Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:52

Бангладеште әскери ұшақ колледж ғимаратына құлап, 19 адам қаза тапты

Бангладеш ұшақ апаты
Фото: AFP

Бангладеш астанасы Дакка маңындағы Milestone колледжінде қайғылы оқиға орын алды. Жергілікті уақыт бойынша түскі сағат 13:00 шамасында F-7 маркалы әскери оқу-жаттығу ұшағы оқу орнының ғимаратына құлап, кемінде 19 адамның өмірін қиды, 164 адам түрлі жарақат алды.

 Бұл туралы BBC хабарлады.

Бангладеш Қарулы күштерінің мәліметінше, апат ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай техникалық ақау салдарынан орын алған. Пилот апат кезінде қаза тапты.

Зардап шеккендердің арасында 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар бар. Барлығы жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілген. Куәгерлердің айтуынша, ұшақтың құлаған сәтінде қатты дүмпу мен жарылыс дауысы естіліп, ғимараттың бір бөлігі қирап қалған.

Колледж оқытушысы Резаул Ислам BBC тілшілеріне берген сұхбатында:

"Мен ұшақтың тура ғимаратқа соғылғанын өз көзіммен көрдім. Бұл өте қорқынышты көрініс болды. Балалар айқайлап, жүгіріп жатты", – деді.

Бангладештің уақытша үкімет басшысы Мұхаммед Юнус бұл қайғылы оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасап, жауапты органдарға жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.

"Мен жараланғандарға тезірек сауығып кетуді тілеймін. Барлық аурухана мен құтқару қызметтеріне апат салдарын жоюға барынша жауапкершілікпен қарауды тапсырдым", – деді Мұхаммед Юнус.

Оқиғаға қатысты тергеу басталды. Жергілікті билік апаттың нақты себептерін анықтап, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған шараларды қарастырып жатыр.