі риза болып кетеді. Олар өзін жарасымды, ойындағы образды алғанда әсерленетіні сондай, бізге жарнама жасаудың да аса қажеті болмай қалды. Мойындау керек, ауыздан ауызға жететін, адам адамға ұсынатын жарнама – ең жақсы жарнама. Қазір клиенттеріміздің көпшілігі солай келіп жатыр. Әрине, өз кезегінде әлеуметтік желілерді де жүргіземіз, арнайы СММ маманымыз бар.

Бізге келген клиент қандай жерге, жобамен қандай үлгідегі, түстегі киім керек екенін айтады. Мен осыларды негізге ала отырып, бірнеше эскиз жасап, дайын дизайнды ұсынамын. Бұл – процестің ең шығармашылық тұсы. Адамның бойына, дене пішімі мен бітіміне, түр-түсіне, жасына қарап матаны, киімнің түсін, коллаборацияларды таңдаймыз, үстіне қойып көреміз, қараймыз. Одан соң, процесс барысында өзгерістер қажет деп тапсақ, өзгертеміз. Пішу, өлшеп көру кезінде детальдарды ауыстырып, үлгіні құбылтып жатамыз. Ұзақтығына келсек, қол жұмысы болса, күрделі конструкциямен, тастармен жұмыс жасасақ 20-25 күн, ұзату көйлектері бір ай, жай көйлектер 2-3 күннен 10 күнге дейін тігіледі.

Жаппай өндірісте, костюмдер мен киімдер массамен өндіріледі. Онда бір тігінші кеседі, екіншісі конструктор, үшіншісі жеңін, басқасы түймесін тігеді деген секілді. Ал бізде бір тігінші бір киімді басынан алады, соңына дейін өзі аяқтап, үтіктеп, клиентке тапсырады. Осы процесс барысында клиент өлшем алынғаннан кейін жартылай дайын киімді өлшеп, қарау үшін бір-ақ рет келеді. Тапсырыс берушіні қайта-қайта шақырып, әрі-бері әурелеу деген жоқ. Себебі бүгінгі заманда ең құнды нәрсе – уақыт. Яғни кәсібилер уақытқа тиімді жұмыс істеуі керек. Бұл біздің басты қағидамыз.

Болашақта күнделікті киімдер тігетін масс-маркет жоба жасау ойымда бар. Бірақ өкінішке қарай, жақсы тігіншілер аз. Санды арттырайын десең, сапаны ұстап тұратын маман тапшы. Бізден той салондары да тапсырыс беріп, көйлектер алады. Оны да өз қолыма алып, кірісейін десем, тағы маман жетіспейді, үлгермейміз.

Ұзату көйлектері мен сәукеле трендте

Біздің салада талғам өте маңызды екені белгілі. Маман ретінде талғам қалыптастыру үшін немесе деградацияға ұшырамас үшін нарықты бақылауда ұстап, айналаны үнемі шолып отыру маңызды. Мен отандық брендтер мен сән үйлерін қызығушылықпен қараймын деп айта алмас едім. Алайда шетелдік брендтерді тұрақты түрде қарап, зерделеп отырамын. Бүгінде люкс сегменттегі әлемдік брендтердің негізгі бағыты күнделікті киімдерге арналады. Ал біз кешкі киімдер мен сахналық киімдер тігетін болған соң, сән журналдарын, порталдарын қарап отыру да артық етпейді. Кейде көзге ұшырасқан кез келген үйлесімді бейне шабыт беруі әбден мүмкін. Мәселен, жолда келе жатып ашық аспан мен ақ бұлтты көргенде, сол миымызда жатталып қалған бейненің өзі аса әсерлі болуы ғажап емес. Ол ойыңа сөреде тұрған бір мата мен екінші матаның үйлесімін әкеледі, көз алдыңда сұлба пайда бола бастайды. Кейде киім тігетін материалдардың өзі бір үлгіге сұранып тұрады. Осылайша, шеберлік пен шабытты ұштастырып отырамыз.

Былтыр қарашада Италиядабір ай оқып қайттым. Міне, ондағы талғам мен индустрия тіпті бөлек. Өндіріс те, басқа салалар да бізден қарағанда әлдеқайда дамып кеткен. Әсіресе архитектура мен жеңіл өнеркәсіп қарыштап тұр. Бір байқағаным, Италияда сәнді аса мұқияттылықпен сақтайды. Оған мәдениеттің көрінісі ретінде баса мән береді. Сән үлгілерін, киімдерді әр ғасырлар мен кезеңдерге бөліп, көрме жасап қойған. Мысалы, көне бас киімдер мен шляпалар үлкен бір ғимаратта өз алдына бөлек жинақталған. Аяқ киімдеріне дейін солай. Өздерінің киімдеріне, ол индустрияға культпен қарайды, тіпті сатпайды да.

Қазіргі таңда бізде де белгілі бір деңгейде өз құндылықтарымызға құндылық ретінде қарау үрдісі қалыптасып келеді. Бір ғана айқын мысал, ұзатудағы көйлектер. Бұрындары үйлену той мен ақ көйлекке баса назар аударылатын, ұзату көйлек трендте емес еді. Ал қазір ұлттық нақыштағы көйлектерге сұраныс көп. Сәукеле мен үкілі тақияға мәдени деңгейде мән беріле бастады. Бұл тенденция 2017-2018 жылдары келді. Бүгінде еліміз бойынша арулар ұлттық нақыштағы ұзату көйлегіне, әсіресе сәукелеге, оның биіктігіне маңыз беріп қарайды. Бәрі соған бет бұрды. Мұндай тапсырыстарды қошқар мүйізбен тігеміз, таза өзіміздің оюларды қолданамыз деп айта алмаймын. Сән үлгісін осы заманға бейімдеп, еуропалық элементтерді қосып жасаймыз, гүлдерді, гүлді өрнектерді араластырамыз. Тұтынушылар сұранысы да солай.

Ескі көзқарастар

Әйел заты – ошақтың ұйытқысы. Бала тәрбиесі өз алдына бөлек нәрсе. Осындай зор жауапкершілікпен қоса табысты жұмыс істеп жүрген, қоғамды дамытуға үлес қосып жатқан азаматшаларымыз өте көп. Сондықтан «әйел тапқан ақшаның берекесі болмайды», «байтал шауып бәйге алмас» деген сынды ескі көзқарастардың қазір мәні жоқ. Оны қоғам да, әлем де мойындады. Жеке өзім ешқашан отбасы мен жұмысты қатар алып жүруге қиналған емеспін. 4 баланың анасымын, 1 жасқа дейін жандарында болып, ары қарай жұмыспен жүгіріп кетемін. Бүгінде қазақ әйелдерінің көпшілігі бәріне үлгеріп жүргені қуантады.

Жазып алған Баян Мұратбекқызы