Банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты

Белгілі банкир әрі кәсіпкер Жомарт Ертаев амнистияға ілігіп, еркіндікке шықты. Ол бес жыл бұрын Bank RBK-тен 144 миллиард теңге жымқырды деген айыппен сотталған болатын. Бұл іс бойынша бұрынғы акционер Qazaq Banki-дің иесі Бахыт Ибрагим де жазаланған еді. Ол жазасын өтеп шыққаннан кейін көп ұзамай өз-өзіне қол жұмсады.
2020 жылы Ертаев 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін оның мерзімі тоғыз жылға қысқарған. Дегенмен банкир амнистия арқылы мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, қазір ол пробация қызметінің есебінде тұр.
Ертаев "Альфа-Банк", "Семейбанк", "ИртышБизнесБанк" сияқты мекемелерде жетекшілік қызмет атқарған. 2000 жылдары "Сеймар" холдингін, кейін "Альянс Банкті" басқарды. Украинадағы "БТА Банкті" және Қазақстандағы "Еуразиялық банкте де" басшылық қызмет атқарды.
2009 жылы ол алғаш рет тергеуге алынды. "Альянс Банктен" бір миллиард доллардан астам қаржы шығарылды деген іс бойынша Ертаев тоғыз ай қамауда отырды. Кейін шартты жазаға кесілді.
Кейін біраз уақыт жеке кәсіппен айналысып, "Алма-ТВ"-ны басқарды, "Алма Групптың" президенті болды. Бірақ 2017 жылы Ресейдегі банктердің директорлар кеңесіне кіріп, қайтадан банк ісіне оралды.
2018 жылы Қазақстанның сұрауы бойынша Мәскеуде ұсталды. Тергеу дерегінше, ол Bank RBK-тен 80 млн долларды жалған фирмалар арқылы заңсыз несие түрінде алған. Ол айыптауды "саяси қысым" деп атады. Алайда босатылғаннан кейін қайта қамауға алынып, босқын мәртебесінен айырылды.
2020 жылы өткен сот процесінде Ертаев ұйымдасқан топ құрып, алаяқтық жасады деп танылды.
Бұл іс бойынша 40 адам жазаланды. Тергеу материалдары 700 томнан, айыптау актісі 3600 бетінен тұрды. Іс барысында үш адам тергеу кезінде, тағы бірі сот тыңдалымы кезінде қаза тапты. Олардың барлығы банкте басшылық қызмет атқарған. Бұл өлімдер жұмбақ күйінде қалды.
Бұл істе экс-әкім Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы, кәсіпкер Бахыт Ибрагим де айыпталған еді. Ол сегіз жылға сотталған. Бірақ 2023 жылы бостандыққа шыққаннан кейін жаңа қылмыстық іске байланысты өзін қамауға алу қаупінен соң, өз-өзіне қол жұмсады.