«Банкроттыққа» ілігу игілікке іліну емес

Банкке берешек болғандар бірнеше жылдан бері «Банкроттық туралы» заң жобасынан хабар күтіп жүр.
Елдегі проблемалық қарызы бар қазақстандықтардың 96 пайызы – кепілсіз несие алғандар. Демек банкке белшеден қарызға батқан қазақстандықтардың осыншамасы құжаттың игілігін көруден дәмелі.
Он жылдан бері заң жобасы сарапшылардың талқысына түсіп келеді. Себебі халықтың қарызын кешіруді көз жұма қабылдаудың соңы қоғамдағы масылдық көңіл күйді ушықтырып, ипотекалық несиелендірудің жаңа тетігін тоқырауға ұшыратуы мүмкіндігінің ескерілу керектігі де ауық-ауық айтылып жүр. Тіпті кейбір сарапшы мамандар жеке азаматтарға арналған банкроттықты кешіру туралы құжатқа «қарызын ай сайын аз-аздап төлеп жүрген борышкерлерге жеңілдік беру қажет» деген пікір айтады. Осы арқылы алаған қолы береген борышкерді ынталандырып, «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» тәсілі өзгелерді жігерлендіруге серпін беруі мүмкін.
Бұған дейін құдалық өткізу мен оқуға түсу үшін қаржы ұйымдарынан қарыз алатындарды былай қойғанда, көңілі қалайтын кез келген дүниені кредитке рәсімдеуді құп көретіндер көбейгені де көтерілді. Яғни қажет кезде қарыз алып, қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатындардың әрбір үшіншісі несиесін қайтармайды екен. Сол себепті қаржы ұйымдары қайтпайтын несиелердің қаржысын қарызын қайтарып жүрген азаматтардың қалтасынан алу үшін жоғары пайызбен жұмыс істейді. Сондықтан «банкроттың» соңы жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін бұған дейін экономист Мақсат Серәлі бірнеше рет айтқан болатын. Айтуынша, борышкерді бірден «банкрот» деп танымастан бұрын, эксперттік топ 3-6 ай ішінде қарыз алушының жағдайын бақылауға алу қажет.
Хош, сонымен несиесін төлей алмайтындарға қатысты заң жобасы дайын тұр. Жақында Қаржы министрлігі құжат туралы ақпаратпен бөлісіп, кейбір санаттағы азаматтар несие амнистиясынан дәмеленбей-ақ қойса болатынын құлаққағыс етті. Өйткені ұзақ талқылаудан өткен заң жобасы кейбір талаптары өзгертілген көрінеді. Сонымен борышкерлер қарыздың қамытын шешу үшін үш түрлі әдісті қолдануға болады. Біріншісі – соттан тыс, сотпен және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соның ішінде жаңа талаптың бірі – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасы кредиторларға жеңілдік беруді көздейді. Бұл бойынша борышкерлер қарыздарын кейінге қалдыруына немесе бөліп төлеуіне мүмкіндік алады. Әйтпесе «банкрот» деп танылғандар алдағы күні қарызға ақша алудан шеттетілетін бірнеше талап енгізіледі. Мәселен, сотпен және соттан тыс секілді алдыңғы екі ережемен қарызы кешірілген адамдарға 5 жылға дейін кредит берілмейді. Сондай-ақ үш жыл бойы жүріп тұруы шектеледі. Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржановтың сөзінен түсінгеніміз, соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталымен байланысты болады. Барлық азаматтардың сайт арқылы қарыз беруі негізінде мәлімет алынып, содан кейін ғана керекті мемлекеттік органдар сараптама жүргізеді. Оның қорытындысы дайындалған соң құжат Кірістер комитетіне жолданады. Соңғы шешімді Мемлекеттік кірістер комитеті алты ай ішінде қарайды.
Осы аралықта борышкердің жағдайы мұқият тексеріледі. Бұл не үшін қажет? Өйткені біздің елде қарапайым халық үшін қажетті құжат қабылдана қалса, айласын асырып, байлығын жасырып қалуға тырысатындар көбейеді. Сол себепті, керісінше, миллиондаған қарызы бар, бірақ қосымша жер телімі, пәтерін бауырларына сыйға беріп, не солардың атына тіркеп, «менде ешқандай мүлік жоқ, жалғыз баспанамен отырмын, мені банкрот деп таны» деп алаяқтық жасағандарға айыппұл салынып, жаза тағайындалуы мүмкін. Сондықтан борышкердің мүлкі болмауы керектігі қатаң ескертіледі. Мәселен, әлгінде айтқандай кіріс пен мүліктің бар-жоқтығы электронды үкімет порталы арқылы айқындалады. Мүліктің есебін жүргізетін барлық уәкілетті мемлекеттік орган деректер базасын біріктіріп, банктер есеп айырысу шоттары бойынша ақша қозғалысын жүзеге асырады. Соттан тыс банкроттыққа банк, микро қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Ал шын мәнінде кірісі жоқ, табысы 36 мың теңгеден аспайтын, мүлкі тіркелмеген борышкерлердің мәселесі сотсыз қаралады. Демек соттан тыс банкроттық рәсімін табысы күнкөріс деңгейіне жетпейтін адамдар ғана пайдалануға құқылы. Егер қарыз 5 млн-нан асса, сот арқылы рәсімдеуіне тура келеді.
– Ол үшін азамат сотқа арызданады. Бұл рәсім кезінде борышкердің мүлкі аукцион арқылы сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарызды өтеуге жұмсалады. Қазір мұндай рәсім заңды тұлғалар үшін көзделген. Біз осы механизмді жеке тұлғаларға да таратуды жөн көрдік», – дейді Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов. Осылай деген ол осы заң бойынша берешегі мүлде кешірілмейтіндер де барын жеткізді. Яғни алимент төлейтіндер және cот шешімімен келтірілген шығынды өтеуге міндеттелгендер құжаттың игілігін көремін деп алдын ала қуанбаса да болады.
Айта кету керек, банкроттықтан кейін де тексеріс жалғасады. Қалай дейсіз бе, заңның игілігін көргендердің қаржылық жағдайына үш жыл мониторинг жүргізіледі. Мұндай тәжірибе басқа Еуропа елдерінде де бар. Бұл әдейі жасалған банкроттық процедурасын тексеру үшін қолданылатын тәсіл. Былай айтқанда, банкроттықты иелену игілікті көру емес, бей-берекет қарыз алуды болдырмаудың амалы деп айтсақ әлдеқайда дұрыс естіледі. Сол үшін мерзімі 90 күннен асқан қарызы бар 1,5 миллионға жуық қазақстандық өтініш бермес бұрын қарыздың қарғыбауын шешудің оңай еместігін ой елегінен өткізуіне тура келетін секілді.