Банкрот болдым дегенше...
Үкімет халықты қарыздан құтқарамыз деп биыл «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылдаған.
Аталмыш заң наурыз айынан бастап күшіне енді. Банкроттыққа өтініш тапсырған азаматтардың тізімі де жарияланды. Бүгінде өзін-өзі банкрот деп тануға 51 513 адам өтініш берген, оның тек 5 706-ы қанағаттандырылып, 39 003 өтініш кері қайтарылған. Тізімнің әлі де толығары даусыз.
Бірінші несие бюросының мәліметінше, қазақстандықтардың банктер мен қаржы ұйымдарының алдындағы қарызы 21 трлн теңгені құраған. Елде экономикалық белсенді адамдардың саны 9,23 млн десек, соның ішінде 7,5 млн адамның мойнында несие бар. Бұл дегеніңіз – Қазақстан халқының екіден бірі банкке қарыз деген сөз. Деректерге жүгінсек, қазірде несие алған қазақстандықтардың төрттен бірі – шамамен 1,5 миллион адам – қарызын уақытылы төлей алмаған. Мәселе, осылай күрделеніп бара жатқан соң үкімет жеке тұлғаларды банкроттауды жөн деп тапты. Әйтсе де осы банкрот болудың шынымен елге пайдасы бар ма?
Заң бойынша банкроттық үш рәсім бойынша жүреді. Соттан тыс, сот арқылы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Қарапайым халыққа керегі осы соттан тыс рәсім. Егер қарыз көлемі 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аз болса, соттан тыс рәсіммен өтініш тапсыра аласыз. Бұл рәсімді орындау үшін борышкердің атына тіркелген мүлкі болмауы керек (оған ортақ меншіктегі мүлік те кіреді); Кейінгі 12 ай ішінде кредитор немесе коллекторлар алдындағы борышы бойынша бірде-бір рет төлем жасамауы керек. Төлем мерзімі өткеннен кейін кемі 18 ай ішінде қарыз шарты бойынша берешекті реттеуге, не өндіріп алуға талпыныс жасауы қажет (мысалы, борышкер банкке несиенің пайызын өсірмеуді немесе мерзімін шегеруді сұрап өтініш жазуы керек. Осы құжат арқылы адам қарызға батпауға барынша тырысқанын, қандай да бір амалдар жасап, қарызын өтеуге ниеттенгенін білдіреді); Бұдан кейін сот арқылы банкрот деп танылу рәсімі. Бұл рәсімде өзін банкрот деп танығысы келген адамның қарызы 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) асқан болса немесе одан да көп болса сотқа жүгінуіне тура келеді. Сот арқылы банкрот болу кезінде борышкердің мүлкі саудаға салынады. Борышкердің жалғыз үйі кепілде тұрса ғана сатылады. Кепілге қойылмаған болса, ешкім тартып ала алмайды. Төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі бойынша тұрақты кірісі бар азаматтар төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдана алады. Ол сот арқылы қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік алады. Бұл рәсімді қолданған азамат банкрот деп танылмайды.
Міне, жеке тұлғаны банкроттау және төлем қабілетін қалпына келтіру осы үш рәсім арқылы жүзеге асады. Банкрот болған тұлға 5 жыл бойы несие немесе займдар ала алмайды, сауда орындары оларға тұрмыстық техниканы да несиеге немесе бөліп төлеуге бермеуге құқы бар. Бұдан бөлек 7 жыл бойы қайта банкрот бола алмайды, 3 жыл бойы қаржы мониторингі жүргізіліп бақылауда болады. Сол үш жыл аралығында банкрот болған адам кенеттен байып, пәтер, көлік, тағы басқа дүниелер ала бастаса мемлекеттік орган сұрақтар қойып, тергеуі де мүмкін.
Қаржыгер Марал Төртенова бұл мәселеге қатысты былай дейді:
«Өз басым, банкроттық туралы заңның қарапайым халыққа аса пайдасы бар деп ойламаймын. Банкрот болу үшін адамның жеке басында үйі, қымбат көлігі болмауы керек. Банкрот деп танылғаннан кейін де үш жыл бойы ешқандай пәтер, қымбат дүние алмауы тиіс деген пунктті мүлде құптамаймын. Сонда халық жақсы өмірге лайықты болмағаны ғой».
Рас-ау, бір банкрот болудың жолында қарапайым қараша қайыршы болуы керек пе?! Ортаңқол өмір сүріп, орташа жалақы табатын азаматтарға елдегі банктер 5,5 млн теңгеден асырып, несиені онсыз да бермейді. Жалақысы 200 мың теңге болса 2 млн теңгенің көлемінде үш жылға несие берілуі мүмкін. Оны жатпай-тұрмай еңбек етіп төлеп жүргендер де бар. Бірінші кредит бюросының мәліметінше, несие алушылардың арасында қарызының орташа көлемі – 170 мың теңгені құрайтындар да бар. Марал Төртенова мұны «бұл дабыл қағатын жағдай» деп бағалайды.
«Халықтың азын-аулақ қаржаттың өзін несиеге алуы қатты назар аударатын жайт. Қарапайым жұрт дүние-мүлкін, тұрмыстық техникаларын бөліп төлеуге немесе несиеге алады. Несие елдің күнделікті тұрмыс-тіршілігіне еніп кетті. Бірақ үкімет сауатты шешімдер қабылдай алмай отыр. Күні ертең банкрот болған адам бес жыл бойы несие ала алмайды. Банкроттыққа өтініш бергендердің арасында 100 млн, 282 млн теңге несие алғандардың бар екенін де ұмытпауымыз керек. Сот шешімінен кейін олар банкрот болып, артынша бес жыл бойы несие ала алмаса, банктер ірі клиенттерін жоғалтады. Несиенің пайызы арқылы күн көріп отырғандықтан, банктердің де жұмысы тоқырайды. Бұдан қаржы саласында дағдарыс болуы да ықтимал. Болашақта осы мәселені де ескеру қажет», – дейді ол.
Біз банкроттыққа өтініш бергендердің тізіміне көз жүгіртіп көрдік. Расымен де бұл тізімде 100 миллиондап борышқа кіріп, оны кешіруді өтінгендер бар екен. Мысалы, тізімнің ішінде Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны Жанбеков С. есімді азамат «Еуразиялық» банкке 282 млн 784 мың 016 теңге (!) қарыз. Қарағанды облысы Абай ауданының тұрғыны Жүнісбекова А. деген азаматтың «Home Credit Bank» АҚ мен «Kaspi Bank» АҚ-на жалпы сомасы 208 млн 142 мың 161 теңге қарыз екенін көруге болады.
Мұндай көлемді қарызды банкроттай салу банктерге де тиімсіз. Себебі борышкер банкрот деп танылған жағдайда оның қарызын үкімет қаражат ретінде банктерге қайтармайды. Борыш жай ғана есептен шығарылып тасталады. Кейінірек банктер бұл шығынын қайтару үшін несие пайызын көтеріп жіберуі мүмкін.
«Ең қиыны, көпшілік несие аларда заңдық тұрғыда келісімшартты оқымайды. Келесімшартқа отырарда өзіне қажеттіні талап етпейді. Төлем қабілеті жетпей жатқан болса каникул сұрауға құқы барын да білмейді. Содан барып, несиенің өсімі өсіп, ел одан әрі қарызға батады», – дейді Марал Төртенова.
Ойлап қарасақ, біз 2010 жылдан бері «экономиканы дамытамыз, Қазақстандағы банктерді бәсекеге қабілетті етеміз» деп қаржы секторын дамытудың заманауи үрдістері бойынша жұмыс істеп келеміз. Алайда бұдан дамып кеткен банктерді көрмедік. Белгілі бір өндіріс орындарымен байланыс орнатып, сол өндірістің жұмысын жандандыруға, инновацияны жетілдіруге қаражат бөлген банктер де жоқтың қасы. Елдегі банктердің дені шетелден 2 пайызбен несие әкеліп, оны халыққа 28 пайыз үстемақымен несиеге берді. Ақшаға әбден құныққан сол банктер 2005 жылдары, тіпті ірі қалаларда аялдамалардан өз филиалдарын ашып алып та елді несиеге батырды.
Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков мәселенің түп-тамыры сол 2000-шы жылдардан бастау алғанын айтады.
«Үкімет, Ұлттық банк, қаржы мониторинг агенттіктері сонау 2000-шы жылдан бастап «банктердің несиеге қоятын пайыздық үстемақысы неге өте жоғары» деген сауалға бас ауыртуы керек еді. Өкінішке қарай, аталмыш ведомстволар мұны зерттеген жоқ. Банктер жоғары пайызбен несие беріп, халықты сүлікше сорды. Қаржылық жағдайы қиындай бастаса үкімет банктерді қолдап тұрды. Ал халықты қолдау болмады. Үкіметтегі, Ұлттық банктегілер халық болмаса банк саласы да болмайтынын әлі ұққан жоқ. Банкрот болған адамға бес жыл бойы несие алуға рұқсат берілмейді. Біздегі банктердің барлығы халыққа несие беріп, оны үстемелеп төлету арқылы күнін көріп отыр. Бұл – шындық. Халық несие алмаса, банктің жұмысы қайдан жүреді? Расымен де банкрот болудың арты қаржылық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі әбден мүмкін» дейді экономист-ғалым.
Маманның ойынша, ақша-несие саясатының сауатсыздығы елдің қаржылық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін жауапты ведомстволар әлі түсінбей отыр. «Олардың білері, қандай да бір жағдай бола қалса халыққа немесе әлемдік ахуалға жауапкершілікті арта салады. Айтатын уәждері – әлемдік экономикада осындай құбылыс болып жатыр дегенге саяды. Мәселенің түп-тамырын зерттеу, саралау, халықтың мүддесіне жұмыс істеу жоқ. Егер олар нақ осы банкроттықтың тамырын зерттеп, әбден саралағанда мұның халыққа да, қаржылық секторға да пайдасы аз екенін бағамдар еді», – дейді ғалым.
Иә, банкрот болу халыққа пайдасы аз сценарий. Керісінше, қазір үкімет пен Ұлттық банк елдегі жекеменшік банктерге аудиттік тексеру жүргізіп, ондағы былықтардың бетін ашуға әрекет жасауы керек. Жеке тұлғаларды банкроттаудан гөрі сан мыңдаған миллиардтарды шетелге шығарып жіберген жекеменшік банктерге қатысты заңдық талапты күшейту қажет. Банктердің былығынан қазір биліктің барабаны бос айналуда. Мысалы, атқарушы билік қандай да бір бағдарламаны ұсынып, оны орындауға екінші деңгейлі банктерге қаражат бөледі. Артынша, банктер қаражаттың таусылғанын айтып шағымдана бастайды. Осыдан бірер жыл бұрын Бас прокуратура шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында банктер арқылы бөлініп жатқан қаражаттың да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанын анықтады. Ол кезде 82 млн 110 мың теңге бірқатар кәсіпкерлерге ешқандай негізсіз бөлініп кеткен. Жыл басынан бері жеңілдетілген автонесие төңірегінде де үкімет банктерге қаражат берді. Бірақ бұл бастаманың да қызығын қарапайым халық көре қоймады. Халықты арзан баспанамен қамту, жалдамалы пәтерлер беру жағына келгенде де банктердің түрлі қитұрқы әрекеттері әшкере болып жатады. Міне, бұл барабанның бос айналуы емей не?! Сондықтан болашақта банктердің жұмысын бақылауға қатысты қатаң заң, мықты талап қоятын кезең әлдеқашан жетті.
Әйтеуір қазір банкрот болғысы келгендер жапа-тармағай өтініш беріп әлек. Осындайда Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесінің 99 элементі бар деп өрекпіп, есеп беретіндердің әрекеті еріксіз езуге күлкі ұялатады. Бір жағынан қыруар байлықтың үстінде отырып халықты қарызға батырып, банкрот қылуымыз ақылға сыймайды...