Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:04, 28 Қыркүйек 2021

Банк – биліктің өз баласы, ал халық – өгей...

None
None

Елімізде ұзақ уақыт қордаланып, шешілмеген мәселелер соңғы жылдары «іріңді жараның пісіп жарылуындай», елді елең еткізер оқиғаларға айналып жатыр.

Соның бірі – Алматыда бес адамның өліміне жеткізген қанды оқиға оқиға. Жеті жылға созылған сот ісінің соңы бес отбасын қара жамылдырған қайғылы жағдайға ұласты. Осы орайда айта кетер жайт, елімізде жеке тұлғалардың банкроттығын заң жүзінде реттеу бірнеше жылдан бері көтеріліп, бірақ шешімін таппай келе жатқан мәселе болатын. Ал мәселесі жылдар бойына созылып, бірақ жылжымайтын мүлік мәселесін шеше алмай келе жатқандар өте көп. «Құс екеш құстың да өз ұясын қорғайтынын» ескерсек, кім-кімге де мәжбүрлі түрде жанұясымен қосып, көшеге шығарып тастау оңай тимесі анық.

Айналып келгенде, мұның барлығы жүйедегі қателік. Соның бір дәлелі – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Фазылбек Әбсаттарұлы он екі жыл бұрын құрылыс компаниясынан 25 мың долларға бір бөлмелі пәтер сатып алады. Кейін жүйедегі жемқорлық па, жоқ әлде тиісті құзырлы орындар тарапынан қадағалаудың жоқтығы ма, пәтерінің қалалық әкімдіктің тұрғын үй қорына өтіп, екінші қайтара сатылғанын біледі. Жеме-жемге келгенде үй де, ақша да жоқ. Амалы таусылған Фазылбек әлеуметтік желідегі парақшасына төмендегідей жазба қалдырады:

«Түсініксіз жолдармен пәтерім Астана әкімдігінің балансына өтіп кетіпті. Нәтижесінде ақша да, пәтер де жоқ. Әкімдік болған соң, соттардан жеңіле бастадым. Прокуратурасы бар, қалалық басқармалары бар – барлық мемлекеттік машина маған қарсы жұмыс істеді. Сау адамды жынды қылатын жағдайлар болып жатты. Психологиялық жарылыстың шыңын көрдім. Соңғы тиыныма дейін сатып алғандықтан, пәтер жалдап тұруға да шамам жоқ еді. Отбасымды қалай далада қалдырамын? Бала-шағамның аш-жалаңаш қалуына қалай жол беруім керек? Шаңырағымды қалайша «мемлекетке» қиратып қоюға жол беремін? Шегінерге жер жоқ. Отбасымды, шаңырағымды қорғауға дайындалдым. Яғни қазір айтылып жатқан, отбасын далаға шығаруға келгендерді ату жоспары. Қару қайда сатылады, қалай сатып алуға болады, ютубтан оны қолдану тәсілдерін –  бәрін зерттедім. Жігіттерді жинап операциялар жасадық: жаңа пәтердің кіреберіс есігін және пәтердің есігін бұзып кіріп, орналасып алдық. Артынша полиция келіп, біраз әбігерге түсіп, «бұл сотпен шешілетін шаруа екен» деп олар кетті. Жүйенің құрбаны болып кетпейін, өліп кеткен соң, мені қанішер қылмыскер немесе террорист қылмасын деп, соңғы сөздерімді дайындап, әділетсіздіктің бәрін жаздым. Журналистер хабарсыз қалмасын деп, осы оқиға туралы мақалалар шығардым. Қысқасы, бәріне дайындалдым… Түсіне аласыздар ма: адамның ала жібін аттамай жүрген, Қазақстан үшін жанын пида етуге дайын патриот адамды аяқ астынан «террорист» етіп дайындады мына жүйе. Сосын, тиісті орындарға, соттарға, барлық жерге «заңды сатып алған пәтерімді қорғау үшін соғысуға дайын» екенімді ескертіп шықтым. «Сау адамнан террорист жасап жатқандарын» ескерттім. Әр адам өзінің жеке басына осы жағдайлардың түскенін күтпей, шара қолдану керек деп ойлаймын. Әйтпесе мұндай қанды оқиғалар көбейейін деп тұр. Себебі халықта қазір психологиялық «жарылыстар», аурулар көбейіп кетті. Психологияға өте үлкен салмақ түскеніне дәлелдер көп. Ал бұның арты үлкен жарылыстарға ұласып кетпесіне кім кепіл?! Біз көбіне физикалық денелердің өліміне қатты акцент береміз. Ал моральдық жағынан өлтіріп жатқандарға неге мән бермейміз? Адамды адам етіп тұрған тек тәні емес қой».

Расында да, халықтың ренішіне, халыққа жасалған психологиялық соққыға мән бермей, халықтың қаржылық жағдайын ескере бермейтін биліктің жеңұшынан жалғасқан банктердің басына күн туа қалған жағдайда көмекке ұмтылатынына қарап, банк – өз баласы, ал халық – өгей бала ма деген ой туындайды. Жүйедегі жемқорлық, заңсыздықтардың құрбанына айналған халықтың әділеттілікке жете алмайтын кезі көп. Өйткені сот мемлекеттік машинаға қарсы шықпайды. Сотта банктердің, әкімдіктердің жеңіліс таба бермейтінінің дәлелі де осы.

 Мәжіліс депутаты Андрей Линник: «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен қарыз алушының құқығын бұзбай, банктерге мүлікті төмен бағалауға жол бермеуді талап етеміз. Және кепілдегі мүлікті сатуда банктегі лауазымды тұлға мен сот орындаушыларының өзара келісуіне де жол бермеуді талап етеміз. Осындай жағдайлар қайталанбауы үшін дереу «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын дайындау қажет. Осыған дейін бірнеше рет «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын көтергенбіз, бірақ оны үкімет тоқтатып тастай береді», – деді.

Кезінде жер алып, жерін кепілге қойып, доллармен несие рәсімдеп, баспана тұрғызып, кейін доллар бағасы өсіп кеткен соң, несиесін төлей алмай қалғандар да, баспанасын кепілге қойып, кәсіпкерлікпен айналысу үшін несие алып, кәсібін дөңгелете алмай, несиесін төлей алмай отырғандар да баршылық. Тіпті билік халықтың қаржылық жағдайы мен тұрмысына аса көп бас ауырта қоймағандықтан, шешімін күткен мұндай мәселелер көбейіп барады. Демек, әлі де болса өзін құрбан етіп, мылтық кезеніп, басындағы жалғыз баспанасын қорғап қалғысы келетіндер де жетерлік. Онсыз да банктың қысымы мен коллекторлардың озбырлығынан шаршап, тұрмыс тауқыметін тартқандарды түрмемен қорқыту мүмкін емес секілді.

Әдетте елімізде адам өлімі орын алмай, күрмеуі қиын мәселелер шешілмейтіні әдетке айналғандықтан, кешегі оқиғадан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Алматы әкімдігі, банк омбудсмені, банктер және қоғамдық бірлестіктер арасындағы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің ипотекалық қарызы үшін жалғыз тұрғын үйін алып қою және жалғыз баспанасынан шығару шараларын тоқтата тұруды көздейтін өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Әзірге меморандумға Алматы қаласының әкімдігі ғана қол қойғанымен, шара кейін бүкіл республиканы қамтиды деп күтілуде.

Атап айта кетер жайт, жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңның жырланып келе жатқанына 10 жылдай уақыт болды. Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұлғаларға қатысты банкроттық туралы заңды 2015 жылы әзірлеуді тапсырды, ал 2018 жылдың қаңтарында және 2018 жылғы жолдауында шенеуніктерге оны жеделдетіп, 2018 жылдың соңына дейін қабылдау қажеттігін айтты. Бірақ, өкінішке қарай, заң әлі қабылданған жоқ. Сонымен қатар 2018 жылдың сәуір айынан бастап заң жобасы «Банкроттық туралы» заңнан «Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» заңға өзгертілді. Қазір бұл шара 2023 жылға дейін кейінге қалдырылып тұр.

Берешек көлемі қомақты болса да, мемлекет заңды қабылдауға асығар емес. Ал қоғамдағы қордаланған мәселелер күн өткен сайын ушығып барады. Бүгінгі күні халықтың жалпы берешек сомасы барлық тұтынушылық кредиттерді қоса есептегенде, 4 трлн теңгеден асады екен. Осы орайда айта кетсек, былтыр мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында «карантин кезінде 4 млн 200 мың адам жұмыссыз қалғанын, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнеске берілген микрокредит көлемі 850 пайызға артқанын, мерзімі өткен берешек 283 пайызға ұлғайғанын және жеке тұлғалардың микронесиесі 145 пайызға, ал мерзімі өткен берешегі 332 пайызға өскенін жеткізді». Демек, несие алушылар мен төленбеген несие көлемі артып бара жатыр. Бір анығы, біздегі барлық кредиттік жүйе банктің мүддесін қорғауға бағытталған. Халық та жетіскеннен несие алмайтыны анық. Негізі, барлық дамыған елдерде «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң бар. Ол заңдар барынша, азаматтардың құқықтарын қорғайды және тек пайда табуға бағытталған банктердің мүдделерін шектеуге мүмкіндік береді. Ендеше, халықтың  жағдайымен санасуда мемлекеттің әрекетсіздігін қалай түсінеміз?!

Айтпақшы, жақында қазақстандық екі банкке айыппұл салынды.Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі  Халық банкі мен Сбербанкке қарыздар бойынша сыйақы мөлшері туралы ақпаратты жариялаған кезде сыйақы мөлшерлемесін дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептеп көрсетпегені үшін әкімшілік жаза қолданылған. Салынған айыппұл 145 850 теңге көлемінде. Ал «сыйақы мөлшерлемесін дәйекті көрсетпеу» онсыз да қаржылық сауаты төмен халықтың қалтасын қағуы мүмкін екенін ескерсек, айыппұлдың мардымсыз екенін байқаймыз. Құзырлы орындар да банкті жазалауға келгенде жұмсақ әйтеуір...

Тегтер: