Банкке жүгіруді тыймай байымаймыз...
Қазір әлемдік нарықты құбылмалы көңіл-күй орнап тұр. Апта басынан бері Ресейдің ұлттық валютасы қатты құнсызданып жатыр.
Қазақстан қор нарығында да Ресейдің рублдің бағамы 4 теңгеге дейін түсіп кетті. Рубль құнсызданса теңгенің соңынан еретіні қалыпты жағдай. Бірақатар сарапшылар теңге құнсызданып, доллар қатты қымбаттайды деген болжамдар айтып жатыр. Ал мұндай жағдайда қолда бар қаражатты қандай валютада ұстаған жөн? Қаржы жинақтағанға қандай елдің валютасы ыңғайлы. Осы орайда біз қаржыгер Дәурен Арынға сауалдарымызды қойдық.
— Дәурен мырза, ресейлік қаржыгерлер Ресейде бір доллар 200 рублге қымбаттайды деп болжам жасады. Қарапайым арифметика бойынша бұл Қазақстанда 1 доллар бағасы 1000 теңге (5 х 200) тұрады дегенді білдіруі мүмкін. Мұндай жағдай болуы мүмкін бе?
- Бірден айтайын, Қазақстанда бір доллардың құны 1000 теңгеге жететіндей алғышарттарды көріп отырған жоқпын. Себебі Ұлттық банк базалық ставканы өсіргелі бері, елдегі доллардың бағамы да тұрақталып, инфлияцияның деңгейі де қалыпқа түсті. Алдағы уақытта үкімет пен Ұлттық банк базалық ставканы осы қалыпта ұстап, экономкаға дем беру шараларын одан әрі арттыратын болса тұрақты болады деп айтуға негіз бар.
- Астанада РФ валютасының сауда бағасы кейбір айырбастау бекеттерінде 5,1 теңгеге дейін құлады. Соңғы бесжылдықта көршінің валютасы тек 2022 жылғы наурызда ғана бұдан арзан тұрған еді. Рубльдің құлдырауы теңгені бәрібір ізінен ертеді ғой...
- Қазір Ұлттық банк рубльді құлатпауға өзі мүдделі болуы керек. Естеріңізде бар шығар, 2015 жылғы ақпанда рубль құны 2,72 теңгеге дейін құлаған болатын. Сол тұста Ресейге жақын тұратын қазақстандықтар жаппай Ресейге шұбырып, көрші елден көліктен бастап, тұмыстың техникаға дейін тасыды. Соңында біздің нарықта Ресейдің арзан импорты қаптап, отандық тауарлар өтпей қалды. Осыдан кейін билік амалсыз, сол жылы қайтадан рубль құнын 4,3 теңгеге дейін жоғарылатты. Билік отандық бизнесті, шағын және орта бизнестің қадамына тұсау салмауы үшін осыындай қадамдар жасайды. Сондықтан рубльдің құнсызданып жатқанына қатысты Ұлттық банктің де, үкіметтің де өз жоспары бар.
— Ал мұндай жағдайда халық қолында бар қаражатты қалай ұқсатуы керек?!
— Әрине, Ресейдің рублімен қор жинау қазір тиімсіз. Қаржы нарығында рубль аса беделді емес. Бұдан бөлек доллар қымбаттайды деп даурығып теңгедей тұрған депозиттерді долларға айырбастап, «ажиотаж» жасап доллар сатып алуға жүгіру де дұрыс емес. Қазір теңгелік депозиттердің сыйақылары көтерілген. Айына 14,5 пайыздық сыйақы беретін банктер де бар. Сондықтан қаражат жинағанда мұны ескеру керек. Жалпы, муливалюталық қоржын деген ұғымды ұстану керек. Жинаған қаражаттың 50 пайызын теңгемен, қалған 25 пайызын 25 пайызын еуромен жинақтаған тиімді. Өз басым, осы бағытты ұстанамын. Әлдеқандай жағдай болып ақшаны қажет етсем, тең теңгедегі депозитті шешіп аламын. Ал доллар мен еуродағы депозиттерге соқтықпаймын.
- Сіз қаржылық басқару, қаржылық сауат жөнінде жиі айтасыз? Қазір соңғы үш жылмен салыстырғанда қарапайым халықтың қаржылық сауаты артты ма?!
— Қазір жастардың арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға ден қоюшылар артып келеді. Бірақ халықтың арасында қаражат керек болса, банкке қарай жүгіру әлі әдет. Банктен несие алса, тегін алғандай көріп ал оны өтейтін кезде басын тауға да тасқа да соғып жүргендерге талай кеңес бердім. Біреулер той жасау үшін несие алса, енді бірі емделу үшін немесе көлік алу үшін несие алады. Мен керісінше, ол көлікті сатып қор нарығында акция алуды, оны сәтті кезеңін тауып қайта сатуды үйренсеңіз деймін. Айлық табысы 200 мың теңге бола тұра көлік алатындар бар. Ол көлікке құятын жанар-жағармайы бар. Ол бұзылса жөндейтін сайманы бар. Осы жағын ескермейтіндер көп. Мысалы, өткенде бір таксиде келе жатырмын. Күнкөрісі таксистік қызмет екен. Күніне 20 мың теңге тауып отыруды жоспарлап қойған. Бірақ айына 500 мың теңге таптым дегеннің өзінде сол қаражаттың 40 пайызын көлігін жөндеуге жұмсайды екен. Көлікпен күнделікті қалада такси болатындықтан ол көліктің бұзылуы да жылдам. Мен әлгі жігітке брокер болуды, қор нарығына кіруді айттым. Ойланып қалды. Сол тәрізді банкке несие алуға барғанда да адам әбден ойлануы керек. Төлем қабілетін әбден зерттеу қажет. Одан кейін барып қана банкке жүгіру қажет. Қазір елу мың теңгені банктен алатындардың қатары көбейді. Бұл елдің қаржылық сауаты әлі көтерілмегенін нақтылайды. Тағы бір мысал, таяуда алдыма ЭКО жасату үшін несие алған әйел келді. Өзі табиғи жолмен нәресте сүйе алмағандықтан банктен несие алып ЭКО-ға жүгінген. Барлыға сәтті болып өмірге егіз ұл баланы әкеледі. Бірақ бұрын жұмыс істегенде әйелінің табысы болғандықтан отбасына салмақ түсе қоймаған. Одан кейін әйелі бала күтіміне байланысты демалысқа шығады. Салмақ тек отағасына түсіп, несие төленбеген. Қаражаттан тапшылық туындаған. Әйелдің біздің орталыққа келгендегі себебі несиеге үлкен көлемді қосылған үстемақыны төмендету. Көмектестік, несиесін сәл-пәл арзандатып жүгін жеңілдеттік. Бірақ сол арада мен әлгі әйелдің ЭКО-ны үкіметтен берілетін квота бойынша тегін жасатуға құжат жинауға ерініп, бірден банкке беттегенінің куәсі болдым. Мұндай бағдарламаларды мемлекеттік жобалар арқылы жасатудың тиімділі жайлы ол әйел ештеңе білмейді екен. Бізде банкке қарай жүгіру қалыптасқан әдет болып қалған тәрізді. Сүндет той, тілашар, шілдехана дейсіз бе, банктен несие алып жасай береміз. Қит етсе, банкке барғышпыз. Банкке жүгіруді тыймай біз байымаймыз. Халыққа осыны ұғынатын кез жетті. Банктер барыңды сыпырып алады. Алған несиені міндетті түрде өтеу керек. Сондықтан барынша табысты жоспарлап, тапқан табыстың 10 пайызын жинап үйрену керек. Қаражат жинауда ең қарапайым әрі ұтымды әдіс осы. Қор нарығын зерттеп үйрену қажет. Бізде қарапайым халықты қор нарығына қатысты сауат төмен. Осыған байланысты қаншама курстар, сабақтар бар. Ақырындап осы саланы зерттей білгеннің еш зияны болмайды. Несие несібе емес осыны ұғынған жөн.